Теннис • 02 Сәуір, 2023

Финалда жеңілді

160 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Теннистен АҚШ-тың Майами қаласында ұйымдастырылған WTA 1000 турнирі өз мәресіне жетті. Кейінгі екі аптаның ішінде ең маңызды екі жарыстың финалдық кезеңінде бақ сынаған Қазақстанның бірінші, әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина, өкінішке қарай, Майамидегі додада жеңіс тұғырына көтеріле алмады. Бас жүлде үшін өткен бәсекеде жерлесіміз «Үлкен дулыға» турнирі – Уимблдонның екі дүркін жеңімпазы (2011, 2014) чехиялық Петра Квитовамен шеберлік байқасып, екі сетке жалғасқан матчта қарсыласына жол берді.

Финалда жеңілді

Жалпы, Елена Рыбакина үшін биылғы теннис маусымы өте сәтті өтіп жатыр деп айта аламыз. Отандасымыз кейінгі үш айда осымен үшінші мәрте халықаралық турнирлердің финалдық кезеңінде бақ сынады. Қаңтар айында «Үлкен дулыға» санатындағы ең маңызды төрт жарыстың алғашқысы – Аустралия ашық чемпионатының финалында ойнаса, наурыз айында Индиан-Уэллстегі «BNP Paribas Open» (WTA 1000) турнирінде топ жарды. Бір қызығы, Рыбакина «Жасыл құрлықтағы» турнирдің финалында Беларусь мақтанышы, әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенкоға есе жіберген болса, Индиан-Уэллстегі финалда дәл сол Аринадан есе қайтарған болатын. Енді, міне, Қазақстан теннис­шісі биылғы маусымдағы үшінші финалында өнер көрсетті.

Өкінішке қарай, отандасымызға АҚШ-та қатарынан екі турнирде жеңіс тұғырынан көрінген әлемдегі төрт теннисшінің қатарына қосылу бақыты бұйырмады. Атап айтар болсақ, бүгінге дейін Индиан-Уэллс пен Майамидегі турнирде германиялық Штеффи Граф (1994, 1996), бельгиялық Ким Клийс­терс (2005), Беларусь өкілі Вик­тория Азаренко (2016) және поль­шалық Ига Швёнтек (2022) топ жарған.

Майамидегі турнирде кіл мықты теннисшілерді жарыс жолынан ығыстырған Елена Рыбакина финалда әлемнің 12-ракеткасы, жоғарыда айтып өткеніміздей Уимблдонның екі дүркін жеңімпазы, 2019 жылғы Аустралия ашық біріншілігінің финалисі Петра Квитовадан айласын асыра алмады.

Уимблдон турнирінің екі жеңімпазы арасында өткен финалдық бәсекенің бірінші партиясы бір сағаттан аса уақытқа созылып, екі теннисші де жеңіс үшін аянып қалған жоқ. Допты ойынға қосу сәтінде қарсыластар аса сақ ойнап, қателік жасамауға тырысты. Тоғызыншы геймге келгенде бірінші болып Рыбакина қателік жасап, допты өзі ойынға қосқан геймде қарсыласына брейк жасауға мүмкіндік беріп қойды – 4:5. Бірақ келесі геймде Еленаның өзі де қайыра брейк жасап, таразы басын теңестіріп үлгерді – 5:5. Кейінгі екі геймде екі теннисші де сауатты ойынымен көзге түсіп, бір-бірін алға жіберген жоқ – 6:6. Сөйтіп, бірінші партияның жеңімпазы тай-брейкте анықталды. Бұл кезеңде психологиялық тұрғыда сенімді көрінген чехиялық теннисшінің бағы жанды – 7:6 (16:14).

Бірінші сетте қарсыласына жол беріп қойған соң отандасымыз екінші кезеңде еңсе тіктеп үлгере алмады. Бұл партияда алғашқы геймді өз пайдасына жазған Квитова екінші геймде брейк жасады. Кейін өзі допты ойынға қосқан үшінші геймде де қателескен жоқ – 3:0. Сөйтіп, сегізінші геймге келгенде Петра тағы бір брейк жасап, сетті де, матчты да өз пайдасына аяқтады – 6:2. Осылайша, 33 жастағы Квитова өзінің спорттық ғұмырындағы 30-шы жеңісіне қол жеткізді. Айта кетейік, қарсыластар осыған дейін екі мәрте кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді. Бұл жеңістен кейін Петра 2:1 есебімен алға шығып алды.

Елена Рыбакина Майами WTA 1000 турнирі барысында 70-ке жуық эйс жасап, теннис тарихында рекорд орнатты. Атап айтқанда, Рыбакина ресейлік Анна Калинскаямен ойында – 14, испаниялық Паула Бадосамен бәсекеде – 12, бельгиялық Элиза Мер­тенс және италиялық Мартина Тревизанмен өткен кездесуде 10-10-нан эйс жасаса, америкалық Джессика Пегуламен матчта – 11 және Петра Квитовамен финалда – 12, барлығы 69 эйске қол жеткізді.

Майами WTA 1000 турнирінде екінші орынға ие болған жерлесіміз 662,3 мың АҚШ доллары (301,2 миллио­н теңге) көлемінде сыйақыға ие болды. Ал WTA 1000 санатындағы оныншы турнирінде үздік шыққан Квитова 1,26 миллион доллармен (574,08 миллион теңге) бірге 1 000 рейтингтік ұпайға ие болды. Осы нәтижесінің арқасында ол бүгіннен бастап ТОП-10 теннисшінің қатарына қосылса, Рыбакина әлемдік рейтингтегі 7-орнын сақтап қалды.