Ғалым • 05 Сәуір, 2023

Отандық астрофизиктер ашқан жаңалық

435 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің астрофизиктері NASA спутниктерін басып озып, әлемде бірінші болып гамма-сәуленің жарылуын тіркеді. Бұл отандық ғылым үшін үлкен жетістік. Бұған әлем елдері де таңдай қағып отыр.

Отандық астрофизиктер ашқан жаңалық

Ассы-Түрген астрофизикалық обсер­ваториясында орналасқан Nazar­bayev University-нің жылдам телес­копы (NUTTelA-TAO) гамма-сәулелі жарылыс деп аталатын ғарыш­тық оқиғаға жаңа әрі бірегей бақылау жүр­гізді. Гамма-сәулелі жарылыс ғалам­­дағы ең күшті жарылыс болып сана­­лады. Халықаралық ғылыми қауым­­дастықтың ондаған жыл бойы жүргізген зерттеулеріне қарамас­тан, олардың нақты табиғаты мен пара­метрлері әлі күнге беймәлім әрі түсініксіз.

яар

– Біз GRB230328B гамма-сәулелі жарылысын 28 наурыз күні кеш­кілік 20:55-те, яғни құбылыс бастал­ғаннан кейін небәрі 41 секундтан кейін байқадық. Бұл бұрын-соңды жазылған гамма-сәулелі жарылы­с­тың ең жылдам оптикалық көп арналы бақылауы болып саналады. Біз оқиғаны бір уақытта жасыл, қызыл және инфрақызыл диапазондарда бақылаймыз. Бұл бізге сигнал спектрі туралы түсінік береді. Аталған бақы­лаулар телескобымыздың бірегей сипат­тамаларының нәтижесінде мүм­кін болғанын атап өткен жөн. Бақылау халықаралық ғылыми қоғамдастыққа жарияланды, – дейді Энергетикалық ғарыш зертханасының (ECL) жобалық тобының ғылыми-зерттеу инженері Жанат Мақсұт.

Жалпы, бақылауды 14 обсерва­тория жүргізген. Соның ішінде бірінші болып біздің ғалымдар құбы­лысты байқаған. Ал қалған обсерва­ториялардың телескопы гамма-сәулелі жарылысты 30 минуттан кейін байқағаны белгілі болды. Демек, Nazarbayev University Энергетикалық ғарыш зертханасының командасында гамма-сәулелі құбылысты жарылыстан кейінгі 41-і секундтан 30-шы минутқа дейінгі қуатты жарқырауы туралы дерек бар. Мұндай деректер басқаларға бұйырған жоқ. Бақыланған деректерді қазір зерттеушілер тобы мұқият зерделеп жатыр. Талдау толық зерттелмеген гамма-сәулеленулердің табиғатын ашуға үлес қосады деп күтілуде.

– Бұл бақылау ғылымында жасал­ған үлкен қадам. Оның автоматтан­ды­рылған телескоп пен аспаптар жүйесін жасау және орнату көзқарасына, қар­жыландыру мен жұмысын ғана емес, сонымен қатар ұжымның жоғары кәсібилігіне де байланысты екенін мойындау маңызды. Ең қызықты жұмыстар алда. Енді жиналған құнды деректерді өңдеу әрі талдау жұмыстары күтіп тұр. Осы жетістік үшін ұжымға алғыс білдіремін, – деді астрофизик, космолог, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут.

Энергетикалық ғарыш зертхана­сының негізін қалаушылардың бірі, доктор Қанат Байғарин да пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, бұл жаңалық отандық ғалымдардың үлкен әлеуетке ие екенін көрсетеді.

– Біз шынымен де жас әрі тәжі­рибелі ғалымдарды ғарышты және басқа да іргелі ғылымдарды зерттеу­ге шабыттандыратын нәтижеге қол жет­кіздік. Аса қуатты телескопымыз бағдар­лау кезінде гамма-сәулелік жарылыс туралы сигнал келгеннен 10 секундтан кейін, яғни 41 секундта өзге­рісті бақылауға кірісті, – деді Қанат Байғарин.

Бұрын Энергетикалық ғарыш зертханасының командасы NUTTellA-TAO телескопын пайдалана отырып, гамма-сәулелі жарылыс сәтінің 58 секундынан бастап GRB201015A-ны ерте кезеңін бақылаған екен. Үш EMCCD камерасынан алынған бақы­лауларды бір уақытта пайдалана отырып, олар америкалық ғалымдар бұрын ұсынған «шаң шашырауы» теориясын дәлелдеді. Бақылау нәтижелері беделді Monthly Notices of the Royal Astronomical Society журналында жарияланды.

– Осыған дейінгі гамма-сәулелі жарылыстың ерте кезеңі тек жарылыстан кейінгі 1 сағатта бақыланған. Бұдан да ерте кезеңді бақылау үшін өте жылдам қозғалатын телескоп керек. Біз өзіміздегі жылдам қозғалатын NUTTelA-TAO телескобының көме­гімен гамма-сәулелі жарылысты 58-ші секундтан бастап бірнеше сағат бойы бақыладық. Алған нәтижеміз осыған дейінгі тек теориялық тұрғыдан айтылған тұжырымды растады, – деді Nazarbayev University Энергетикалық ғарыш зертханасының ғылыми қызметкері Тоқтархан Көмеш.

Еске сала кетейік, Nazarbayev University-дегі Энергетикалық ғарыш зертханасы 2016 жылы астрофизик, Нобель сыйлығының лауреаты Джордж Смут және отандық ғалым Қанат Байғариннің басшылығымен ғылыми халықаралық орталық ретінде құрылған болатын. Зертхананың негізгі бағдарламалары MKIDS детек­торлар мен басқа да криогендік датчиктерді, жылдам жарқылдарды зерттеуге арналған криогендік қондырғыны қам­тиды. Сондай-ақ гамма-сәулелі жар­қылдарды және басқа да өтпелі үдерістерді өлшеуге арналған көп­диапазонды оптикалық телескоп бо­йынша эксперименттерді жүргізеді. Бұған қоса аса жылдам астрономиялық аспаптарды, сондай-ақ космология тео­риясын және деректерді талдауларды қамтиды.