Ауа райының қолайсыздығынан бірқатар елді мекендер электр жарығынан ажыратылып, бағаналар мен көше бойындағы ағаштар опырылып түсті. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сала мамандары екі күн ішіндегі жағдайдан толық мағлұмат берді.
– Секундына 15-28 метр жылдамдықпен соққан дауыл салдарынан облыс, аудан және бірқатар ауылдар ішінара электр жарығынан ажыратылды. «КРЭК» АҚ мамандарынан ақау электр желілерін қалпына келтіру үшін барлық ауданға 260 адамнан тұратын 64 бригада жасақталды, 54 техника жұмыс істеді, – деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қайсар Мақсұтұлы.
Дүлей дауыл «Қазалы-Теміржолжылу» филиалына қарасты бу қазандығының 40 метрлік мұржасын құлатып, апаттық жағдай орын алды. Әйтеуір, адам аман, қазандық ғимаратына да зақым келмеген. Авариялық жағдайды қалыпқа келтіру үшін 2 кран, 1 жылжымалы дәнекерлеу агрегаты, филиалдың 15 маманынан құралған топ жұмыс жасады. «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Медет Усайнның айтуынша, бүгінде мұржаның жарамды бөлігі қайта орнатылып, № 2,4 қазандықтар іске қосылып, жылу берілуде.
– Осы жылдың 1-2 сәуірінде облыс аумағында қалыптасқан метеорологиялық құбылыс салдарынан 24 нысанға зақым келді. Шатыры ұшқан 22 нысанның барлығы дерлік жартылай немесе ішінара зақымданған. Қазір қала және аудандарда келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр, – дейді облыс әкімі аппараты төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бөлімінің басшысы Ағайша Сматова.
Шатырсыз қалған ғимараттар қатарында 6 мектеп, 1 колледж, 3 ауылдық мәдениет үйі, 9 мемлекеттік мекеме, 2 көпқабатты тұрғын үй, 3 жеке баспана бар.
Брифингте «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Әйгерім Жөкелова алдағы күндері жел екпіні төмендеп, ауа температурасы түнде 7+12, күндіз 15+23 градусқа дейін көтерілетінін айтты.
ҚЫЗЫЛОРДА