Өнер • 02 Сәуір, 2023

Әнші бойтұмары – Абай

391 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Бүгінде дүниедегі жанды, жансыз құбылыстың бәрі ғылымның зерттеу нысанына айналды. Жарықтың жылдамдығы, балықтың қараңғыда сәуле шашатыны, судың есте сақтау қабілеті, су тұрмақ фотондардың өзі бұрынғы құрылымын (не болғанын) есте тұтып қалады екен.

Әнші бойтұмары – Абай

Кенжекеңнің бір қасиеті, өзінен бұрынғы таланттардың есімін үнемі құрметпен еске алып, үлгі қылып отырады. Үлкен мектеп көргенін мақтан тұтады. «Сыдық Мұхамеджановтың «Жұмбақ қыз» лиро-эпикалық операсында драмалық тенордың дауысына лайық ауыр партия бар

 

Фотон дегеніңіз жарықтың мыңнан бір бөлшегі ғана. Яғни бір парақ қағаз жанып кеткендегі ұшқын бұрын қағаз не ағаштың ұнтағы болғанын біліп сіңе­­ді ауаға. Сол сияқты, дауыстың түсі. Ә­р­кім­нің өзіне тән қасиеті болаты­ны секіл­ді, дауыстың да түсі барын (хромес­­те­зия) ғылым жіліктеп береді. Ол туралы жазушы Мархабат Байғұттың «Дауыс­тың түсі» атты әңгімесінен оқыған да шығарсыз. Әлгі шығармада бірге оқып, бірге өскен құрдасын қызғаныш пен бақастықтан жек көріп кеткен кейіпкер күндердің күні досы өлгенде оның жаназасына барып сөйлеп тұрғанын жазушы былай суреттейді: 

«Есмақан Досболов кім еді? Азамат­тар, мен оны сипаттап жатпаймын, – деді. – Менің алдымда өте орынды айтылды. Ол елім деп туған ер еді. Оның достары көп еді. Сол достарының бірі мен едім, – Осы жерде бір кідірді. Қанша көсілейін десе де болмай барады. Дауыстың түсі бола­ды деп бір жерден оқығалы өз даусынан өзі қорқатын. Тап қазір даусының түсін көрер ме еді. Ондай түр-түс жоқ шығар. Егер көріне қалса бар ғой, мұның даусының түсінен адам бірден жынданып кетер», дейді.

Демек дауыстың түсі мен күші де жүректің ішіне байланысты шығатыны ғой. Сіздің жүрегіңіздің үні ауаға қандай бояу бөліп, қандай толқын таратады? Ал адам жанын баурап, рух сыйлайтын даланың даңғайыр әншілерінің дауысы ше? Мәселен, әнші, әнші болғанда да анау-мынау емес, опера әншісі, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген әртісі, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты Кен­жеға­ли Мыржықбайдың дауысына сайын даласының кеңдігі сыйып тұрған жоқ па? Сол далада таң атып, күн батардағы қанық түстер, көк аспанның тұнығы, жүзген сағым, төгілген шуақ, керілген кемпірқосақтың бояулары, жасыл қырат пен боз мұнар – бәрі-бәрі бар онда. Және осылардың бәрінен өзгеше тағы бір түс бар бұл әншінің дауысында. Ол тіпті Кенжеғали Мыржықбайдан әлдеқайда бұрын өткен ән алыбы Әміренің дауы­сында да кездеспеген қасіреттің зарлы үні. Себебі Әміре кеңестік биліктің қыспағына ұшырағанымен, атом полигонын көрген жоқ. Парижге барғанда Мұстафа Шоқаймен кездескені басына бәле болып, өле-өлгенше аңду мен қысаста қалған деген дерек оқығанбыз. Әміре туған топырақтың дәл іргесіндегі Абай ауданы саналатын Сарыжалда өсіп-жетілген, Кенжеғали сынақ алаңы­ның түбінде өскен. Ұзаса жиырма шақы­рымдай жерде екен. «Бала күнімізде ойнап жүргенде табан астындағы жер дірілдеп кететін», дейді өзі. Ойын баласы полигонды білмеген. «Бағып жүрген қойдың өзі жанын қоярға жер таппай тым-тырақай қашатын. Әлден уақытта ауада саңырауқұлақ өсіп шыққандай сурет пайда болады. Қызық көрген балалар атқа мінгесіп алып, әлгі «саңырауқұлақ» шыққан жаққа тартамыз. Жарылыс орнына үлкен шұңқыр орнап, су толып жатады. Әлгіні «Атқанкөл» деп атаймыз. Сол суды қызықтап, темірлерімен ойнаймыз. Үлкендер «бармаңдар» деп айтпайтын. Зиян екенін білмеген-ау. Туған-туыс, достарымның көбі осы сы­нақ кесірінен ерте өлді», дейді бүгін­де жетпістің желкенін керген әнші. Әмі­ре­нің ізін басқан жерлесі Кенжеғали Мыр­жықбайдың дауысының халық кө­кейіне қонып, елімен мұңдаса кететіні сондық­тан шығар. Халқы бастан кешірген қай­ғы-қасіретті бұл бала жасынан бойынан өткеріп, тағдырымен кешкен дарын. Әнші ғана емес, әншінің Абайы!

