Сұхбат • 05 Сәуір, 2023

Теміртаудың экологиясы қашан түзеледі?

307 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ металлургиялық комбинаты өткен ғасырдың ортасында салынған. Сол кездегі техникалық шешімдер қазіргі замандағыдан технологиялық үдерістер, энергия тиімділігі және қоршаған ортаға әсер ету дәрежесі бойынша ерекшеленеді. Компания өз басымдықтарын айқындай отырып, металлургия комбинатының өндірістік және экологиялық жабдықтарын жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Теміртаудың экологиясы қашан түзеледі?

«Egemen Qazaqstan»-ға берген сұхбатында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ техникалық директоры Константин Цимбал компанияның экологиялық жобалары жайлы айтып берді.

- Константин Георгиевич, өткен жылы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қандай экологиялық жобаларды аяқтады?

- Компания бекітілген Жол картасы мен табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарының орындалуын мұқият қадағалап отыр. Жақында аяқталған жобалардың ішінде:

- тығыздау аймағының сыртындағы №5 агломашинаның тозаң тазалау жабдығын электрсүзгі орната отырып реконструкциялау;

- агломерат бункерлері корпустарының тозаң тазалау жабдықтарын реконструкциялау;

- конвертер цехының миксер бөлімшесінде және кокс-химия өндірісінің көмір дайындау цехының № 31 қайта тиеу торабында жеңқапты сүзгілерді орнату арқылы реконструкциялау;

- күл-шлам жинағышты ұлғайту;

- жылу-электр орталығы – бу-ауа стансасынан шығатын газдарға арналған түтін құбырын бөлшектеу және монтаждау;

- агломерациялық цехтың АҚ-4 шихталы бункерлер корпусының тозаң тазалау жабдығын жеңқапты сүзгілерін орната отырып реконструкциялау;

- №5 кокс батареясынан шығатын газдар үшін түтін құбырын бөлшектеу және монтаждау;

- №1-4 кокс батареяларын жөндеу;

- ЖЭО-АБС, ЖЭО-2 қазандық цехтарының сақиналы және батареялық эмульгаторларын, электрсүзгілерін күрделі және ағымдағы жөндеу;

- күкірт мөлшері жоғары Кентөбе концентратының агломерациясына кен қоспасының құрамын төмендету.

- Бұған дейін компания кокс батареяларын жаңғырту бойынша үлкен жұмыс басталғанын мәлімдеген еді. Осы жоба қалай іске асырылуда?

- №3, №4, №5 кокс батареяларын күрделі жөндеу сәтті аяқталды. Осы жұмыс 2022 жылы және 2023 жылдың I тоқсанында атқарылды. Бұл кокс өндірісін ұлғайтуға және кокс-химия өндірісінің апаттылығын төмендетуге мүмкіндік берді. Бұған қоса, жылыту жүйесіне шикі кокс газының сорылуын болдырмау арқылы түтін құбырынан шығатын зиянды заттардың шығарындылары азайтылды. Қазіргі уақытта №7 кокс батареясының 18 камерасын күрделі жөндеуге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыс 2023 жылдың екінші тоқсанында кокс батареяларын жөндеуге мамандандырылған халықаралық компанияның супервизиясы арқылы басталады.

Өткен жылдың төртінші тоқсанында ең маңызды жоба – жобалық қуаты 1,5 миллион тонна кокс өндіру болатын №8 және №9 жаңа кокс батареяларын салу басталды. Бұл жоба сондай-ақ көмір дайындау цехын, кокс сұрыптау учаскесін жаңғыртуды қамтиды және экология саласындағы қолжетімді технологиялардың талаптары мен қазіргі заманғы нормаларға сәйкес келеді. Аталған жоба жоспар бойынша іске асырылуда және 2026 жылы аяқталады. Содан кейін ескі кокс батареяларын қолданыстан кезең-кезеңмен шығару жүзеге асырылады. Бұл кокс-химия өндірісінің персоналы үшін еңбек жағдайларын түбегейлі өзгертеді және Теміртаудағы экологиялық жағдайды жақсартады. Осындағы кокс-химия өндірісінде шикі кокс газын күкірттен, нафталиннен және аммиактан сапалы тазартуға мүмкіндік беретін жаңа химиялық тұту цехының құрылысы да жүріп жатыр. Бұл жоба іске қосылғаннан кейін экология айтарлықтай жақсаруға тиіс.

