Құрылыс • 06 Сәуір, 2023

Құрылыс сапасы көңіл көншітпейді

294 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов басқарма басшылары, құқық қорғау органдарымен бірге әр айдың бірінші сәрсенбісінде халықпен кездесу өткізеді. Тұрғындармен жүздесуде олардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселе болса, әкімдік тарапынан шешіп беруге тырысады. Осындай жүздесу күні кеше шаһардың әкімдігі жанындағы Көрме орталығында ұйымдастырылды.

Құрылыс сапасы көңіл көншітпейді

Кездесуге жиналған тұрғындар әр айдың басында осындай шара өтетінін білетіндіктен қабылдауға үлгеріп қалғысы келеді. Сондықтан бұл күнді тағатсыздана күткен.

Сұхбатқа тартқан алғашқы адамымыз Шымсити қалашығының тұрғыны Сәлима Астанақұлова болды. Өзі – мүгедек жан. Күйеуі де балдақпен жүреді. Кездесуге тұрып жатқан көпқабатты үйлерінің жырын айтуға келіпті. Айтуына қарағанда, әкімдік оларға үй берген, бірақ ешқандай жағдай қарастырылмапты. Мәселен, газ атымен жоқ. Су да, жа­рық та дембе-дем өшіп қала бе­ре­ді. Мүгедек кісілерге пандус қойыл­маған. Сол себепті үйге кіріп-шы­ғудан қатты қиналып жүргендерін айтады. Кеше электр энергиясынан ақау шығып, он сағаттай жарық болмапты. Сонда не газы, жарығы жоқ үй тұрғындары қайтты екен?! Бұл С.Астанақұлова тұрып жатқан жалғыз үйдің мәселесі емес, сол Шымситидегі 9 үйге ортақ проблема болып тұр. Осыны әкімдіктің құлағына жеткізу үшін балдақпен әрең сүйретіліп жүрсе де, күйеуі екеуі түрғындарды бастап келіпті.

Дәл осындай мәселемен базы­на­сын арқалап келген Тұран 2 шағы­н ауданындағы №63А үй комитетінің төрайымы Ғалия Қайырбекованың шағымын тыңдап көрдік. Оның да басты проблемасы – жаңадан берілген үйлердің сапасының нашарлығы, коммуналдық жүйелерінің дұрыс жұмыс істемеуі. Өзінің айтуынша, тұрғындар қыс бойы жаурап шы­ғыпты. Себебі батареяларға жы­лу жөнді бармапты. Оның үстіне үй­дің қабырғалары жұқа, терезе­лер­ден үнемі жел улеп тұрады дей­ді. Су­сорғыны да үйге есептеп қой­ма­ған. Яғни суды қысыммен жоғары айдауға қондырғының күші жетпейді. Соның кесірінен кәдімгі суға да жарымай отырған жайлары бар. 2021 жылы үйге 20 пайыз тұрғын көшіп келсе, былтыр 60-70 пайызға қоныстанды. Алай­да пайдаланғанына бір жыл болмай жатып, үйлер қирай бастаған. Ғ.Қайырбекованың айтуынша, үй­дің едендері де, дуалы да қи­сық, кафельдері сынып жатыр. Әкімдік мәселені шешеміз дейді, бірақ созбалаңға салып жатқанға ұқсайды. Үйлер 2020 жылы тапсырылыпты, ал кепілдік мерзімі 5 жыл­ды құрайды. Оның үш жылдан аса уақыты өтіп кетіпті. Енді қалған бір жарым жылда талабымызды орындатып үлгереміз бе деп қорқады үй комитетінің төрайымы. «Қуатжылуорталық» мекемесі қыста да, жазда да жөндеу жұмыстары деп суды өшіріп тастай береді. Бұл неғылған бітпейтін жөндеу деп ашынады ол. Оның мәлімдеуінше, үйлерді соққан – «Арт-Құрылыс» мердігер компаниясы. Әр кездескенде әкімдік мамандарының алдында бәрін қатырамыз деп уәдені үйіп төгеді де, артынша жоқ болатын көрінеді. Тұрғындар жиналып үйдің сыртын қаптап берсін, ішкі жөндеу жұмыстарын өзіміз-ақ жасай береміз деп талап қойыпты. Бірақ одан ешнәрсе шықпаған. Компания тым қымбатқа түсіп кететінін алға тартып, ол өтінішті орындаудан бас тартқан. Есесіне сыртқы қабырғаға стиз деген желім жағып жатыр екен, ал жарық жерлерді көбікпен бекітіп кетуде. Желімнің қаншалықты жылу ұстайтынын компанияның өзі де нақты кесіп айта алмайды дейді Ғ.Қайырбекова. Сондықтан мердігердің жасап жатқан тірлігіне тұрғындар күмәнмен қарап отыр.