Кенжекең өміріне көз жүгіртсе, дү­ниеге әнші болып келмеуіне хақы да жоқтай. Ән жүйрігі Әміре туған топы­рақтың өскіні. Екеуінің ауылы Дегелең мен Мыржықтың ар жақ-бер жағы. Семей мен Қарқаралының арасы десек те, Абай ауданы. Ұлы Абай туған топырақтан алыс емес. Оның үстіне тап осы Дегелең, Мыржықтың маңайы «ақылдының сөзін­дей ойлы күйдің» (Абай) қайнары Тәттім­беттің ауылына да тым таяу. Атала­ры Қарқаралы, Егіндібұлақтағы Қаз дауысты Қазыбек би, Тәттімбет ұрпақтары, Мыр­жық­бай атасының есімінің өзі айтып тұр. Аумалы-төкпелі заманда Семейге таман өткені де. Академик Рымғали Нұрғали бұл жерлер туралы: «Шоқан мадақтаған, қобыз тартып, ән салған, үлкен эпикалық дастандар тудырған, айтыс ақыны Жанақ жүйрік жырына қосқан Арқаның киелі мекендерінің бірі – Дегелең таулары. Қа­зақ сахарасында алғаш скрипка тарт­қан да – осы Дегелең ауылы», дейді. Демек, бұл – тұңғыштар елінен. Қазақ жырына реформа жасаған Абай – тұңғыш, ал­ғаш Парижде ән шырқаған Әміре – тұң­ғыш, қазақ топырағына скрипка ұстат­қан Дегелең тұңғыш болса, осы ұлы көшті жалғастырған бұл кісі де тұңғыш. Оның алғашқысы – Астана елорда болмай тұрып 1996 жылы әншілердің көшін бастап көшіп келгені ғана емес, осында алғаш ұлт аспаптар оркестрін құрып, филармонияға директор болғаны. Одан зоры – ұлы Абайдың өзінің әндерімен қоса, ақынның сөзіне әуен жазған Мұқан Төлебаев («Мен көр­дім ұзын қайың құлағанын»), Сыдық Мұха­меджанов («Жарқ етпес қара көңілім не қылса да»), Мыңжасар Маңғытаев («Өлсе өлер табиғат, адам өлмес») сынды композиторлардың биік романстарын түгел орындап (барлығы 25 ән), жеке концерт берген қазақ. Және бір ерекшелігі, бұл концерттік бағдарламасын өзі дайын­дап, өзі жүргізеді, өзі орындайды. Бұл жерде диапазоны бір жарым октавадан асатын Абайдың биік романстарына екі әншінің бірі батылы жетіп бара бермейтінін ескерген жөн. Мәселен, осы концертінде әнін Т.Шапай жазған Абайдың «Есіңде бар ма жас күнің» өлеңін, «Қансонарда» өлеңіне жазылған М.Ыбыраевтың желдірмесін тұңғыш К.Мыржықбаев орындапты. Сондай-ақ «Қараңғы түнде тау қалғыпты» үш тілде: бір шумағын немісше, бір шумағын орысша, бір шумағын қазақша шырқап шыққанда қазақ, орыс былай тұрсын, Германиядағы сапарында немістер «қы­ры­лып» қала жаздаған. Абайдың барлық ән мұрасы мен оның сөзіне жазыл­ған әндерді жиып-теріп бір концертке сыйдырып, оны таспаға басқанын айтпа­ғанда, соңғы екі-үш шығармасын алғаш орындағанының өзі жарайды «тұңғыш» деген бейресми мандатына. 

