Әдетте қайсыбір өңірдің гимніне телінген шығармалардың өн бойынан асқақ пафос айқын аңғарылып тұрады. Бірақ құландықтардың кез келгені шырқай беретін Мэлстің әні – нағыз лирикалық туынды.
Махаббат, сағыныш, ностальгия атаулы ұғымдардың барлығы да Мэлстің әнінен аңқып тұрады. Әуелде Досымжан Таңатаровтың орындауында Қазақ еліне тараған әнді бүгінде әннің мәтінін жазған ақын Айша Көпжасарованың ұлы Айбек (эстрадалық есімі Бүркіт) орындап жүр.
«Көркің әсем көктем,
Құмырсқа бел көкем
Күлімдеші, күлші,
Жүзің гүл алма.
Үмбет құмын асып,
Жібек жолын басып,
Келші, сәулем, келші,
Біздің Құланға», –
деген ән қайырмасына қарап, композитор шығармасын аңсары ауған, алыста жүрген аруға арнаған болар деп топшылайтынбыз. Ал шынтуайтына келгенде олай емес.
Расында «Келші, Құланға» әні қалай дүниеге келді? Уақытында құландық ақын, журналист Кәріпжан Нүсіптің қасында жүріп, талай ақиқатқа қанықтық. Мэлс Кәрекеңмен аға-бауыр ретінде өте жақын араласқан. «Келші, Құланға» әнінің әуені өнбойын кернеп жүрген шақта композитор Кәріпжан Нүсіптен сөзін жазып беруді өтінеді. Бойын дерт меңдеп жүрген Кәрекеңнің сол уақытта әнге мәтін жазуға зауқы соқпайды. Арада аз ғана мерзім өткенде әннің сөзін жерлес ақын Айша Көпжасарова жазып береді.
Иә, «Келші, Құланға» әні кімге арналған деген сауал талай жылдар бойы көптің көкейінде жүрген. Анық-қанығын айтып беретін Мэлс Өзбеков өмірде жоқ. Ел ішінде «Мэлс бұл әнін «Құрмет белгісі», екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», Ленин ордендерінің иегері, 33 жыл бойы сауыншылық еңбегімен еленген Алмакүл Әбдірайымоваға арнапты», деген әңгіме желдей есіп тұрған. Расында солай екен.
Қайбір жылы Тараз қаласының әкімі қызметіне кіріскен Ғалымжан Әбдірайымов аталған ән өзінің анасы Алмакүл Әбдіраймоваға арналғанын айтып қалды.
«Өнердің көгіне көтерілген жерлесіміз, белгілі композитор Мэлс Өзбековтің «Келші, Құланға» әні менің анам Алмакүл Әбдіраймоваға арналған. Нағыз лирикалық әннің сөзі мен сазы қатар үйлескені даусыз. Сол әннің ырғағына, сөзінің мәніне қарап-ақ менің анамның сұлулығы мен пайымын бағамдауға, көз алдыңызға елестетуге болады», дейді Ғ.Әбдірайымов әннің тарихы туралы ой қозғап.
Мэлстің қай әнін тыңдасаңыз да махаббат, сезім, сағыныш аралына түсіп кеткендей күй кешетініңіз анық. Нәзік иірімдер түрлі ойға шомдырып, жағалауда тұрған жаныңды теңіздің тұңғиығына тарта беретіні даусыз.
Елдің ортасына, өзінің Көкдөненіне жиі келетін композитордың әндеріне «жиендік» жасағысы келгендер де аз болмаған деген әңгімені жиі естиміз. Тіпті, дәл осы «Келші, Құланға» әнін өзіне меншіктеп алуға ниеттенгендер де бар деседі жұрт. Алайда композитордың көзін көрген, қасында бірге жүрген азаматтар тұлғаның өзін сақтап қала алмаса да, әнін арашалап қалғаны қандай жақсы.
Әйгілі «Гауһартас» фильмінде шырқалатын «Келші, айым», құландықтардың гимніне айналған «Келші, Құланға», «Ақ тамақ қарлығаштар» секілді әндері Мэлсті басқа композиторлардан бөлектеп тұрады. Өйткені Өзбековтің өзін білмегендер осы шығармаларын жақсы біледі. Сондықтан да үш тағандай болған үш туынды – Мэлс шығармашылығының төлқұжаты.
«Расында Мэлстің «Келші, Құланға» деген әні арқылы талай жұрт біздің ауылдың тарихымен танысты, таныды, білді. Бір кітаппен Құланды таныту мүмкін емес, бірақ Мэлс сияқты талантты композитордың бір ғана әні арқылы туған өңіріміз жұрттың жүрегінде жатталды. Бұл – Мэлстің мықтылығы. Жалпы, Мэлс – өнерге деген адалдығынан айныған емес. Сол адал қалпында келіп, жанына кір жуытпаған күйі ортамыздан кетіп қалғаны өкінішті», дегенді жиі айтатын Мэлс Өзбековтің жақын бауырларының бірі Кәріпжан Нүсіптің де бақилық болғанына он жылдан асып кетіпті...
Уақытында «Келші, Құланға» әнімен жерлестерінің рухын көтерген композиторға ауылдастары лайықты құрмет көрсетті. Бүгінде өзі туған Көкдөнен ауылында композитор атында көше бар. Ал Мэлстің жақын інісі, композитор Дүйсенәлі Бықыбаев бастаған өзге де мықты азаматтардың «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруының» арқасында Тұрар Рысқұлов аудандық мәдениет үйіне композитордың есімі берілген. «Келші, Құланғаны» жазғаннан кейін қайбір жылы Мэлстің өзі Дүйсенәлі Бықыбаевтан мәдениет үйінің атын өзіне сақтауды сұраныпты. Аманатқа қиянат жасамаған азаматтарға Алланың нұры жаусын!
Бір өкініштісі, «Келші, Құланға» әнін жазған Мэлс те, оның жақын бауыры Кәріпжан Нүсіп те бүгінде өмірде жоқ. Бастысы, оның өнерін өлтірмейтін халқы бар. Өнерді түсінетін азаматтардың бастамасымен өңірлік деңгейде Мэлс Өзбековтің шығармашылығына арналған «Келші, Құланға» атты байқау дәстүрлі түрде өтіп тұрады.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы