Сұхбат • 06 Сәуір, 2023

Мемлекет жастардың дамуына қамқорлық жасайды

413 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жастар саясаты – мемлекеттік маңызды міндеттердің бірі. Қолға алынған әр бастамада олардың табыс деңгейін көтеру, несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен білім алу мүмкіндігін кеңейту көзделген. Әрине, мұның барлығын тиімді жүзеге асыру көбіне жан-жақты ойластырылған бағдарламаға, заңнамалық құжатқа тікелей байланысты. Қоғамның қозғаушы күштеріне арналған еліміздің бүгінгі стратегиялық бағыты туралы Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурсы орталығы» КММ басшысы Шыңғыс Тілеулин өз ой-пікірін ортаға салған еді.

Мемлекет жастардың дамуына қамқорлық жасайды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

– Елімізде жаңадан қабылданған жастар саясаты туралы заң жөнінде не айтар едіңіз? Онда қандай өзгерістер бар?

вр

– Биыл наурыз айында елімізде жас­тар саясаты жөніндегі заң күшіне енді. Құжатқа жергілікті атқарушы ор­гандарға, жастарға жеңілдікпен жалға бері­летін тұрғын үй беру жөніндегі бағдар­ламаларды әзірлеуге және іске асы­руға құқық беретін түзетулер енгізілді. Сондай-ақ заңда жастардың жасы 35-ке дейін ұлғайтылғанын білесіздер. Яғни жастардың үлесі 3,7 миллионнан 6 мил­лионға дейін көбейді. Бұл азамат­тар енді жас отбасыларға арналған жеңіл­діктерге, жеңілдетілген несие алу және басқа мемлекеттің қолдауына ие болады. Сонымен қатар жастардың даму ин­дексі, NEET санатындағы жастар ұғым­дары ресми түрде қолданылады. Ерекше атап өтерлігі жастардың даму индексі – еліміздегі жастардың сапалық тұрғыдан бір деңгейде дамуын қамтамасыз етеді. Демек ауыл мен қаладағы жастардың бір­дей игілікке қол жеткізуіне жол ашылды.

Ақпарат және қоғамдық даму министр­лігі 2029 жылға қарай мемлекеттік қолдау шаралары туралы жастардың хабардар болу мүмкіндігін – 90, ал волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бас­тамаларға тартылу деңгейін 32%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ іскер жастар буынын қалыптастыру мақсатында жас кәсіпкерлерді – 30, жұмыспен қамту орталықтары арқылы 61% жастарды жұмысқа орналастыру жоспарланған. Былайша айтсақ, межелі алты жылда осы санаттағы 2,3 миллион азамат жұмыспен қамтылады. Оның 1 миллионнан астамы ауыл тұрғындары болмақ.

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы да мемлекеттік жастар саясатын тікелей жүзеге асырады. Ұйым 14-35 ара­лығындағы азаматтардың жұмысқа тұруына, цифрлық сауатын арттыруға, ин­новациялық және кәсіпкерлік қызме­тін жан­дандыруға жәрдемдеседі. Бұған қоса жас­тардың мүдделері мен қажет­тілік­тері не­гізінде түрлі жоба мен бағдарлама қолға алынды.

– Жұмыссыз жастардың дені Астана қаласында екен. Түйткілдің түйінін тарқату мақсатында қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

– Жастар саясаты мәселелері басқар­масы «Астана жастары» орталығымен бірлесіп тоқсан сайын 3 мыңға жуық жасты қамтитын «Бос жұмыс орындар жәрмеңкесін» өткізеді. Бұған қоса «Time to change», «Жастардың кәсі­би және жеке дағдыларын дамыту мек­тебі» жобасы шеңберінде тренингтер ұйым­дастырылады. Мұнда 2015 жылдан бастап 9500 адам оқыды. Оның 1185-і – жаңадан бастаған кәсіпкер, 4029-ы – жұмыссыз жас, 3871-і – студент, 415-і – халықтың әлеуметтік осал топтары және мүмкіндігі шектеулі жан. Тренингтер шешендік өнер, кәсіпкерлік, SMM маманы, бизнесті жоспарлау, жобаларды басқару, тиімді таныстыру дағдылары, өзін-өзі басқару, журналистика негіздері жұмысқа орналасу секілді тақырыптарды қамтиды. Бос орындар жәрмеңкелері мен жобалар аясында 2022 жылы 200-ге жуық адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы, «Time to change» аясында жылына мыңға жуық азамат білім алады.

Сондай-ақ 2021 жылы басқарма Аста­наның 4 ауданында «Жастарға қыз­мет көрсету орталығы» жобасына баста­машылық жасады. Оның басты мақ­саты – жастарды қолдауға және жастар­дың жұмыссыздық, тұрғын үй, білім беру, денсаулық сақтау, бос уақыт және басқа да өзекті мәселелері бойынша кон­суль­тациялық көмек көрсетуге бағыт­тал­­ған мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру.