Талант болған соң туған жердің киесі бойына сіңбей қоймайды. Дарынды жаратылыс иесі сол қасиеттерді ұлт­тың бай­лы­ғы ретінде еліне еселеп қайтарып отырғанына осыдан көз жетеді. Қазақта қанша опера болса, бұл кісі бәріне жуығын орындап шы­ғып­ты. Шетелдік шығар­маларға түрен тартқанын айтып жат­паймыз. 1981 жы­лы Ленинград кон­сер­ваториясының вокал-хор факуль­тетін опера әншісі, кон­церттік әнші, педагог маман­дығы бойын­ша бітіріп келе сала Сыдық Мұхамед­жановтың (либреттосын жазған Ғабит Мүсірепов) «Ақан сері – Ақтоқты» операсында – Ақан сері болып жарқ еткен. «Қыз Жібек» операсында Төлегенді Ғабит Мүсіреповтің сұрауы бойынша ойнапты. «Біржан-Сарада» – Біржан, «Евгений Онегинде» – Ленский, тізе берсе жетеді. Әсіресе 1983 жылы Мәскеудің Колонный залында Біржан болып шырқағаны таспаға басылып, бүгінге жетіпті. YouTube желісінен үзіндісін ғана тыңдап, ғажапқа қалғанбыз. Мұқан Төлебаевтың 70 жылдығы өткен ол зал­дың кеңдігі мен жарқыраған әшекейін, халықтың молдығы мен әншіге көрсеткен ілтипатын айтып жеткізу мүмкін бе, сірә. Операның ғаламаты осындайда білінеді. Адам жанына біткен алапат рухтың зор тебіренісі, қуат-күші іспетті елестейді. Ал дауысқа, үн сиқырына қонған сұлу­лық жан-жүректің нәзіктігі мен ізгілігі­нен қуат алған картиналар қосыны се­кіл­­ді көркем елеске көмеді. Әншінің кеуде­сінен ақтарылған кең тынысты дабы­­сының қуатты толқыны жүрегіңді тулатып өтіп, көңілді құйын боп соғады. Міне, жан мен рухтың күші қандай! Жан-жүректің тереңінен көтерілген бұл екпінді тыныс әншінің ішкі қуат-күші, анығын айтқанда, жан тебіренісінен туған сезім мен рухтың екпіні емей не дейсіз? Біз соған батып, содан әсерленіп көңіл көтереміз, рухтанамыз, мұңаямыз, ойланып-толғанамыз, сезімдер галереясы солай жалғасып кете береді. Бірде құйын боп соққан, бірде самалдай желпіген, бірде таңғы бақтай тамылжып аялаған дауыс пен үн иесіне қалай қошемет қылып, құрмет көрсетпейсіз? Кеудеңе жан салып бергендей, көңіліңе қанат бітірген әнші салған келесі бір әнді тыңдай бере сіз басқа бір кеңістікке құлаш ұрып, жан әлемінің жоғары сатыларына көтерілесіз. Әйтпесе, орныңыздан тұрып қол соғып, басқаша кейіпке енбейсіз ғой. Тап солай, Кенжеғали Мыржықбайдың орындауында Абай әндері мен Біржанды тыңдаған кез келген көзі қарақты жұрт басқа адам болып, рухы өсіп қайтарына талас келтіре алмайсыз. Зал тік тұрып толассыз қол соққанынан басқаша қорытындыға келу мүмкін емес.

