Еңбек • 05 Сәуір, 2023

54 мың адам еңбекке араласады

405 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеншілер аймағы биыл 54 мың адамның жұмыспен қамтылуын жос­парлап отыр. Бұл бағытта қысқа мерзімді кәсіптік оқыту және зейнет жасына дейінгі адамдарды жұмысқа орналастыру жөніндегі бағдарламаның ықпалы зор. Бұған қоса жеңілдетілген несие, өтеусіз гранттар кәсіпкерліктің өрісін кеңейтіп, жұмыссыздықты жоя түспекші.

54 мың адам еңбекке араласады

Ұлттық жобалар аясында – 5 мың, бос жұмыс орындарына – 22 мың, жеке бастамалар аясында 17 мың адам екі қолға бір күрек тапса, кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы арқылы – 31 мың, оның ішінде субсидияланатын жұмыс орындарына 5 мыңнан аса аймақ тұрғыны орналаса алады. Мұның сыртында 1,5 мың адам қысқа мерзімді курстардан білім алады. Онда жұмыс берушілердің сұранысымен 481 адам бар. Ал Skills Enbek платформасы арқылы мыңнан аса адам жаңа кәсіп меңгермекші. Бүгінде 7 мың адам жұ­мыспен қамтуға қатысты түрлі ша­ра­ларға жұмылдырылған. Оның 6 мың­ға жуығы жұмысқа орналасыпты.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бас­қар­масының басшысы Әсем Жүніс­пекованың айтуынша, жастар кәсіп­керлігін дамыту мақсатында жаңа тетік қолданылады. Бұл – жыл­дық пайызы 2,5% жеңілдетілген несие.

– Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін биыл жаңа тетік – жылдық 2,5% жеңілдікпен несиелеу енгізіліп жатыр. Соның ішінде аймақта 324 несиеге бөлінген қаржы көлемі – 1,6 млрд теңге. Ең жоғары сома – 5 жыл мерзімге 5 млн теңге. Ал мал ша­р­уа­­шылығындағы жобалар үшін 7 жыл­ға дейінгі мерзім қарастырылған. Мұнда кепілге қояр мүлік – басты талап. Құжаттар мен бизнес-жоспар Аграрлық несие корпорацияның филиалына ұсынылады. Несие беру туралы шешімді комиссия қабыл­дайды, дейді басқарма басшысы.

Бұған қоса әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың да кәсіпкерлікпен айналысуына қолайлы мүмкіндік бар. Бұл – тың жобаларға тапсырылатын грант. Мысалы, биыл Қарағанды об­лы­сында бизнес-идеяларды іске асы­руға 190-нан аса грант берілмекші. Жал­пы, сомасы 263 млн теңгеден асып жығылады. Қазіргі кезде олар 49 грант алды.

«Күміс жас» жобасындағы өзге­рістерге байланысты бұл жобаға енді 50 жасқа толған азаматтар да қатыса алады. Бұрын бағдарлама 58 жастан асқан адамдарды ғана қамтып келген еді.

Облыстағы жұмыссыздарды жеке көмекші және әлеуметтік қызметкер мамандықтарына оқыту жоспарланып отыр. Осыдан кейін олар зейнеткерлікке шыққанға дейін кемінде бір жыл, ал зейнеткерлікке дейінгі жастағы (58 жастан асқан) адамдар тұрақты жұмыс орнына орналасады.

«Жастар тәжірибесі», «Бірінші жұмыс орны» және «Ұрпақтар ке­лісімшарты» жобаларында еңбек­ақы мөлшері 30 АЕК-ке дейін ұлғай­ғаны мәлім. Бұл жобаға қатысу мерзімі – 12 айға дейін.

– Кадр мәселесін шешу үшін «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының өңір­аралық еңбек ұтқырлығы аясын­да облысқа жұмыскерлерді тарту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бүгін­гі таңда Түркістан облысымен бірле­сіп, өзара міндеттемелер туралы меморандум жасалды. Облыс жұмыс беру­шілерімен Түркістан облысында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді, дейді басқарма басшысы.

Өңірдің өзінде де кәсіпорындарға халықтың қолжетімділігін көздеген бос жұмыс орнының жәрмеңкесі ұдайы ұйымдастырылады. Сонымен қатар жұмыс орындары мен жұмыспен қамту бағдарламалары туралы тұр­ғын­­дарға кеңес беретін мобильді топтар жұмыс істейді.

 

Қарағанды облысы