Мәселе • 06 Сәуір, 2023

Ескі бөгеттер есепке алынуға тиіс

666 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан сайланған Парламенттің бірлескен отырысында еліміздегі судың 65 пайызы ауыл шаруашылығы саласына жұмсалатын болса, соның 60 пайызға жуығы құмға сіңіп кететінін ашық мәлімдеді. Мұндай ысырапшылдықтың жолын кесу үшін жаңа тариф саясатына көшу керек. Әйтпесе алдағы уақытта ахуал күрделене түспек.

Ескі бөгеттер есепке алынуға тиіс

Жаз туа салысымен Ырғыздың Тәуіп, Жайсаңбай, Құтикөл ауы­лының тұрғындары малын суаратын су таппай сандалады. Мол су келмеген соң шағын көлдер сорға айналып, шөп қурап кетеді. Жұрт өзеннің бастауындағы жеке шаруашылықтар суды бөгеп алып, аяғына жібермейді дейді

 чвпр

Өзен аяғындағы жұртқа су жетпейді

Бұл ретте еліміздегі бөгет­терді жаппай жаңғыртып, гидро­техникалық құрылыстарды дербес басқаруға көшіріп, су ре­сурс­тарын пайдалануға квота ен­гізіп, суды есепке алуды автоматтандыруды жолға қоймаса болмайды. Үкіметте әзірленіп жатқан Су кодексінде осы ескертулер қамтылады деген сенім бар. Бұл өз кезегінде ірі өзендер мен көлдермен қоса, шағын дала өзендерін де қорғау қажеттігін күн тәртібіне шығарды. Ол үшін не істеу керек?

Еліміздегі шағын өзендер бойындағы шлюздер, бөгеттер, тосқауылдардың көбі мемлекеттік тіркеуде жоқ. Еліміз тәуелсіздік алған отыз жылдан бері мұндай құрылыстар түгенделмей, олар­дың жағдайына сараптама жүр­гізілмеді. Дала суына қолы жеткен ірі шаруа қожалықтары бө­геттерді жекеменшігіндей кө­ріп, өзеннің шағын арналарын қалауынша бұрып алған. Иесі болмаған соң судың бас­тауына әркім – қожайын. Су шаруа­шылығын құрдымға кетірудің, гидролог мамандардың жұмысын қажетсінбеудің салдары осындай зардаптарға әкеле бастады.

Бастауын шығыстағы Мұғал­жар қыраттарындағы сансыз шағын бұлақтардан алатын Ақ­төбе облысының сегіз өзені бір мезгілде емес, кезекпен тасиды. Сәуірдің 10-15 аралығында Ырғыз өзені тасиды деп күтілуде. Торғай алабында орналасқан, ұзындығы 600 шақырым болатын осы ежелгі дала өзені екі жақтан толығады. Бір бастауы – Мұғалжар бұлақтарынан құлап, жолай еріген қар суымен толығатын Шетырғыз, Талдық, Қайрақты салалары. Үш саламен келген қар суы жақында өзен деңгейін біршама көтеріп тастады. Ырғыз ауданының тұр­ғыны, табиғат жанашыры Мереке Жұбанияздың айтуынша, былтыр 19 наурызда Ырғыз ауылының түбінде су деңгейі 35 см-ден артық көтерілмесе, биылғы наурыздың 20-сында дәл осы жерде судың биіктігі 50 см-ден асқан. Бұл талай жылдан бері су тапшылығын көріп келе жатқан жұрттың үмітін оятты.

Ырғыз өзенінің екінші бастауы – Әйтеке би ауданы жағынан келетін Қарабұтақ, Бақсайыс, Үймола салалары. Бұл тараптан су кешірек келеді. Өйткені арғы жағындағы Арқамен тұтасатын далалықта қар кеш еритіндіктен, су кеш жиналады. Қазір Бақсайыс, Қарабұтақ салалары көтеріліп келеді. Әдетте жыл сайын Ырғыз өзені 10-12 сәуірде тасиды. Осы өзен Қызылжар, Ақши, Ырғыз, Аманкөл, Құтикөл ауылдарын айналып өтіп ағады да, Тәуіп ауылдық округіндегі Құйылыста Торғаймен қосылып, бірге ағып барып Жайсаңбайдың тұсында Құрдымға құлайды. Өзен суы осы жерде жоғалады. Құрдым – жерүсті мен жерасты суының қосылған жері. Су айналымы солай реттелген.

Нұра ауылдық округіне Тор­ғай өзенінің суы келеді. Тор­ғай мамырдың басында тасиды. Былтыр Торғай жақсы тасып, Нұра маңындағы ұсақ көлдерді біршама толтырды. Бірнеше жылдан бері Торғайдың суы Нұраға сыздықтап қана жететін. Былтыр біршама су келген соң құрғап, саз балшығы бетіне шығып жатқан көлдерге жан бітіп, бұл жақта көптен бері естілмеген құс базары жандана бастады. Бірақ шілде туа көлдер қайта құрғап кетті. Қазірде бұрынғы кездегідей мол су жоқ дейді ауыл жұрты.