Эстрада жанрындағы жеңілтек әуен­сымақтар жұрттың санасын құлды­рата қоймаған ол кезде (1980 жылдар) шыққан опера әншілері шын жұлдыздар еді демесіңе қоймайды. Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Роза Жаманова, та­ғы басқа әншілердің дүрілдеп тұрған кезі. Кенжекеңнің бір қасиеті, өзінен бұ­рынғы таланттардың есімін үнемі құр­мет­­пен еске алып, үлгі қылып отырады. Үлкен мектеп көргенін мақтан тұта­ды. «Сыдық Мұхамеджановтың «Жұм­бақ қыз» лиро-эпикалық операсында дра­малық тенордың дауысына лайық ауыр пар­тия бар. Осы партияны Нариман Қа­ра­­жі­гітов, Амангелді Сембиннен кейін мен орындадым» деп мақтанады. Сосын шыбын жаны шырқырап есімі елеусіз қалып бара жатқан арқалы әншілерді еске алады. Әсіресе замандасы Амангелді Сембиннің алмағайып заманда күйіп кеткенін күйінішпен әңгімелеп, есте қалдыру жағын ойластыру керек дейді. Және өзі айтып қана қоймай, тиісті жерлерге із салып, құлаққағыс та қылыпты. Әзірге нәтиже жоғына опынады. Ал ұстаз­ы Сыдық Мұхамеджановқа келгенде шығарда жаны бөлек. 3 опера, 4 симфония мен қаншама ән, Абай өлеңдеріне романс жазған композитордың 80, 90 жыл­дық­тары атаусыз қалғанын өкініш­пен еске алады. Алда жүз жылдығы келе жатқанын және қаперледі. Күллі ғұмы­рын қазақ музыкасына арнаған Сыдық Мұхамеджановты айта отыра, қазақ му­зы­касының барлық проблемасын жіп­ке көзінен тізді. Сыдықтан соң опера тоқ­та­ғаны, үлкен классикалық шығар­малар жазыла қоймайтыны қынжылтады. С.Мұхамеджановтың сегіз бөлімнен тұра­­­тын «Ғасырлар үні» ораториясы қазір тіпті қойылмайтын болған. Бір сағаттық алапат оратория ұмытылуға айналған бүгінде.

Кенжекең әлемнің 20 шақты елінде концерт қойыпты. Қазақ даласында да концертімен араламаған жері жоқ. Об­лыс орталықтары ғана емес, аудан, ауыл­­дарға көп барған. «Түкпірдегі ауыл­дарға сұранатынмын» дейді. Онысы – халық­тың ішіне кіру, елге қызмет ету. Атақ­ты мұрнынан тізіп, алқа ғып таққан бірнеше опера әншісі бар, бірақ ел танымайды. Шалғайдағы ауылдар былай тұрсын, аудандарға ат ізін салмаған соң халық қайтсін? Театрдан ұзап шыққанды, халыққа жаққан Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов сынды композиторлардың туын­дыларын орындағанды абырой көреді. Жа­сынан ауылда атқа шапқан, Семей мен Алматыда музыкалық сауатын ашып, Ресейде жетілдіріп, Абай атындағы Мем­ле­кеттік опера және балет театрында ұшталып, шыңдалып шыққан әншінің баратын жері – қарапайым халықтың іші. «1989 жылы Бибігүл Төлегеновамен ел ішіне шыққанда байқадым. Сені теледидардан, театрдан арагідік көрген өз алдына. Ел естігенінен гөрі, бір рет көргенді ұмытпайды. Содан бері облыс орталықтарына барсам, аудан, ауылдарға сұранатын болдым», дейді өзі. Халықтың ішіне дендеп енген сайын елдің өтініші бірінші орында. Соған сай репертуары ұшан-теңіз, операдан бөлек, классикалық шығармалар, халық әндері, эстрадалық ретро-әндер де жетерлік. Көпшілік сүй­ген әндерге опера әншілерінің көбі мұ­рын шүйіреді ғой. Бұл кісіде ол жоқ. Бас­ты орында халқына қызмет ету. Театр мен үлкен сарайлардан «қашып», ауыл-ауыл­ды аралап өнер көрсеткен әнші «Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі» атағын тегін алмаған.

