Ғылым • 03 Сәуір, 2023

Ғылым академиясы: мәртебесі мен маңызы

4496 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясын Президент жанындағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы деп қайта атау туралы Жарлыққа қол қойды. Ондағы мақсат – Ұлттық ғылым академиясының мәртебесін арттыру. Ғылыми қауымдастық жаңашылдықты жылы қабылдады.

Ғылым академиясы: мәртебесі мен маңызы

Оңды істерге бастар оңтайлы шешім

Президенттің академия мәртебесін көтеру мақсатында жарияланған Жарлығы көпшіліктің көкейінде жүрген ой еді. Енді Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының негізгі қызметі еліміздің әлеуметтік-экономикалық басымдықтарына сәйкес ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтегі басым бағыттарды, сондай-ақ стратегиялық, іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулердің басым бағыттарын айқындап, тиісті ұсыныстар әзірлеу болмақ. Осылайша, Ұлттық академия еліміздегі ең жоғары ғылыми орталыққа айналады.

Мемлекет басшысы қатар­дағы қоғамдық ұйымдар­дың біріне айналып кеткен академияны мемлекеттік мәртебеге көтерді. Бұдан былай ұлттық ғы­лым мен академияның бар­лық мәселесі Президенттің тіке­лей қадағалауымен жүзеге асатын болады. Жарлықта атап көрсетілгендей, Ұлттық ғылым академиясының президентін қызметке тағайындап босататын да – Мемлекет басшысы. Академия мәртебесінің осыншалықты жоғары деңгейге көтерілуі оның ғылым саласын дамытудағы рөлін барын­ша күшейтіп, басым бағыттарын жетілдіруге жаңа серпін бере­тіні сөзсіз. Бұл ретте әлемнің жетекші елдеріндегідей акаде­мия мүшелерінің де мәртебесі көтерілетініне сенім мол.

Бұдан былай академия ғы­лы­ми ақыл-ойдың қайнары, беделі биік ғылыми-техникалық көшбасшы орталыққа айна­луға тиіс. Жарлықта атап көрсе­­тіл­ген­дей, оған мемлекет бар­лық жағдайды жасайды. Ғылым академиясын Пре­зи­дент жанын­дағы мекемеге айнал­дырудағы мақсат та осыдан туындаған, енді ол рес­пуб­ликалық бюджеттен қаржы­ландырылады. Жар­лықта оны жүзеге асырудың мін­дет­тері мен мақсаттары ай­қын көрсетілген.

Түйіндеп айтқанда, ғылыми зерттеулердің өзекті мәселелерін анықтайтын және оның жүзеге асыру жолдарын Президент пен Үкімет алдына қойып отыратын еліміздегі ең басты ғылыми орталық ретінде дамиды. Бұл ғылыми ортаның көптен бері көтеріп келе жатқан жанайқайы еді. Ол жөніндегі өзекті ойларын Мемлекет басшысы өткен жылғы Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында ашық айтқан-ды. Енді, міне, Жарлық ретінде ғы­лы­ми қауымдастықтың үкілі үмітін өркенді іске айналды­рып отыр. Зиялы қауым мен ғалым­дардың көкейкесті мәселелерін жүзеге асыруды бұдан былай ел Президенті тікелей өзі қадағалайды. Демек әрбір ғылы­ми ұсыныс нәтижелі нақты шешімін табады деген сөз. Сол арқылы барша ғылыми қауымдастық, әрбір жекелеген ғылыми қызметкер мемлекет қамқорлығына алынды деген сөз. Бұл – академиктерден бастап, қатардағы ғылыми қызметкерлердің үкілі үмітін оятып қана қоймайды, олардың жүрегіне сенім ұялатып, істеріне тың серпін береді.

 

Кенжехан МАТЫЖАНОВ,

М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас директоры, ҰҒА

корреспондент-мүшесі

 

Ғылымның әлеуеті артады

Президенттің Жарлығы бізді айрықша қуантты. Мемлекет басшысы, осылайша, былтыр өзі айтып өткен, отандық ғылымды дамытудағы нақты бағытты тағы бір айқындап берді. Аталған Жарлық біздің қоғамға қандай пайда әкеледі? Ең әуелі бұл – Қазақстандағы ғалымдардың зияткерлік мәртебесін жоғарылата түсудегі үлкен қадам.

