Еңбек • 05 Сәуір, 2023

Сүт цехын ашқан жігіт

355 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгінгі күні өңірде 52 сүт тауарлы фермасы тынымсыз жұмыс істеп тұр. Ал қуаттылығы 50 бастан 600 басқа дейінгі фермалардағы сауын сиырдың саны 14 мың бастан асып жығылады. Әйткенмен, өңірдегі сүт өндірісінің бүгінгі қарқыны көңіл көншітпейді. Қысқасы, облыста сүт өндірісін 2025 жылға дейін 30 пайызға жеткізу үшін нақты жұмыстар қолға алынып отыр.

Сүт цехын ашқан жігіт

Мемлекет тарапынан сүт өндірі­сін еселеу үшін айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Нәтижесінде, көрсеткіш өткен жылмен салыс­тырғанда 1,6 пайызға артты. Әлбетте, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алдағы уақытта тындыратын тірлік аз емес. Өйткені өңір басшысы Нұр­жан Нұржігітов сүт өндірісінің аясын кеңейтуге айрықша мән беріп отыр.

Сүт өнімдерін өндіруде Бауыржан Момышұлы ауылында орналасқан «Ali-Ko Sut» шағын сүт цехының да айтарлықтай үлесі бар. Мұратбек Нысанов басқаратын цех жұмысы жыл өткен сайын өнім көлемін арттырып отыр. Жаңа істің көзін табуға ұмтылған кәсіпкер 2021 жылы шағын цех ашқан.

«Сүт өңдейтін цехқа қажетті аппараттарды Ресей Федерациясы­нан 25 миллион теңгеге сатып алғанбыз. Мұздатқыш, сүт, қаймақ пастерлеуге арналған аппараттар, сеператор, м а й дайындайтын аппарат және өзге құрылғыларымыз жет­кілікті. Цехты ашу үшін шамамен 40 миллиондай қаржы жұм­садық. Әрине, кіріс кіруі үшін алды­мен шығындануға тура келе­ді. Бастысы цех жұмысы бүгін­­де айтар­лықтай нәтиже бере бас­таға­ны көңіл қуантады», дейді М.Ны­санов шағын сүт цехын ашу оңайға соқ­пағанын айтып.

Кәсіпкердің айтуынша, цех жұмы­сын жүйелеу үшін жергілікті мамандарды жұмысқа тартқан. Олар өз кезегінде ауысыммен еңбек етеді. Ал мұнда өндірілген өнім негізінен ішкі нарықты қамтиды.

«Біз мамандарды таңдауда жер­гілікті тұрғындарға басымдық бердік. Бүгі­нгі күні ауылдың жеті бірдей азаматы тұрақты жұмыспен қамтылғанын айта кеткен ләзім. Олар тиісінше ауысыммен жұмыс істейді. Орта есеппен жалақылары 100 мың теңгеден жо­ғары. Бір қуаныштысы – жұмысқа қабыл­дан­ған аза­маттардың барлығы өз ісін же­тік бі­летін мамандар. Сондықтан жұ­мыс барысында айтарлықтай мәселе жоқ.

Цехта технолог, зертханашы, май дайындаушы, сүт қабылдаушы секілді мамандармен бірге әртүрлі жұмыстарды жүзеге асыратын қызмет­керлеріміз бар. Олар жұмысқа арналған арнайы киіммен толықтай қамтылған. Бастысы, санитарлық талаптар, техникалық қауіпсіздік секілді ережелер қатаң сақталған. Қызметкерлердің өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайтыны қуантады»,  дейді кәсіпкер.

М.Нысановтың айтуынша, цех қызметкерлері ауданға қарасты ауылдардан тәулігіне 1,5 тонна сүт қабыл­дайды екен. Цехта өндірілген өнім­дер аудан орталығындағы дүкен­дерге өткізіледі. Сонымен қатар Тараз және Алматы қалаларына жөнел­тіледі. Бүгінде ірімшік, май, қаймақ өндіріп отырған кәсіпкер алд­ағы уақытта айран мен сыр өндіру жұ­мыс­тарын қолға алуға бекініп отыр.

Салада ширек ғасырлық еңбек өтілі бар технолог Татьяна Жуковская өнім өндірудің өзіне тән машақаты мол екенін айтады. Расында да технолог маманнан бастап, білек сыбанып тер төгіп жатқан өзге мамандарды көргенде жұмыс үдерісінің оңай еместігін бірден түсінесің. Сүт қабылдау кезеңінен бастап, сүт өңдеу үдерісінің басы-қасында жүретін мамандардың еңбегі адал.

Иә, цехтың бір бөлігінде құрт, енді бір бөлімінде сүзбе, ірімшік жасап жатқан қызметкерлердің маңайына мойын бұруға мұршасы жоқ  екендігі көрініп-ақ тұр. «Адал еңбек бәрін  жең­бек» дегеннің мәнін осындайда түсіне­сің. Жұмысы жолға қойылған шағын цехта басқа да өнімдерді өндіретін күн алыс емес. Оған күмән да жоқ.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы,

Бауыржан Момышұлы ауылы