- Тағы қандай жобалар жүзеге асырылуда?

- Қазірдің өзінде көптеген ірі жоба басталып жатыр. Соның ішінде Теміртаудағы экологиялық жүктемені төмендетуге ықпал ететіндері де бар. Бұл – ең алдымен, ЖЭО-БАС-тағы №1 қазандықты жаңғырту. Жаңа қазандықтың конструкциясы жану үдерісінің әлдеқайда жоғары тиімділігін және энергия тиімділігін қамтамасыз етеді. Шығатын газдар тозаң мен күкірт оксидтерінің шығарындыларын азайтуға мүмкіндік беретін екі сатылы эмульгаторлардың көмегімен тазартылады.

ЖЭО-2-де №7 қазандықтың құрылысы жалғасуда, ол биыл аяқталады. Жаңа қазандық конструкциясы жану үдерісінің әлдеқайда жоғары тиімділігін, сондай-ақ энергия тиімділігін қамтамасыз етеді, ал тазарту жабдықтары әуеге шығатын тозаң мен  күкірт диоксидін едәуір азайтады.

2023 жылы екі стансада да қазандықтарды күрделі жөндеу жүргізіледі. Бұл олардың сенімділігін арттырып,  пайдалы әсер коэффициентін және отынның жану үдерісін жақсартуға мүмкіндік береді.

- Көптеген оқырман «АрселорМиттал Теміртау» АҚ сүзгілерді қашан орнатады деп тағатсыздана сұрап жатады...

- Акционерлік қоғамда шығарындылардың 212 көзі тозаң-газ тазарту жабдықтарымен жарақтандырылған. Көптеген эмиттер циклондармен және дымқыл газтазартқыш скрубберлермен жабдықталған. Біз газды тазартудың неғұрлым тиімді технологияларын қолдана отырып, оларды одан әрі жаңғыртамыз.

№ 2 кокс сұрыптау қондырғысында жаңа аспирация жүйесін орнату жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жұмыс кеңістігін зиянды шығарындылардан тиімді тазартуға мүмкіндік береді және экологияға ғана емес, жұмыскерлердің еңбек жағдайларына да оң әсер етеді.

Биыл біз әктас күйдіру цехының №2 айналмалы пешіне жаңа электр сүзгісін орнатамыз. Әктас ұсақтау корпусына жаңа жеңқапты сүзгілер қойылады. Бұл сайып келгенде, шығарындыларды тазартудың жаңа да әлдеқайда тиімді жүйесі мен технологиясына көшу кезеңі болады.
       

- Сіз тізіп айтқан жобалардың жалпы құны қанша?

- «АрселорМиттал Теміртаудағы» ағымдағы экологиялық жобалар мен қоршаған ортаны қорғау бастамаларына жұмсалатын шығындар 500 миллион доллардан асады.

- Жоғарыда аталған жобаларды іске асырғаннан кейін қандай экологиялық тиімділікке қол жеткізіледі?

- Біздің есептеуіміз бойынша компанияның Болат департаментінің эмиссияларының төмендеуі 2030 жылға қарай 53 пайызды құрайды.
 

- Компания парниктік газдар шығарындыларын азайту үшін не істеп жатыр?

- Бұл бағыттағы басты мақсат – көміртегі бейтараптығына қол жеткізу. Еуропалық әріптестерімізбен бірлесіп, өз мақсатымызға жақындауға көмектесетін бірқатар жобаны пысықтап жатырмыз. ArcelorMittal тобы 2030 жылға қарай СО2 шығарындыларын 35 пайызға азайтып, 2050 жылға қарай көміртегіден бейтарап болу мақсатын алға қойып отыр. «Көміртегі ізін» төмендету жөніндегі жобалар компанияның кәсіпорындарында кең ауқымда іске асырылады.

Теміртаудың экологиялық жағдайын жақсарту – біздің ортақ ісіміз! Сондықтан да біз қала тұрғындарымен және экология белсенділерімен басымдықтарды бірлесе айқындау және шешімдер іздеу үшін ашық жұмыс істеп, туындаған мәселелерді талқылап жүрміз. Біз диалог пен компанияның жұмысын жақсарту жөніндегі ұсыныстарға әрдайым ашықпыз!

- Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Кәрібай МҰСЫРМАН,