Медицина • 02 Сәуір, 2023

Медицина мен дәрі-дәрмек орталығы

328 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда «Атамекен» ҰКП төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков «Химфарм» АҚ-ға барған іс-сапары барысында республиканың үшінші қаласында медико-фармацевтикалық клас­тер қолға алынатынын мәлімдеді. Және мұндай қадамның отандық фар­мацевтика саласы үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.

Медицина мен дәрі-дәрмек орталығы

Яғни Шымкентте дәрілік нысандарды әзірлеумен, оларды өнеркәсіптік өн­діріске енгізумен, экстракциялау технологияларын, сапаны бақылау, стандарттау әдістемелерін қолданумен айналысатын инновациялық компаниялар тобынан медициналық-фармацевтикалық жаңа кластер пайда болады.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай фармацевтика өнеркәсібіндегі отан­дық өндірістің үлесін 50 пайызға дейін ұлғайту туралы тапсырма бер­ген-ді. Осыған байланысты Астана, Шым­кент және Ақтөбе қалаларында үш Меди­ко-фармацевтикалық кластер құру жоспар­ланған. Бұл өз кезегінде импортқа тәуел­ділікті едәуір қысқартып, елімізде ұлттық дәрілік қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

Шымкент қаласының медицина мен дәрілік препараттар өндірісінің кластер­лігіне таңдалып алынуының басты себебі мұнда өндірістік алаңдар, медициналық және фармацевтикалық жоғары оқу орындары мен қауымдастықтар шоғырланған.

«Өңірде толық циклді фармклас­тер табысты жұмыс істеп жатқаны бел­гілі, сондықтан Шымкентте Медико-фар­мацев­тикалық кластерді дамыту үшін маңызды артықшылықтар бар. Олардың қатарына білікті кадрларды даярлау жүйесін, өткізу бойынша серіктестерді, сервистік және инфрақұрылымдық қолдау­ды жатқызуға болады. 2020 жылғы пандемияда қиын жағдайды бастан өткер­дік. Сонда денсаулық мәселесіне, дәрі-дәрмек қауіпсіздігіне әр мемлекет өзі жа­уапты екенін түсіндік. Сондықтан отандық фарма­цевтика өнеркәсібін дамыту елдің ұлттық қауіпсіздігіне пара-пар» деді іс-шараға онлайн қосыл­ған Денсаулық сақтау министрлігі Меди­циналық және фарма­цевтикалық бақылау комитетінің төрағасының міндетін атқарушы Лаурра Ахметнияз.

Сондай-ақ Т.Нақыпбеков Ұлттық палата Денсаулық сақтау министрлігімен, бәсекелестікті қорғау және дамыту агентті­гімен бірлесіп артық кедергілерді азайту мен фармацевтикалық қоғамдастықтың проблемалық мәселелерін шешу бойын­ша тұрақты жұмыс жүргізіп жат­қанын жеткізді. Бұдан өзге медико-фармацев­тикалық кластерді құру дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өндірісін дамытуды жеделдетуге, еліміздің импортталатын фармацевтикалық өнімге деген тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретініне тоқталды.

Өз кезегінде «Оңтүстік Қазақстанның фармацевтикалық кластері» қауымдас­тығының президенті, профессор Бекайдар Нұрмашев Медико-фармацевтикалық кластердің таныстырылымын ұсынды.

Оның айтуынша, жобаны іске асыруға Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы, «Экофарм-интернейшнл» ЖШС, «Зерде» компаниялар тобы және«Химфарм» АҚ қа­тысатын болады. Дәрілік заттарға кли­никалық зерттеулер қалалық №2 көпбейінді ауруханасы мен «Жүрек орта­лығы» базасында жүргізіледі.

Ғылыми және әдістемелік сүйемел­деуді клиникалық зерттеулер бойынша гранттық ғылыми жобаларды ОҚМА сияқты клиникалық кафедралар қамта­масыз етеді. Сонымен қатар алдағы уа­қытта ең ірі көпсалалы университеттік клиниканың құрылысы салынады.

Аталған іс-шара барысында «Шым­кент» Медико-фармацевтикалық класте­рін құру шеңберінде оңтүстік­кореялық Вонджу медицина өнеркәсібінің Тех­нодолинімен ((WMIT) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Мамандардың пікірінше, бұл өңірдің өндірісі мен ғылыми әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірлік фармацевтика саласына және отандық өнім өндірісіне инвестициялар тарту үшін фарминдустрия кәсіпорындарының барлық күш-жігері бір арнаға тоғысады.

Айта кету керек медициналық-фарма­цевтикалық кластер – бұл бір-бірін толық­тыратын және жекелеген компаниялар мен тұтастай кластердің бәсекелестік артықшылықтарын күшейтетін ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындары, технопарктер, бизнес-инкубаторлар және басқа да ұйымдар.

Жалпы, мегаполисте бүкіл еліміз бо­йын­ша шығарылатын фармацевтикалық препараттардың жартысына жуығы өндіріледі. Нақты мәліметке сүйен­сек жылына 115 млн доллардың өнімі шыға­рылады. Сонымен қатар меди­циналық мақсаттағы бұйымдар өндірісі жолға қойылған. Оған ине, қан сынамасын алатын құты, ортопедиялық бинт, белсендірілген био қоспа секілді өнім­дер жатады. Яғни Шымшаһарда бүгінгі күннің өзінде дәрілік препараттар мен медициналық керекті заттар өндірісін және қажетті мамандар даяр­лайтын жоғары медициналық және фармацевтикалық оқу ордаларының басын қосқан өзіндік бір кластері бар еді десек қателеспейміз. Бұған қоса қытайлық инвесторлармен бірлескен сыйымдылығы мың төсек-орынды құрайтын университеттік клиника құры­лысы басталды.

Ал «Химфарм» АҚ зауытына екінші мәрте дем берген SANTO – Орталық Азия елдерінде дәрілік заттардың жетекші өндірушісі және Polpharma халықаралық фармацевтикалық тобының бір мүшесі. Компания денсаулық сақтау жүйесі көп сұранысқа ие түрлі формалар мен мөлшер­лердегі дәрілік заттардың қазіргі заманғы жоғары технологиялық өндірісіне ие. Компанияның басымдығы ұлттық және халықаралық GMP сапа стандарттарын барлық қызметкердің мүлтіксіз орындауы және оған процестердің толық сәйкес келуі есебінен қамтамасыз етілетін пре­параттардың тиімділігі мен қауіпсіздігі болып табылады. Бұл SANTO компаниясын ең танымал және сенімді серік­естердің бірі етуге ықпал етеді.