Бүгінде орталықтан 10 мыңға жуық адам кеңес алды. Олардың 80-90 пайы­зы кәсіптік бағдар беру, жұмысқа орналастыру және тұрғын үй мәселелері бойынша өтініштер. Айына «Job_astana_jastary» парақшасында Астана қа­ласының жастары үшін кемінде 100 бос жұмыс орны жарияланады. Одан бөлек NEET санатындағы азаматтар арасында жұмысшы мамандықтарының имиджін жақсарту үшін «Үздік» және «Astana Жас жігер» атты жобалар бар.

– Елдің экономикасына үлес қосу үшін мемлекет тарапынан жастарға қандай да бір міндеттер қойылуы керек пе? Олар инфантилді болып бара жатқан жоқ па?

– Жастарды мемлекеттік қолдау кө­лемі шамамен 2 есеге ұлғайды. Оларды әлеуметтік қолдау мәселесі бірінші орын­да. Жалпы, мемлекет тарапынан 14-35 жас аралы­ғындағы азаматтарға міндеттеу жоқ. Қазіргі буын – өздерінің ойын ашық айта алатын, креативті, өзінің не қалайтынын білетін, болашағын жоспарлай алатын азаматтар. Әрине, таяқтың екі ұшы бар. Мемлекеттің ілкімді жобаларын игілігіне қолданып, елдің экономикасына өз үлестерін қосып жатқан азаматтар да, жұмыссыздардың санын арттырып жүргендер де бар. Осы ретте, жоғарыда атап өткен, жастардың даму индексі жастардың әл-ауқатын бағ­дарлауға көмектеседі.

– Креативті кеңістіктегі жастардың үлесі қандай?

– Бүгінде жастар озық идеяларымен қаруланып, еліміздің өркендеуіне ба­рынша үлес қосып келеді. Әсіресе бұл креативті экономикада байқалады. Қазір олардан өз талантын барынша ашуға, оны халыққа көрсетуге деген құлшынысын көріп жүрміз. Әрқайсысы өңірлерінде ұйымдар, орталықтар ашып, өзі секілді креативті буынның басын қосып, қатарластарының санасын жаңғыртуға зейін қойған. Бұл бағыттағы іс-шаралар өте көп. Олардың бірі еліміздегі креативті индустрия концепциясын дамы­тудың жаңа форматы – «Creative табыс тарихы» жобасы. Бағдарлап қарасақ, қан­шама жасымыз өнер, спорт, жаңа технологиялар салаларында біраз жетіс­тікке жетіп, елімізді әлемдік дең­гейде танытып жүр. Осыны ескерген ұйым­дас­тырушылар шығармашылық пен тың идеяны табыс көзіне айналдыруды көздеді. Яғни елімізден шыққан әрбір таланттың экономикаға, соның ішінде туризм секторының дамуына тікелей әсер етуіне ықпалдасады.

.

– Жастарды алаңдататын тағы бір мәселе – баспана. Public Policy Research мекемесі жасаған зерттеулерге сәйкес, елімізде 30-ға толмаған азаматтардың 54,3 пайызы пәтер жалдап тұрса, 18,6 пайызы жатақханада тұрады. Бас­пана нары­ғындағы бағдарламалар жастар­дың бағын қаншалықты ашуда?

– Елордада жастарға арналған 2 тұрғын үй бағдарламасы жұмыс істейді: «Elorda zhastary» жеңілдетілген несие беру және «Жұмысшы жастарға сатып алу құқы­ғын­сыз жалға пәтер беру» бағдар­ламасы.

Астана мамандарына жеңілдікпен несие беруге бағытталған «Elorda zhastary» бағдарламасы 2021 жылы басталды. Былтырдың өзінде 200 несие берілген, оның ішінде 5 қатысушы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатынан. Жобаға 35 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Несие сомасы 18 млн теңгеге дейін. Пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5%. Бастапқы жарна – 10%. Несие мерзімі 25 жылға дейін. Ал «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға пәтер беру» бағдарламасы 2019 жылы іске қосылды. 2019 жылы – 1050, 2020 жылы – 350, 2021 жылы 1050 пәтер кілті табысталды. Баспана 5 жылға беріледі. Жобаның мақсаты – осы аралықта жастардың өз қаражаттарын жинақтап, жеке үйлерін сатып алуға жәрдемдесу. Негізгі міндет – жұмысшы азаматтарды қолдау. Мұнда бес қағидат негізге алынады: өтінім берушінің жасы 35-тен аспаған, жұмыс істейтін, меншігінде тұрғын үйі жоқ, жинақ жасау үшін депозиттік шоты бар, соңғы 6 айда кемінде 40 АЕК табысы болуы шарт.