Ғылым академиясының жұмысына Президенттің өзі жетекшілік етеді. Меніңше, бұл шешімнің нәтижесінде академия мен оның құрамындағы барлық ғалым ғылыми жұмыстар мен түрлі зерттеулерді жүргізуде жаңа мүмкіндіктерге ие болады. Біздегі ғылыми қоғамның әлеуеті өте зор. Сондықтан оны мемлекетіміз бен қоғамның игілігіне арнауға міндеттіміз. Ғалымдардың мәртебесі жыл санап өсіп, жоғары ғылыми технологиялар пайда бола бастады. Ендігі дамуымыздың кілті ғалымдардың өздеріне байланысты болмақ.

 

Еркін САДЫҚОВ,

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры

 

Саланың еселенер мүмкіндігі

Президенттің шешімі еліміздегі ғылым мен білім саласын дамытуда орасан зор маңызға ие. Қашан да ғылым адамзат өркениетін алға жетелейді. Жаһандық мәселелердің оң шешілуі, қоғамдағы зор жетістіктер және адам баласына жаңа технологиялар арқылы жайлы өмір сыйлау осы ғылымның көмегімен жүзеге асып келеді. Сондықтан академияны бюджеттен қаржыландыру ғылыми зерттеулердің тұрақты дамуы­на кепілдік береді және оның сапасын да арттырады.

Академияның тікелей ел Президенті жанында болуы ресурстарды тиімді пайда­ла­нуға және мемлекеттік орга­дар­мен өзара іс-қимылды артты­руға ықпал етеді. Сондай-ақ технологиялық ізденістердің ғылыми жаңалықтарға ұласуын жеделдетіп, табысты нәтижелерге жол бастайды деп сенеміз.

Ұлттық ғылым академиясына жаңа мәртебе беру – елімізді өркениеттің көш ба­сындағы әлем мемлекеттерінің қатарына қосады. Сондықтан бұл саланы мемлекет өз қамқор­лығына алуы сөзсіз елімізді биікке шарықтатудың маңызды қадамы деп түсінеміз. Академия жасанды интеллект, биотехнология, ақпараттық технология, экология, энергетика және адам өмірінің сапасын жақсарту бағытында үлкен әлеуетке ие. Ендігі жерде отандық ғалымдар зерттеу жұмыстарының қарқы­нын үдетіп, түбегейлі ғылымға бет бұруға мүмкіндік алады.

Отандық ғылым шежі­ресінде академия соны ізденістер мен жаңа технологиялық салаларда маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Сол үшін де ол бүгінгі таңда Қазақстан мен одан тысқарыдағы ең беделді ғылыми мекеменің бірі болып саналады. Ал ғылыми ұйым қабырғасындағы академиктер өз салаларының жетекші сарапшылары болып келеді. Осы күнде отандық ғалымдар климаттың өзгеруі, медициналық зерттеу­лер, жаңа материалдар мен технология­лар әзірлеу және жаңа шәкірттер тәрбиелеу мәселесінде жемісті еңбек етіп жүр. Академияның бас­ты мін­деттерінің бірі – жас ғалым­дар мен ғылыми зерттеулерге қолдау көрсету. Соның өзі елде ғылымның өркен жаюына, қолай­лы орта қалыптастыруға жол ашады. Әрі басқа мемлекеттер­мен ғылыми байланыстар орнатып, қарым-қатынастарды күшейтуге ықпалын тигізеді.

Жалпы алғанда, Ұлттық ғы­лым академиясының жаңа мәр­тебесі ғылымды жоғары сатыға көтерудің жаңа мүмкіндігі. Мұ­ны­мен қоса ғұмырын ғылымға арнаған ғалымдардың қоғамдағы рөлін арттырады. Сонымен бірге еліміздегі ғылыми зерттеулер деңгейін жаңа белеске шығаруға және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етуге тиіс. Сондай-ақ бұл шешім «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын мысалы болып саналады.

 

Дария ҚОЖАМЖАРОВА,

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы-ректоры, академик