Былтыр Ырғыз өзенінің аяғындағы Тәуіп, Жайсаңбай, Құ­тикөл ауылдарына су жетпей қалды. Жалпы 7-8 жылдан бері осы жаққа мүлдем су бармай жүр. Аудан жұртшылығы осы келе жатқан мол суды ысырап қылмай, Ырғыз өзенінің аяғындағы үш ауылға жеткізсек деген ойда. Алайда өзен бойында сауатты жобаланған гидротехникалық қондырғылардың болмауынан суды ұстап қалу осы кезге дейін мүмкін болмай келеді. Дала өзен­дерінің бойындағы бұрынғы гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру, су арнасын шаруа қожалықтарының малының тезегімен ластауға жол бермеу және олар қолдан тұрғызған бөгесіндерді бұзу – бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі.

 

Судың табиғи арнасын бұзуға болмайды

Жаз туа салысымен Ырғыздың Тәуіп, Жайсаңбай, Құтикөл ауы­лының тұрғындары малын суаратын су таппай сандалады. Мол су келмеген соң шағын көлдер сорға айналып, шөп қурап кетеді. Жұрт өзеннің бастауындағы жеке шаруашылықтар суды бөгеп алып, аяғына жібермейді дейді. Шөп шабуға да, малдың суатына да, бау-бақшаға да пайдаланылатын өзен суларының жаз бойы адамға да, аң-құсқа да жетпей жатуы еліміздегі күрделі мәселеге айналып барады. Суат үшін жанжал жиі туындап жатады. Бұл жағдай еліміздің ірі өзендерін ғана емес, далалықтағы шағын өзендер бойын мемлекеттік тұр­ғыдан реттеуді күн тәртібіне қо­йып отыр. 1955-1960 жылдары ша­бындық жердің көлемін ұлғайтып, қысқы мал азығын мол жинау үшін Ырғыз өзенінің бойында салынған бөгеттер қазір әбден тозды, көбін су шайып кетті.

Бірер күн бұрын Нұра ауыл­дық округінің бір тұрғыны Тел­ға­раның суы далаға ақты, өзен бастауында мал өлексесі жатыр деп әлеуметтік желіге салды. Осы мәселе бойынша Ырғыз ауданының басшылығы төмендегідей жауап берді: «Бұрын бөгеттің бойында кейін тепкен судың бір бөлігі Телғара өзеніне қарай жіберілетін болғанымен, біраз жыл бұрын оның реттеуші шлюзін су бұзып кетті. Оны қалпына келтіру мақсатында Ақ­ши ауылындағы Ақши бө­геті қайта жарақтандырылып, Жарқын бөгетіне шлюз салынады. Қазір мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізіліп, бас мердігер анықталды. Құрылыс жұмыстары осы жылдың жаз айларында басталады. Алайда бұл жерде жайылма суландыру алқабынан артылған судың бір бөлігі ғана Телғара өзеніне қарай жіберіледі. Өйткені Ырғыз өзені бұрынғы табиғи арнасымен Аманкөл, Құ­тикөл, Құйлыс, Жайсаңбай елді мекендеріне жетуі керек. Алайда Телғара өзенінің бойындағы кей­бір шаруа қожалықтарының иелері сусыз отырған қаншама ауылдың мүддесін ескермей, өзен арнасын өздеріне бұрғызу үшін «су далаға ысырапсыз ағып, Нұра ауылына су келмегендіктен, мал қырылып жатыр» деген негізсіз әңгіме таратып, әлеуметтік желіні шулатып жатыр. Біз бір топ адамның емес, аудан тұрғындарының мүддесі үшін су тапшылығын шешу ма­ңызды деп санаймыз».

Қызылжар ауылдық округінің тұрғындары да Ырғыз өзенінің бойындағы «Айман өткел» бөгетін бөгеп беруді сұрайды. «Жарқын» бөгетіндегі шабындыққа жайылып, кейін тепкен суды жіберетін реттеуші шлюзді қалпына келтіру үшін әуелі «Ақши» бөгетін жөн­деу керек. Егер Жарқынды біте­месе, бүкіл су көлік жолын қуалай ағып Нұра бағытына бұрылып ке­теді де, Аманкөл, Құтикөл, Жай­саңбайға су бармай қалады. Осы үш ауылға су сегіз жылдан бері бармады деп жоғарыда көр­сеттік. Былтыр осы мезгілде тасы­ған су сәл де болса Құтикөлге жа­қын­дады. Жақында Құтикөлдің тұрғын­дары Телғараның бойын­дағы ша­руашылықтар суды біте­мей бізге қарай жіберсін деп дабыл көтерді. Міне, Ырғыз ауданында осындай күрделі мәселе туындап отыр.

