Туризм • 05 Сәуір, 2023

Туризмді дамытудың жөні – жолды түзеу

506 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Туризмге әлемдік жиынтық өнімнің 10 пайыздайы тиесілі, яғни бұл сала мұнай және мұнай өнімдерін, автокөліктерді экспорттаудан кейінгі үшінші орында. Алайда «World Travel Tourism Council» халықаралық ұйымының мәліметі бойынша Қазақстандағы туризм ішкі жалпы өнімінің 5,2 пайыздайын ғана өндіреді. Көздің жауын алатын тамылжыған табиғаты, көне заманнан қызғылықты сыр шертетін тарихи-мәдени орындары көп елімізде туризмнің зор әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны қынжылтпай қоймайды.

Туризмді дамытудың жөні – жолды түзеу

Мұның бір себебі – көршілес елдердің көптеген турисі курортты аймақтарымызға сапарлайтын автомобиль жолдарының жай-күйі сын көтер­мейтіндігінде. Мәселен, Қазақстандағы туризмді дамытуда ТОП-10-ға енгізілген келешегі кемел туристік бағыттар саналатын Көкше өңіріндегі әйгілі Бурабай және Солтүстік Қазақстан облысы­ның Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймақтарына жазғытұрым Ресей Федера­ция­сынан ағылатын туристер санын көбейту үшін республикалық маңыздағы Омбы – Көкшетау тас жолының Дәуіт стансасы мен Бидайық ауылы аралығындағы әбден тозған шұрқ-тесік учаскесін қалпына келтірмей болмайды.

Жуырда Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданының орталығы – Кішкенекөл ауылының ардагерлерімен кездескенімізде, олардың көтерген басты мәселесі де осы жол учаскесінің «жыры» болды.

«Еліміздің шекарасында орналасқан Бидайық ауылынан Дәуіт стансасына дейінгі 105 шақырым асфальт жол ойдым-ойдым болғандықтан, жолау­шылардың зықысын шығарады әрі көліктің доңғалақтарын да бүлдіріп тастайды. Өгізаяңмен қыруар уақытың да текке кетеді. Ал Бидайықтан әрі  Ресей Федерациясының Омбы облысы бас­талады. Жолы тақтайдай тегіс. Сол жақтан жазда атақты Бурабай курортына және суы мөлдір Шалқар мен Имантау көлдеріне демалуға баратын орыс-қазақ ағайындардың санында есеп жоқ. Тек осы 105 шақырым жол олардың жүйкесін тоздырып, «Әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтқан Қазақстан осы ма?» деп сынап жатады. Олардың алдында өз мемлекетіміз үшін ұялып, көзімізбен жер шұқимыз. Осы мәселе хақында он шақты жылдан бері облыс басшыларына да, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарына да талай мәрте шағындық. Тек биыл ғана Дәуіттен Кішкенекөлге дейінгі жол учаскесін жөндеуге қаржы бөлініпті деп естідік. Бұл жұмыстың өзі 27 айға созылмақшы екен. Ал Бидайыққа дейінгі 55 шақырым жолдың қашан қалпына келтірілетіні белгісіз. Өйткені оның жобалық-сметалық құжаттамасы әлі күнге жасалмапты. Үкіметіміз туризмді дамытамыз деп жалаң ұрандатқанша, курорттарға баратын жолдарды түземей ме?!» десті кішкенекөлдік ақсақалдар.

Иә, ресейлік туристер алдында тәуелсіз мем­лекетіміздің беделін түсіріп әрі Солтүстік Қазақ­стан облысы Уәлиханов және Ақжар аудандары тұрғындарының барыс-келісін қиындатып, титықтарына тиіп тұрған республикалық маңыздағы А-13 Көкшетау – Омбы автомобиль   жолының жай-күйін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктері әдейілеп барып өз көздерімен көрмесе, оны қалпына келтіру ісі тағы да созбаққа салынуы мүмкін. Сондай-ақ Алакөл мен Балқаш көлдерінің жағасындағы туристік орындарға баратын автомобиль жолдарының жағдайы да жетісіп тұрған жоқ. Оның үстіне, жолаушылардың жүйкесіне тиетін жүздеген шақырым сапасыз жолдардың бойында жайлы дәретханалар мен заманауи сервис объектілерінің жоқтығы да туристерді көптеп тартуға кедергі келтіретіні анық.

Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасында туризмнің еліміздің ішкі жалпы өніміндегі үлесін 8,2 пайызға жеткізу міндеті қойылған. Оны жүзеге асыруға аталған тұжырымдаманы әзірлеген Мәдениет және спорт министрлігі ғана емес,  орталық және жергілікті атқарушы органдардың барлығы жауапты. Тек олар «аққу – көкке, шортан – көлге, шаян – шөлге тартқан» әйгілі мысалдағыдай білек біріктіре алмай жатса, көздеген мақсаттың орындалуы екіталай. Бұл ретте жаңа Үкімет туризм саласына кешенді көзқараспен қарап, өзінің үйлестірушілік функциясын пәрменділікпен қолданса, құба-құп.