Үкімет • 06 Сәуір, 2023

Сепаратистік әрекет заңмен жазалануға тиіс

410 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Күні кеше Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар елімізде сепа­ра­тизмге жол жоқ екенін айтып, құзырлы органдар өкілдеріне осы­ған қатысты сұрақтарын қойды. Күн тәртібіне шығарылған заң жо­ба­лары қаралып болғаннан кейін сауалдар қарша борады. Әсі­ресе, Пет­ропавл қаласындағы оқиғаға ерекше назар аударылды.

Сепаратистік әрекет заңмен жазалануға тиіс

Құқық қорғау органдары қайда қараған?

Бұл мәселеге қатысты алғаш­қы сауалды депутат Ерлан Саиров жолдады. Оның айтуынша, бұл оқиға еліміздегі құқықтық сана және қоғамдық үдерістер са­ласында фундаменталды проб­лемалардың бар екенін көрсетеді. Бас прокурор Берік Асыловқа, Ұлт­тық қауіпсіздік комитетітінің төрағасы Ермек Сағымбаевқа, Премьер-министр орынбасары Алтай Көлгіновке қатар жолдаған депутат сауалында шұғыл шешім қабылдауға шақырды.

«Ақ жол» фракциясының мү­ше­сі Қазыбек Иса да Петро­павл­дағы сепартистік пиғылдағы мәлімдемеге қатысты көзқара­сын білдірді. Депутаттың сөзіне сүйенсек, құқық қорғау органдары шабандық танытып отыр.

«Биыл 19 наурызда Петро­павлда 19 сепаратист «Халықтық кеңес» ұйымын құрып, Қазақстан тәуелсіздігін мойындамайтынын жариялады. Тек қоғамдағы үлкен шудан соң облыстық құқық қорғау органдары «қылмыстық іс қозғалды» деген болар-болмас хабар таратты. Оған дейін жарты ай өткенше, олар қайда қарап келген? Қылмыстық кодексте мемлекет біртұтастығын бұзуға шақырғандарға қатаң жаза бар. Ал осы қылмысқа барған 19 сепаратист үйлерінде түк болмағандай жа­тыр. Ал сепаратизм қаупін ал­дын ала сезіп, батыл күрескен мар­ғас­қа Марғұлан Боранбай үш жыл­дан бері түрмеде жатыр», деді Қ.Иса.

Осы орайда, депутат ұлшыл­дық­пен емес, ұлтсыздықпен күре­сетін кез келгеніне назар аударды. Сондықтан Тәуелсіздік идея­сы­на қарсы, сепаратизм виру­сын тара­­татын шетелдік телеар­на­лар­ға, сайттарға тыйым салуға шақырды.

«Біз талай рет Петропавл мен Павлодарға тарихи атау­ларын қайтаруды ұсын­ғанымызда билік қол­дамады. Енді міне, жасырған ауыру асқынғанын көріп отыр­мыз. «Бос жатқан жер жау шақырады» деген атам қазақ. Кең-байтақ жеріміздегі аз қазақтың қатарын толтырар алтын қорымыз – шеттегі қалың қандас көшіне шектеу қойғандар, солтүстікті оңтүстіктен қоныс аударушылармен толтыру жобасын жолда қалдырғандардың жауап беретін кезі келді», деді Қ.Иса.

Сондай-ақ «Ақ жол» депутаты ұлттық идеологияны қазақ тілінің аясына топтастырып, мемлекеттік тілді міндеттейтін заң қабылдау керек екеніне назар аударды.

Бұдан кейін бұл мәселені депутат Ермұрат Бапи да көтерді. Петропавл қаласындағы сепаратизм сипатындағы оқиға қауіпті мәселе екеніне назар аударған депутат бұған қоғам алаңдап отыр­ғанын жеткізді. Оның айтуын­ша, мұндай мемлекеттік қаскүнем­дікке қызмет бабымен ғана емес, азаматтық жауапкершілік пен перзенттік парыз тұрғысында қарсылық білдіру керек.

«Конституция мен тиісті мем­ле­кеттік заңдар кез келген сепа­ратизмге қарсы тұра алады. Бірақ халықтық мүдденің қа­сиетін қорғайтын «ұлттық намыс» деп аталатын тағы бір құдіретті күш бар. Дегенмен елдің намысын қорғаған ұлтжанды азаматтар Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаев «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген желеумен әрқайсысы 5 жылға сотталып кетті. Анығында, бұл азаматтар «ұлтаралық араздықтан» бұрын, қазақ халқының намысын жыртып, ұлттық мүддені қорғап, әлеуметтік желілердегі сепаратистік көзқарастарға қарсы шыққаны үшін сотты болды. Бұл жігіттерге өрескел қиянат жасалды», деді Е.Бапи.

