Экология • 06 Сәуір, 2023

Астанада көктемгі экологиялық айлық өтеді

394 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана қаласында 2023 жылдың 8 сәуірінен 6 мамырына дейін санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша «Жасыл Астана» көктемгі экологиялық айлығы өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада көктемгі экологиялық айлық өтеді

Ал тұрғындардың, бизнес өкілдерінің, мемлекеттік және басқа да органдардың қатысуымен жаппай жалпықалалық сенбіліктер 15 сәуір мен 6 мамырда өтеді.

Экологиялық айлық аясында қаланы, нөсер және кәріз желілерін санитарлық тазарту, көшелерді, тротуарлар мен кварталішілік аумақтарды тазалау, саябақтар мен гүлзарлардағы жасыл желектерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарлар алаңдарын орнату жөніндегі іс-шаралар, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері мен ластанған учаскелерді жою жұмысы жүргізіледі.

Сонымен қатар «Жасыл Астана» акциясы аясында 10 мыңнан астам жасыл желек отырғызу жоспарланып отыр.

«Қала кәсіпорындарын, МИБ (ПИК), шағын және орта бизнес субъектілерін (базарлар, сауда ойын-сауық орталықтары және басқалар), оқу орындарын, еріктілер мен белсенді қала тұрғындарын экологиялық айлыққа қатысуға шақырамыз», делінген хабарламада.

Айта кетейік, 2022 жылы экологиялық сенбіліктер аясында барлығы 6 мың тоннадан астам қоқыс шығарылған. Сол сияқты 29 мыңнан астам ағаш отырғызылып, 2,7 млн шаршы метр алаң жиналды. Экологиялық акция асында 266 067 адам қамтылған болатын.