«Жазда шлюз қалпына келті­рілсе, су арнасы өзі реттеледі. Көк­темде өте қатты келген су­дың шабындықтан артылғаны жылға­лармен аға отырып Телғараға қосылады. Егер арна толғанда, шлюзді ашып жіберсе, бөгетке жиналған су арынымен Нұраға кетіп қалады да, Аманкөл, Құти­көл, Тәуіп, Жайсаңбай тұрғын­да­ры тағы да сусыз қалады, дей­ді аудан тұрғыны Мейірхан Әттиев.

 

Тел Жаманмұрыновтың жобасы

Ырғыз ауданы орталығынан 18 шақырым жердегі Ақши суландыру жүйесінің бас бөгеті 1930 жылы республиканың жоспарлау органында мақұлданған. Сол жылдары еліміздің мемлекеттік жоспарлау комиссиясын бас­қарған Тел Жаманмұрынов ұс­талып кеткеннен кейін өзі жо­балаған осы бөгет құрылысы 14 жылдан соң тұрғызылды. Бұл туралы Ырғыз аудандық музейінде сақталған Ералы Тұрабаевтың «Тел Жаманмұрыновты неге іздемейміз?» деген дерегінде бы­лай деп жазылған: «Ақтөбе облыстық мұрағатынан Тел Бұқ­панұлы облыстық атқару ко­митеті төрағасының орынбасары болып қызмет еткен тұстағы құжаттарды іздестіру нәтижесінде 1934 жылы халық депутаттары Ақтөбе облыстық кеңесі атқару комитетінің «Ырғыз-Жа­лаңаш-Масақ-Құтикөл суландыру желісінің құрылысы және Ақши суландыру жүйесі құрылысының жобалық әсері» атты іс-қағаздардан құжаттар көшірмесін алудың сәті түсті». Тел Жаманмұрынов – 1933-34 жылдары Мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төралқасының мүшесі, 1934-37 жылдары Ақтөбе облыстық жоспарлау комис­сиясының төрағасы болып тұрған кезінде жартылай шөлейтті Ырғыз ауданында суландыру жүйесін жобалап, 1937 жылы «халық жауы» ретінде ұсталып кеткен соң аяқсыз қалған. Дегенмен 1951-57 жылдары осы жобамен ұзындығы 62 шақырым, 13 шлюзі бар Ақши бөгеті салынған. Бозкемер, Жар­қын, Ақдала алқаптарындағы 13 мың гектар суландрылған ал­қап­тан ша­руашылықтар жыл сайын 120 мың центнерден аса шұ­рай­лы мал азығын дайындаған екен.

Ырғыз мұражайында Сахан Мұханбетов деген азаматтың естелігі де бар. Ол 1929-1931 жыл­дары Ырғыз аудандық атқа­ру комитетінің хатшысы, 1934 жылы Ақтөбе облыстық жоспар­лау комитетінде Тел Жаман­мұ­рыновтың қарамағында жұ­мыс істеген. Ол: «1929 жылы мен Ырғыз аудандық атқару коми­тетінде секретарь болып іс­тейтін едім, сол жылы Тел ағай іссапармен Ырғызға келді. Қа­телеспесем, ол кезде Нар­ком­земде еді. Сол жолы ол Нар­ком­земнің бірнеше жер суландыратын мамандарын ала келген еді. Ауылдарға шығып, қасындағы мамандарын жер-сумен таныс­тырып, ауданға жақын жерден екі бөгет салып, шабындық жерді суландыру жобасын жасатып кетті. Оның бірі – Ақши, екіншісі Құтикөл бөгеті еді», деп анық жазылған. Ендеше, осы өте сауатты жобаланып, кеңестік мелиорация мамандарының қолымен тұрғызылған тарихи құрылыстарды қайта қалпына келтіру ұлылардың ісіне деген құрмет болса керек. Осы Ақши, Жарқын бөгеттері – аштықтан әлсіреген, шаруашылығы тоз-тоз болған елдің өзегін жалғау үшін салынған тарихи құрылыстар. Техника жоқ кезде, адам қолымен тұрғызылған бөгеттерді кейінгі жылдары әлденеше рет жөндейміз деп бүлдіріп алды. Бұл бөгеттерді жөндеуге кездейсоқ келгендер талай бұзды. Соның кесірінен жетпіс жылдан аса суды реттеп тұрған шлюздер талқандалғандықтан, су тоқтамай айдалаға ағып кетіп жүр. Ырғыз ауданының тұрғындары осындай жауапсыздық пен жаны ашы­мастыққа әбден ашулы. Аманкөл, Тәуіп, Құтикөл елді ме­кен­деріне де су бармай жатуы­на осындай сауатсыз жобалаушылар кінәлі.

Дала өзендерінің суын үнемді пайдалану керек, түздің жануа­р­ы да, үйдің малы да ішетін бастауларды бүлдіруге жол беруге болмайды. Дарақы жо­балаушылардың кесірінен су бармаған соң өзен бойының тал-құрағы мен қамыс, шөбі де сиреді. Жаз бойы дала көк шаң, айналаны құм басып бара жатыр, баяғы көлшіктер сорға айналды. Аудан халқының талабы да табиғатты бүлдіруге жол беруге болмайды деген пікірмен үндеседі.

 

Ақтөбе облысы