Депутаттың айтуынша, көр­шілес елдерде айтылып жатқан пікірлермен салыстырғанда М.Боранбаев пен Д.Намазбаевтың әлеу­меттік желідегі әрекеті бала­ның ойыны секілді, салыс­тыруға келмейді. Осыны алға тарт­қан Е.Бапи Қазақстанда елдік мүд­де мен халықтың намысын қор­ғаған азаматты соттағанына алаң­даушылық білдірді.

«Олар неге «орыс патриоттары» болып саналады, ал өз халқының намысын жыртқан Марғұлан мен Данат неге қазақ халқының патриоттары бола алмайды? Көрші елдің «ұран­шылары» қылмыстық сотқа тар­тыл­мақ түгілі, өз билігі мен тиісті орган­дары тарапынан әкімшілік тұрғыда ескерту де алған жоқ. Ал ел намысына араша түскен екі жігіт неге сотты болады? Ендеше, бұған дейін Қазақстанда болып келген сепаратизм синдромын және Петропавл қаласындағы жуықта болған жікшілденудің жиіркенішті жағдаятын ескере отырып, Марғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты үкімді қайтадан қарайтын уақыт та, саяси себеп те, ұлттық қауіп­сіздік мұқтаждығы да туды деп есептеймін», деді Е.Бапи.

Депутат Жоғарғы соттан Мар­ғұлан Боранбаев пен Данат Намазбаевқа қатысты сот үкімін қайта қарап, оларды түрмеден босатуды сұрады. Бұл сауалға депутат Абзал Құспан да қосылды. Өздеріңізге мәлім, былтыр блогерлер Марғұлан Боранбай мен Данат Намазбай әлеуметтік желідегі жазбалары үшін 5 жылға сотталған еді.

 

Мемлекеттік тілдің құны жоқ па?

Ал Самат Мұсабаев Мемле­кет­тік қызмет істері агенттігі­нің төрағасы Дархан Жазық­баев­­қа жолдаған сауалында осы саладағы қазақ тілінің халіне алаңдаушылық білдірді. Депутат­тың сөзіне сүйенсек, мемлекеттік қыз­мет саласында ана тіліміз тасада қалып отырғаны жасырын емес.

«Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төраға­сы­ның 2017 жылғы 21 ақпандағы №40 бұйрығына сәйкес мем­лекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурсты өткізу қағидасында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін білуге арналған тестілеуден өту үшін мән белгіленбейді» деп жазылған. Демек бұл мемлекеттік қызметке өту барысындағы тапсырылатын тестілеуде қазақ тілінің қажеті жоқ екенін білдіреді.

Мысалы, «Б» корпусының мем­лекеттік қызметке өту сына­ғында 9 нормативтік құқықтық актісі бойынша қамтылған 130 сұрақтың белгілі бір межесі көр­сетілген. Ал қазақ тілінен өту ме­жесі айқындалмаған. Бұл ана тілге құрметтің мүлдем жоқтығын көр­сетеді. Түсінбейтініміз, мем­ле­кет­тік қызметке өткен аза­маттарға берілетін сертифи­катта «Үміт­кер Қазақстан Республи­касы­ның мемлекеттік тілі мен заң­намаларын білуге арналған тесті­леуден сәтті өтті» деп жазылады. Бұл анық көз бояушылық емес пе?», деді С.Мұсабаев.

Осыған байланысты депутат мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде өткізілетін тестілеуде қазақ тілі есепке алынып, үміткер жүз пайыз мемлекеттік тілді білуі керек деген нормалар енгізуді ұсынды.

 

Бас ауыртқан баспана

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Дәулет Мұқаев баспана мәселесін көтерді. Халық арасында «Дәулеттен» атымен танылған су жаңа депутат бұған дейін де пәтер алу туралы ақыл-кеңес айтып жүретін. Сондықтан шығар, Д.Мұқаев осы саладағы өте өзекті мәселелерге назар аударды.

Мәселен, депутат «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдар­ламалары талаптарына өзгеріс енгізу керек екенін жеткізді. Оның айтуынша, осы бағдарлама бойынша берілетін максималды сома 15 миллион теңге.

«2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі баспана алуға мүмкіндік бар еді, қазіргі уақытта пәтер бағасы өскендіктен1 бөлмелі үй алуға мәжбүр. «Бақытты отбасы» бағдарламасына ілігетін көп­балалы отбасында кемі алты адам бар. Дәл қазіргі уақытта жаңа үйлер конкурс негізінде беріл­гендіктен, кейбір отбасылар 32-40 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтерде тұруға мәжбүр», деді Д.Мұқаев.

Сондай-ақ «Жас отбасы» бағдар­ла­ма­сының бастапқы жар­насын 10 пайыз көлемінде белгі­леу ке­рек екенін жеткізді. Бұ­дан бөлек, «7-20-25» бағдарла­масы­­ның да тиімсіз жұмыс істеп тұрға­ны­на тоқталды. Өйткені банктер­дің бе­ретін қаражатына лимит қойылған.

«Жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жастарға кемі 1000-3000 жалдамалы пәтер берілу керек еді. Алайда құрылыс уақтылы аяқталмағандықтан, былтыр жастар жалдамалы пәте­рін толық алмады. Яғни бағ­­дар­лама істеп тұрған жоқ. Жас­тар санаты 29 жастан 35 жас­қа дейін өскендіктен, алдағы уақыт­та берілетін пәтерлер саны да көбеюі керек. Әрі бұл бағ­д­ар­лама тек 3 қаламен ғана шек­телмей, еліміздің барлық аймағында іске қосылғаны жөн», деді М.Мұқаев.

Бұдан бөлек, тағы бірнеше депутат тиісті мемлекеттік мекеме басшыларына сауалдарын жолдады. Депутат Бақытбек Базарбек 10 соттықтан жер беруге қатысты түйткілдерге назар аударды. Ринат Заитов мәдениет саласында жалақының төмендігіне алаңдаушылық білдірді.

 

Депутат журналистен қашпауға тиіс

Осындай қызу сауалдар жол­данған жалпы отырыста Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов бір­­қатар мәселеге тоқталды. Оның айтуын­ша, Мемлекет бас­шы­сы ре­фор­маларының нәти­же­сінде елдегі негізгі саяси инсти­туттардың бәрі жаңғырды. Өткен Мәжіліс сайлауы – соның соңғы сатысы.

«Оған дәлел Мәжілісте алғаш рет 6 саяси партия мен бірмандатты округтен сайланған депутаттар отыр. Біздің бағдарламаларымыз бен көзқарасымыз әртүрлі бол­ғанымен, елдік мүддеге келген­де бәріміздің ойымыз да, мін­деті­міз де ортақ. Сондықтан алды­мыз­дағы мақсат-міндеттерді тізе қо­сып, бірге іске асыруымыз ке­рек деп санаймын. Күн сайын жұ­мы­сы­мыздың қарқыны да, салма­ғы да арта бермек», деді Е.Қошанов.

Мәжіліс төрағасы заң шығару үдерісіне де тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, Парламенттің негізгі жұмысы – сапалы және нақты жұмыс істейтін заңдар қабылдау. Сондай-ақ Мәжіліске заң қабылдау өкілеттігі толығы­мен берілгенін атап өтті

«Енді жүк те, жауапкершілік те бізге түседі деген сөз. Сондық­тан депутаттар үйлесімді, тиімді және жүйелі жұмыс істеуі қажет. Қазір Мәжілісте 50-ге жуық заң жо­басы қаралып жатыр. Мем­ле­кет басшысының тапсырмасы бо­­йынша жуық арада тағы да бір­­қатар заң жобасы бізге келіп түседі. Оларды тез әрі сапалы қабыл­дауымыз керек.

Бұдан бөлек, депутаттарда жаңа заңдарға бастамашы болу өкілеттігі бар. Сол мүмкіндікті де пайдалану керек. Оның үсті­не, бәріміз өңірлерді аралап кел­дік. Барлық түйткілді жақсы біле­міз. Сондықтан депутаттар бел­сен­ділігін барынша арттырып, осы мәселелерді заңнамалық тұрғыда реттеуге атсалысады деп ойлаймын», деді Е.Қошанов.

Сондай-ақ Палата спикері ашықтық ұстанымы Мәжіліс жұмысындағы негізгі басымдық болып қала беретінін жеткізді. Осы орайда, спикер жалпы отырыстың республикалық телеарналардан тікелей эфирде көрсетілгене назар аударды.

«Мәжілісте ашық әрі жария түрде қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Журналистерге сұхбат беріп, өзекті мәселелер бойынша пікір білдіріп отыру – депутаттардың міндеті. Бұдан бөлек, заңдарды талқылауға қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарап­шыларды шақыру өте маңыз­ды. Әсіресе, мәслихаттар мен қоғам­дық кеңестер арқылы Мәжілісте өңірдің де үні естілуі қажет.

Сонымен бірге, Қоғамдық палата да көп ұзамай жұмысын бас­­тайды. Ол қызу пікірталас ала­­ңына айналары сөзсіз. Ел бола­шағына бейжай қарамайтын бар­лық азамат, қоғамдық ұйым­дарға біздің есігіміз айқара ашық. Нағыз Халықтық Парламент деге­німіз – осы. Осының бәрі елі­мізде, Парламентте жаңа саяси дәс­түр, жаңа саяси мәдениет қалып­тас­қанын көрсетеді», деді Е.Қошанов.

Осылай қызу жұмысқа кіріс­кен Мәжіліс депутаттары ке­шегі жалпы отырыста екі заң жоба­­сын ратификациялады. Атап айтқанда, «Қазақстан Рес­пуб­­ли­касының Үкіметі мен Төтен­ше жағдайлар және дүлей зілзала­лардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификация­лау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрікменстан Үкіметі арасындағы Қазақ­стан-Түрікменстан мемле­кет­тік шекарасының режімі туралы келісімді ратификациялау туралы» құжатты қабылдады. Бұдан бөлек, бірқатар заң жобасын жұмысқа алды.