«Ақтөбе» футболшылары үшінші турда былтырғы ел чемпиондары – «Астананы» өз алаңында 4:1 есебімен жеңген соң, жанкүйерлер бұл маусымда «қызыл-ақтарды» тоқтату мүмкін емес деп топшылаған еді. Алайда арада бір тур өтпей жатып «ақтөбеліктер» өз жанкүйерлерінің алдында «Қызылжардан» масқара болып жеңілді – 3:1. Кездесудің 35-минутында Лука Имнадзе қонақтарды есепте алға шығарса, 56-минутта Пернамбуко есепті еселей түсті – 2:0. Арада 18 минут өткенде «Ақтөбе» сапынан Әлібек Қасым 11 метрлік айып добын сәтті орындап, жергілікті жанкүйерлердің кеудесіне үміт отын жақты. Дегенмен кездесудің соңғы минуттарында «қызылжарлық» Юрий Бушман мергендігімен көзге түсіп, ойынның нүктесін қойды. Осылайша, қатарынан төрт ойында жеңіске жеткен Әли Әлиев шәкірттері 12 ұпаймен турнир кестесінде жеке-дара көш бастады.
Төртінші турдың орталық ойыны саналған «Астана» мен «Ордабасы» арасындағы матчта алаң қожайындары еш қиындықсыз үш ұпайға қол жеткізді. Қосалқы құраммен өнер көрсеткен шымкенттік ұжым «Астана Аренада» 2:0 есебімен жеңіліп қалды. Екінші таймда «Астана» сапынан Марин Томасов мергендігімен көзге түссе, кейіннен Мамаду Мбодж өз қақпасына гол салып алды. Бір айта кетерлігі, қонақтар сапынан бұл ойынға негізгі құрамның бірнеше футболшысы қатысқан жоқ. Атап айтқанда, легионерлерден Радосав Петрович, Бернардо Матич, қазақстандық футболшылардан Сергей Малый мен Бауыржан Исламхан матчтың хаттамасына да енген жоқ. Ал Бобур Абдухоликов пен Асхат Тағыберген қосалқы құрамда қалып қойды.
Қостанайдың «Тобылы» төртінші турда маңызды екі ұпайынан қағылды. Үш турдан кейін турнир кестесінде алдыңғы орында келе жатқан «Тобыл» сырт алаңда биыл ғана Бірінші лигадан жоғары топқа оралған Талдықорғанның «Жетісу» клубынан айласын асыра алмады – 1:1. Кездесудің 8-минутында Йован Илич қостанайлықтарды есепте алға шығарғанымен, 44-минутта Руслан Теверов таразы басын теңестіріп кетті. «Жетісу» чемпионаттағы алғашқы ұпайына қол жеткізді.
4-турдың өзге матчтарында мынадай нәтижелер тіркелді: «Атырау» – «Оқжетпес» – 0:4, «Ақсу» – «Мақтаарал» – 2:1, «Шахтер» – «Қайрат» – 1:1, «Каспий» – «Қайсар» – 1:3.
8-9 сәуір күндеріне жоспарланған V турда «Ордабасы» – «Ақтөбе», «Тобыл» – «Астана», «Қайрат» – «Жетісу», «Қайсар» – «Шахтер», «Мақтаарал» – «Каспий», «Оқжетпес» – «Ақсу» және «Қызылжар» – «Атырау» командалары кездеседі.