Көпке аян, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы – «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолы» экономикалық белдеуі стратегиясы аясындағы әлемде теңдесі жоқ Қазақстан мен Қытайдың бірлескен жобасы. Сондықтан оның ұлт үшін маңызы зор. Карантин кезінде ғимараттың өткел бөлігіне кең көлемді жөндеу жұмысы жүргізілген болатын. Осы орайда «Қорғас» ШЫХО» АЭА БК (басқарушы компаниясы)» АҚ инвестициялар және маркетинг департаментінің директоры Әсет Байғараевтың бастауымен туристер қабылдайтын орталықта атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысып қайттық.
Департамент директорының айтуынша, екі бөлімнен тұратын өткізу залында туристерді жайлылықпен қамтамасыз етуге арналған терминал қайта жабдықталып, еден толығымен жаңартылған.
Темір қоршаулар шыны бөлімге ауыстырылып, әрбір паспорттық бақылау кабинасына тепловизорлар қойылыпты. Туристердің кедергісіз өтуі үшін «Блок-А» залына кірер алдында турникеттер орнатылған. Кеденнен ақылы өтуді қалайтын туристер үшін бизнес-терминал (VIP терминал) жасалған. Залды кондиционерлеу жүйесі жаңартылып, туристер мен олардың жүктерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аумақ жарықтандырылып, бейнекамералар орнатылған.
Орталық қайтадан ашылғаннан кейін «Қорғас» ШЫХО-ға Қазақстанның түкпір-түкпірінен, ТМД және басқа елдерден туристер көптеп ағылатыны ақиқат. Сондықтан орталық қызметі барлық бағытқа жетілдіріліп цифрландырылып, келушілерді қабылдау сапасының деңгейін арттыруға әрекеттенуде. ШЫХО аумағында автокөлік кептелісін болдырмау мақсатында автоматтандырылған тұрақ жүйесін әзірлеуді, жолаушылар залында ана мен бала үшін бөлек бөлме, банк бөлімшелері, дәріхана, пост-терминал, банкомат, дүкен, кофехана және намаз оқитын орындар қарастырылған. Сондай-ақ Арбат, сауда орталықтары, қонақүй кешені, фуд-корт, түрлі ұлттық тағамдар мейрамханасы сияқты туристердің уақытты жайлы және қызықты өткізуіне қолайлы жағдайлар жасалған.
– Отандық кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Қытай тарапымен бірлескен этнофестиваль, Қазақстан тауар өндірушілерінің жәрмеңкесін және халықаралық қолөнер шеберлерінің көрмесін өткізу жоспарлануда. Қазір халықаралық орталықты дамытуға бағытталған көптеген жоспар мен идея жүзеге асуда. Өткел залдарында кезектің алдын алу үшін келушілерге билеттерді онлайн сатып алудың жеңілдетілген жүйесі әзірленбекші. Билеттің құны бір адамға шамамен 3000 теңгені құрайды. Орталық ашылғаннан кейін күніне шамамен 3 мың адам қабылдауға мүмкіндік қарастырылған. Басқарушы компания 2023-2025 жылдарға арналған даму стратегиясын әзірледі, – дейді орталықтағы инвестициялар және маркетинг департаментінің директоры Әсет Байғараев.
Осы стратегия шеңберінде Даму тұжырымдамасы сауда-туристік кластерді дамытуға бағытталады. Сондай-ақ сауда орталықтары, қонақүй, ойын-сауық кешені, көрме орталығы және сол сияқты басқа да инвестициялық жобалар көзделген «Қорғас» ШЫХО» АЭА бас жоспары нақтыланады. Инвестициялық тартымдылықты арттыру мақсатында осы жобаларды іске асыру үшін инвесторлар тартуды жоспарлап отыр.
Ашықтық қағидатын ұстанады және келіп түскен барлық жобаны барынша объективтілікпен қарастырады. Ел аумағында тұратын әр азамат биылғы 1 сәуірден бастап орталықтан айына бір рет құны 500 еуродан аспайтын 25 келі тауарды баж салығынсыз әкете алады. Ал көрсетілген мөлшерден асқан әр келі тауар үшін 4 еуро көлемінде салық төлеуге міндетті. Қысқасы, орталық саяхатшыларды қабылдауға сақадай сай.
Жетісу облысы