Ертіс – Баян өңірінде өзен-көлдерде мұздың көбесі сөгіліп, балық біткен уылдырық шашатын кезеңге әзірленіп жатқан кезең – бұл. Жалпы облыста балық шаруашылығына жарамды су айдындарының айтарлықтай қоры бар. Еліміздегі ең ұзын өзен Ертісті қоспағанда, Қаныш Сәтбаев атындағы су арнасы мен оның 8 су торабы, 215 су айдыны балық шаруашылығын дамытуда аса маңызға ие.
Павлодар облысының жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, бұлардың ішінде тек 59 су айдыны 32 пайдаланушыға бекітілген. Негізі өңірдің өзен-көлдерінде 20-дан аса балық түрлері бар, соның ішінде орыс бекiресi, сүйрiк, көкшұбар, пайдабалық, шортан, торта, аққайран, ақ амур, оңғақ, табан, алтын түсті мөңке, сазан (тұқы), ақ дөңмаңдай, кәдімгі жайын, нәлiм, берш, кәдімгі көксерке, өзен алабұғасы кездеседі. Бекіре тұқымдастарды және Қызыл кітапқа енген нельманы аулауға мүлде тыйым салынған.
Уылдырық шашу кезеңіне байланысты сәуірдің 15-і мен мамырдың 30-ы аралығында өңірдегі барлық су айдындарында балық аулауға уақытша тыйым салынады. Осы мезгілде жергілікті балық инспекциясының жұмысы да қыза түседі. Себебі тыйымға қарамастан өзен жағалағандар ау лақтырып, мұз астынан шығып азық іздеген мол балықты олжалап қалуды көздейтіні белгілі. Кәнігі балықшылар мұндай уақытта су айдындарына жоламайды. Заңды бұзатындар – балық аулауды заңсыз кәсіп көзіне айналдырып, браконьерлікпен айналысатындар.
Зайсан – Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Павлодар бөлімінің бас маманы Дәулет Жақыповтың айтуынша, биыл Экология және табиғи ресурстар министрлігі әуесқой (спорт) балықшылардың мүмкіндіктерін кеңейтіп берген. Балық аулау ережелеріне енгізілген соңғы өзгерістерге сүйенсек, балық аулауды жүзеге асыру кезінде бір қармаққа ілмектердің санын шектейтін норма алынып тасталды.
– Осылайша, әуесқой балықшы шектеусіз ілмектерді пайдаланып, қармақтардың барлық жүйесімен (жылтырауық, қармақ, жыртқыш балықтарды аулауға арналған қармақтар, спиннингтер), су асты аңшылығына арналған қарумен, сондай-ақ бір балық аулаушыға үш данадан аспайтын шаяндар мен басқа да су жануарларын аулауға арналған арнайы аспаптармен, қақпандармен және «секреттермен» жүзеге асыруға құқылы. Бірақ ауланған балық мөлшері бір адамға бес килодан аспауға тиіс деген бұрынғы норма қалдырылды. Бұл су жануарларын есепсіз аулаудың алдын алады. Мысал үшін біздің облыста балық аулау қағидаларын бұзатындардың қатары әлі күнге сиремей тұр. Биыл жыл басынан өрескел қылық жасауға қатысты 59 әрекет анықталды. Оларға 1 млн теңгеден аса сомаға айыппұл салынды Ал былтыр 257 заң бұзушылық анықталса, оның ішінде 36 оқиға бойынша өрескел заң бұзушылық тіркелген. Барлығы 5,1 млн теңге сомасына айыппұл салынды. Браконьерлерден 82 ау, 17 қайық, 3 қайық моторы және 662,5 килограмм балық тәркіленді. Екі іс бойынша азаматтар 3 жылға бас бостандығынан шектелді. Ондай азаматтар бес жылға дейін балық аулау құқығынан айрылатынын ескерткім келеді, – дейді Д.Жақыпов.
Су айдындарының сырын жақсы білетіндер кейінгі 4-5 жылда Ертісте балықтың азайып кеткеніне алаңдап отыр. Қармақтарын бұрынғыдай жиі қаппайтынына қапаланады. Негізі мәселе тек қарт Ертісте ғана емес, оған құятын шағын өзендерде де қалыптасып отыр. Бұл жағымсыз теңденцияның себебі неден болуы мүмкін?
Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының бөлім басшысы Жасұлан Жұмашев бұл жайсыздықтың нақты себебін тап басып айту мүмкін емес екенін айтады. Ғалымдардың сөзіне құлақ түрсек, балық ресурстары санының төмендеуі немесе өсуі – әр 5-7 жыл сайын қайталанып тұратын табиғи құбылыс. Балық ресурстарының көбеюін қамтамасыз ету үшін жыл сайын басқарма мамандарымен балықтандыру, су жануарларының жауын азайту шаралары жүргізіледі. Ал ғылыми ұйымдар су пайдаланушылардың бекітілген су айдындарын тексеріп, биологиялық негіздемелерді ұсынады. Ғылыми негіздемелердің нәтижесінде балық және өзге де су жануарларын аулау бойынша лимиттер бекітіледі. Министрліктің бұйрығына сәйкес, Павлодар облысында ол 2020 жылы 122 тоннаны құраса, бұрнағы жылы – 119 тонна, былтыр – 98 тонна болыпты. Лимит көлемінің азаюын су ресурстарын пайдаланушылар дұрыс қабылдап отырғанға ұқсайды.
Тағы бір үлкен қауіп – суқұзғын. Балық ресурстарының азаюына кейінгі жылдары Ертіс бойында суқұзғындарының қаптап кеткені әсер етіп отырғаны жасырын емес. Суқұзғындар популяциясының тым көбейіп бара жатқанына алаңдаған жауапты басқарма былтыр зерттеу жұмыстарына Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдарын тартқан. Нәтижесінде облыс аумағынан 4 600-ден аса суқұзғын саналыпты. Олар күніне шамамен 2-2,5 тоннадан аса балықты жеп қояды. Сондықтан биыл Павлодар облысының әкімдігі құстардың санын азайтуды ұйғарып отыр. Жыртқыш құстардың санын реттеу үшін оларды ату, жұмыртқаларын және ұяларын бұзу шаралары көзделген.
Үшінші мәселе, кейінгі уақытта Ертістің бойында жаз бойы ерсілі-қарсылы ағылып жататын моторлы қайықтар көбейген. Олардың көбі ел көзінен жырақ жерге барып, түрлі ау құралдарын салады. Ақтоғай ауданының тұрғыны Саят Бектемісов Мүткенов ауылы тұсында түнгі уақытта моторлы қайыққа мінген браконьерлер ағынға жіберілетін ауларды (сплав) жиі қолданатынын айтады. Мұндай аулар жолында кездескен балықтың барлығын жинап алады. Ағын ауларына әуестенген браконьерлерді бақылау, жолын кесу мүмкін емес. Себебі балық инспекторлары көбіне суда емес, жерде жүретіндіктен, браконьерлердің қайда барып түсетінін қадағалау қиынға соғады. Өткен жылы Ақтоғай ауданында мемлекеттік инспекторлар балық қорғау заңнамасын бұзу бойынша 50-ге жуық фактіні анықтаған. Соның ішінде төрт азамат бекіре тұқымдас балық түрлерін (сүйрік) аулап жүрген жерінен ұсталған.
Биыл аталған өңірде браконьерлік фактілерін анықтау және жолын кесу бағытындағы жұмыстар күшейе түседі деп сендірді Зайсан – Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандары. Бұл балық инспекциясында небәрі 9 мемлекеттік инспектор қызмет етеді. 2014 жылы Балық шаруашылығы комитетін Орман және аңшылық шаруашылығы комитетімен біріктіргенге дейін бұл құрылымдық мекемедегі 14 адам штатта еңбек еткен. Сондықтан аталған бағыттағы қорғау шаралары күшейе түсті деп айту қиын. Павлодар бөлімінің бас маманы Дәулет Жақыпов облыстың су айдындарында балықтың уылдырық шашу және көбеюі кезеңінде аулауға тыйым салынғаны туралы халық арасында түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілетінін жеткізді. Құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірлескен іс-шаралар шеңберінде ҚР заңнамасында қолдануға тыйым салынған аулау құралдарын (оның ішінде мононитиден жасалған синтетикалық балық аулау торларын) сататын орындарды анықтау мақсатында мониторинг ұйымдастырылады. Браконьерлерге қарсы күресу мақсатында көктемгі және күзгі кезеңде «Уылдырық шашу» балық қорғау акциясы өткізіледі. Сондай-ақ жыл сайын сәуір-мамыр айлары аралығында су айдындарын иесіз тасталған балық ауларынан тазарту және жағалау аумақтарын жинау мақсатында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы жалғасын табады.
Мамандар бұған қоса жыл сайын Ертіс өзенін балықтандыру бойынша жұмыстар тұрақты жүргізілетінін айтады. 2021 жылы 1 млн дана тұқы шабақтары суға жіберіліпті. Ал былтыр 194 мың дана екіжылдық тұқылар босатылған. Биылғы меже – 38 мың балық.
Павлодар облысы