– Жастар – ертеңгі ел билігінің тұтқасын ұстайтын азаматтар. Осы­ны ескерсек, жас буын қандай қа­сиеттерді бойына сіңіріп жетілуі керек?

– Жастардың бойына қазір патриоттық тәрбиені, ұлттық құндылықтарды дәріптеу маңызды. Жастар рухани байлық, таза ой, терең білім, адамгершілік, адалдықты бойы­на сіңіріп, қайратты және жылы жүректі болса, болашағымыз жарқын боларына сенімдімін.

Жалпы, «Астана жастарының» негізгі бағыттарының бірі – жас­тар арасында во­лонтерлік қызметті дамыту және әлеу­меттік белсенділік мәдениетін қа­лып­тастыру. 2014 жылдан бастап «Во­лон­тер­лер мектебі» жобасы жүзеге асыры­лып келеді. Оқыту әлеуметтік волон­тер­лік, ТЖ волонтерлері, халықаралық іс-ша­ралар үш бағытта өтеді. Осы жоба көме­гімен қатысушылар бос уақытын тиім­ді өткізуге, жаңа достар табуға, уни­вер­­­ситетке түсу үшін сертификат алуға және CV-ді ілгерілетуге мүмкіндіктері бар.

Былтыр наурыз айынан қазан айына дейін «Еріктілер мектебі» жобасы аясында 12 волонтерлер тобы, яғни 309 адам оқытылды. Бұл жоба шеңберінде волонтерлер әлеуметтік осал топтарға: жал­ғызбасты қарттарға, көпбалалы отба­сыларға және өзге жандарға арнайы 113 азық-түлік жиынтығын таратты.

2020 жылдан бері жастардың ой өрісін дамыту және шабыттандыруда «Jastar talks» жобасы тұрақты жұмыс істеп тұр. Алаңға белгілі бір салада жетістікке жеткен тұлға шақырылып, жастармен сұрақ-жауап форматында ашық, бейресми түрде кездесу өтеді.

Бүгінде Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» аула клубтарын дамыту бөлімінің жетекшілігімен қала аумағында 25 аула клубы жұмыс істейді. Бұл жастар мен жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға, балалардың денсаулығын жақ­сартуға және олардың өмірлік белсен­ділігін арттыруға, патрио­тизмнің дамуы­на ықпал етеді. Осы ретте айта кетерлігі, Астана қала­сының қоғамдық даму бас­қармасына бекітілген ІІД ювеналды по­ли­циясының есебінде тұрған кәмелетке толмағандар аула клубтарына барады. Биыл 25 клубта 7 жас­тан 35 жасқа дейінгі балалар мен жастар арасынан 3100-ге жуық тәрбиеленуші тіркелген. Үйірмелер мен секциялар саны – 124. Оның ішінде спорт секциялары – 68, шығармашылық бағыттағы үйірмелер саны – 56.

Бұған қоса «Жас сарбаз» әскери-патриот­тық қозғалысы Астана қаласы­ның орта және кәсіптік білім беру мекеме­лерінің оқушылары арасында бірнеше іс-шара ұйымдастырды. Мұндағы бас­ты мақсат – өскелең ұрпақтың бойына ел азаматына тән патриоттық сезім мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру.

Сондай-ақ «Ұрпақтар дауысы» жобасы­ аясында жастар арасында спорт пен сала­матты өмір салтын, көше спортын дамыту және ұлттық спортты танымал ету мақсатында турнирлер мен шеберлік сыныптары ұйымдастырылады. «Keruen Fest» атты киіз үй жинау, қолөнер шебер­ханалары, бұйымдар жәрмеңкесі, айтыс, аквагрим, танымдық кездесулер, ұлт­тық ойындар сияқты бағдарламалардан тұ­ра­тын­ ауқымды жоба да бар.

.

– Сіздің ойыңызша, осыдан 20-25 жыл бұрынғы жас пен бүгінгі ұрпақтың арасында қандай айырмашылық бар?

– Заманауи жастар жаңа технологияларды жетік меңгеруден бөлек, сол технологияларды ойлап табуда жетістікке жетуді көздеуі керек. Байқағаным, 14-35 жас аралығындағы буын үнемі қозғалыста жүргенді жаны сүйеді. Бір салада қызмет етіп қана қоймай, өздерінің қарым-қабі­летін шыңдап, кез келген бағытты оңай игеруде. Нарық заманы болған соң, мей­лінше көп табыс табуға ұмтылады. Бұрынғы жас­тар мен қазіргі жастардың басты айыр­машылығы ақпараттық технологияның дамуымен көрінді. Яғни олар білімге құмар, бірнеше тілді меңгеруге құлшынысы бар, саяхатты ұнататын, ең бастысы елінің өсіп-өркендеуіне пайдамды тигізсем деген азаматтар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Зейін ЕРҒАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»