Спорт • 03 Сәуір, 2023

Алты мемлекет Олимпиададан шеттетілуі мүмкін

198 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Украинадағы жағдайға байланысты Ресей мен Беларусь спортшылары көптеген байрақты бәсекеден шеттетілгені белгілі. Тіптен олар келесі жылы Парижде алауы тұтанатын Олимпия ойындарынан да тыс қалуы әбден мүмкін. Өйткені Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) аталған мемлекет өкілдерінен жарысқа бейтарап команда ретінде қатысып, ХОК-тың туы астында өнер көрсетуді талап етіп отыр.

Алты мемлекет Олимпиададан шеттетілуі мүмкін

Ресей мен Беларусь бұл та­лапқа көне ме, әлде жоқ па, ол жағы әзірге белгісіз. Көнсе, осы екі мем­лекеттің спортшылары жеңіс­ке жеткен жағдайда олардың әнұраны шырқалып, байрақтары көкте желбіремейді. Ол кезде біз тек ХОК-тың туын ғана көреміз. Бірқатар мемлекет бұл талапты орынды деп есептеп, толықтай қолдап отыр. Кейбіреулері, тіптен, ресейлік және беларуссиялық спортшыларды төртжылдықтың басты додасынан мүлде шеттетуді талап етуде. Осы күрделі мәселенің қалай шешілетінін алдағы уақытта білетін боламыз.

Иә, «Спорт – саясаттан тыс» дегенімізбен, саясаттың бұл са­лаға тікелей ықпалы барына жо­ғарыдағы жағдай айқын дәлел. Ресей мен Беларусьтен бөлек, атал­ған ұйым Ауғанстан, Иран, Гва­темала және Үндістанға да қатты шүйлігіп отыр. Оның да өзіндік себебі бар. Мәселен, ХОК ауған билігін әйелдер құқығын шектегені үшін айыптайды. 2021 жылға дейін олар спортпен еш алаңсыз айналысып келген еді. Бірақ «Талибан» қозғалысы қайта билікке келгеннен кейін қатаң шектеу қойылды. Егер бұл талап орындалмаса, нәзік жандылар ғана емес, олардың бапкерлері мен отбасы мүшелері де қуғын-сүргінге ұшырап, түрмеге тоғытылады.

Ирандағы жағдай да шамамен сондай. Иә, Парсы елінің қыз­дарына спортпен шұғылданып, түрлі жарысқа қатысуға рұқсат берілгені рас. Бірақ шектеу көп. Атап айтсақ, әйелдер бәсекеге тек хиджабпен шығулары керек. Жарыс кезінде де, одан кейін де оны шешуге болмайды. Футбол матчтарын көру үшін бұрымдылар стадионға келсе, таяққа жығылып, зорлық-зомбылыққа ұшырайды. Ол аз десеңіздер, балуандарға Израильдің өкілдерімен күш сынасуға әсте болмайды. Егер жа­рыс жолында қос мемлекет өкіл­дерінің жолдары қиысса, иран­дықтар күреспей-ақ жеңісті қарсыласына бере салады. Әрине, бұл – нағыз абсурд! Сонымен қатар Ирандағы дүмпу кезінде бірнеше танымал спортшы нақақтан нақақ темір торға қамалса, кейбіреуі өлім жазасына кесілді. Осындай оқиғалардың салдарынан Парсы елінің азаматтары отанынан қашып, жат мемлекеттерден пана тапты. Қазіргі кезде кейбір спортшылар басқа елдердің туы астында табысты өнер көрсетіп жатыр.

ХОК Гватемаланы «Ұлттық Олимпиада комитетінің (ҰОК) төр­ағасын сайлау барысында «бармақ басты, көз қысты» әре­кет орын алды» деп айыптап отыр. Осыдан бір­аз уақыт бұрын Хе­рардо Рене Агир­ре Остманн атал­ған ұйымның басшысы болып сай­ланған еді. Алайда оның басты бәсекелесі, кезіндегі танымал фут­болшы Хорхе Александр Родас бұл шешіммен ке­ліспей, құзыр­лы органдарға шағым айтты. Ар­битраждық сот Родастың сайлауда жеңіске жеткенін жария етті. Бірақ Остманның жылы орнын босатқысы жоқ. Осы екі ше­неу­ніктің текетіресінің кесірінен Гва­­те­мала спорты зардап шегіп отыр. Бұл күндері олар жарыстарға ту­­сыз шы­ғып жүр. Егер алдағы уа­қыт­­та осы мәселе оң шешілмесе, он­­да жаза бұ­дан да қатаң болатыны анық.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, былтыр Үндістанда жаңа спорт кодексі қа­былданды. Бұл құжат ХОК-тың хартиясына сай болмады. Со­нымен қатар жергілікті спорт­шылар мен осы салаға демеу­шілік көрсетіп жүрген ірі компа­ниялардың да көңілінен шықпады. Содан дау-дамай туындады. Ал­ғашында оған үнділер аса мән бер­меді. Дереу іске кіріскен ХОК бірқатар санкция енгізді. Сол кезде ғана сең қозғала бастады. Қа­зір аздаған ілгерілеу бар. Оның үстіне, биыл ХОК-тың кезек­ті кон­гресі Мумбайда өтеді. Міне, сол кезде барлық мәселе оң ше­шіледі деген ойдамыз.