Мүмкін сіз естіген шығарсыз, мен енді білдім, Кенжеғали Мыржықбайдың өзі жүргізіп, өзі орындайтын сегіз же­ке концерті бар екен. Олардың арасынан 175 жылдығына орай Абай ән­де­рі мен сөздеріне жазылған қазақ ком­позиторларының вокалдық шығармала­ры­нан тұратын «Жүрегім, нені сезесің?» атты, Абай сөзіне жазған қазақ компози­торлары, Пушкин сөзіне жазған орыс композиторларының вокалдық шығарма­ларынан тұратын «Абай және Пушкин», Илья Жақановтың 85 жылдығына орай «Еділ мен Жайық» атты, Сыдық Мұха­меджановтың ән романс, арияларынан «Сазың кетпес құлақтан» атты концерт­терін бөле-жара атаған жөн. 2006 жыл Ресейде Абай жылы, Қазақстанда Пушкин жылына орай «Абай-Пушкин» атты жеке жобасымен Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларынан бастап, Астрахань, Орын­бор, Самара, Омбы, Томск, Барнаул, Новосібір сияқты бірнеше өңірінде бір айда он бес концерт бергенін естіп еріксіз бас шайқадық. Сонда Санкт-Петербургте 25 жылдан соң бұрынғы ұстазы Кира Изотова концертіне келген. Сол ұстазы концерттен соң жұрт алдында пікір білдіргенін әншінің қасын­дағылар елге жайып салған: «Бір адамның көмегінсіз өзі бастап жүргізіп, мұндай күрделі туын­дыларды орындап шыққан бұл қандай керемет әнші (Абайдың көп әндері романс). Бізде оқығанда бойы да, дауысы да орташа деңгейде болғанымен, Кенжик (ұстазы солай атап кеткен) көп ізденетін еңбекқор еді. Мен қазіргі әнші­лерге осы шәкіртімді үлгі еткім келеді».

Жасы сексенге жуықтағанша өмір бойы консерваторияда музыка саласымен айналысқанын ол жақсы біледі. Байқасаңыз опера, классика орындайтын кәсіпқой әншілер сахнада сөйлемеуге тырысады. Жүргізуші сөйлеген аралық­та тамағын кенеп, дауысын ретке келтіру­мен болады. Ал өзі жүргізіп, өзі шырқап жеке-дара шапқан – дауысқа екі-үш есе салмақ. Сөйлеген сайын дауыс «оты­ра­ды» – бір, оның үстіне ән сала тұра сөйлеген сайын майдалығынан айы­ры­лады, тағысын тағы. Демек Кен­же­ға­ли Мыржықбай жылдар бойғы ізде­ніс пен еңбектің арқасында қат-қабат тәжі­рибенің молдығымен мүмкін емеске қол жеткізген. Болмайтынды болдырған. Таланттың бір аты еңбек деген сөз рас. Оның сыртында табандылық, ерік пен жігер, қайрат пен ақыл, бір сөзбен айтқанда кемелдіктің барлық факторы бұғып жатыр. Өзі бала кезінде бірнеше атқа шауып, бәйгелерден келтіргенінде көргеніндей, бұл кісі өзін өмір бойы баптап, шыңдаумен келеді. Өйткені бәйге алдында жүйрік ат құлағын қайшылап, әрнеге елеңдейтінін білеміз. Жасанды бұлбұлдардай емес, нағыз әншілер де сахна алдында ерсілі-қарсылы жүріп, даусын кенеп, маза таппайды. Сана-сезімнің иесі адам өмір бойы осылай өзімен күресіп, іштей жарап өтпек керек. Көпшіліктің алдына шығатын арқалы жанда бұл қасиет екі-үш есе жоғары. Әйтпесе, жылдан-жылға кемел тартпаса, елуінде Абайды толық қамтып, алпысында концерт беріп, жетпісінде жараған аттай халыққа есеп беруді ойлап отыра ала ма әнші? Жүйрік болдың ба, соңына дейін соны ұстап өту шарт. Бұл – азаматтың серті.