Үй комитетінің төрайымы мына­дай сұмдық жайтты да баян етті. 6 қабатта бір тұрғынның қабырға­сындағы гипсокартон алынып кетіп, ар жағындағы газоблоктың бір-біріне байланыс­пай қаланғанын адамдар өз көзімен көрген. Содан шу шығарып, әкімдікке хабарла­сып қайта-қайта маза бермей, әлгі жердің газоблоктарын қайта қа­лат­қан. Бұл – кездейсоқ байқап қал­ған жағдай. Басқа қабырғаларда кір­піш­тер қалай қаланғанын бір Құ­дай білсін деп басын шайқайды Ғ.Қайырбекова. Аталған үйлерді 7-8 баллға шыдас береді деген ке­піл­дікпен беріпті. Алайда үй ко­ми­теті төрайымының айтуынша, жа­қында болған 3 балдық жер сілкі­нісінде үйлердің қабырғаларына сы­зат түсіпті. Терезелер де дұрыс орнатылмағандықтан, желмен бірге жаңбыр жауса болды су кіріп кете береді екен. Жертөлесіде үнемі суға толып сасып жататынын айтты.

«71 тұрғынның атынан келіп тұрмын. Осында тұратын азамат­тар­дың көпшілігі – бюджеттік мекеме­де қызмет істейтіндер, көпбалалы, жалғызбасты аналар, мүгедек жандар немесе үйінде мүгедек асырап отырған отбасылар. Олардың көпшілігі – «Бақытты отбасы» немесе «Шаңырақ» бағдарламасымен 14 жылға несие пәтер алғандар. Ай сайын қалтамыздан 80-90 мың теңге ипотеканың несиесін төлейміз. Алғашқы кезде үйлі болғанда қуаны­шымыз қойнымызға сыймаған еді. Үйлердің мынандай сиқынан кейін қуанышымыз су сепкендей басылды», деді Ғ.Қайырбекова.

Кенет оқыс дауыстан бәріміз төр жаққа жалт қарадық. Айқайлап жатқан бір топ әйел. Әкімнің қабыл­дауына кіре алмай тұр. Дәлірегі әкімдіктің жігіттері алдында кесе-көлденең тұрып алып, өткізбей жатыр. Оған әйелдер одан сайын ашу-ызаға булығып жаға жыртысуға кетті. Сөздерінен байқағанымыз, кешегі «Қасіретті қаңтарда» баласы­нан, жарынан, жақынынан айырылған жандар болып шықты. Екі жақты текетірестен соң бір кезде әкім оларды екінші қабатта қабылдайтын болып шешті. Алайда келгендерден санаулы ғана адам қала басшысының алдына кіре алды. Қалғандарын әкімдіктің адамдары итере жұлқып төмен қарай тықсырды.

Кездесуде мәселесін әкімнің ал­дына бармай-ақ шешіп кетіп жат­қан тұрғындар болды. «Әділет ақпа­рат» қоғамдық бірлестігінің бас­шысы Сүлеймен Қамбаровпен тілдес­кенімізде Қазығұрт шағын ауданынан өкіл ретінде келіп отырғанын, негізгі талабы елді мекендегі ең үлкен жол Жандарбеков көшесін жөндеу мәселесімен келгенін жеткізді. Жал­пы, бұл көше қанша жылдан бері жөндеу көрмей келеді екен. Тұрғындар жиналыс жасап, хаттама түзіп әкімдікке өткізгенімен нәтиже болмапты. Ақыры аяғында тікелей әкімге арнайы хат жазған. Бүгінгі қабылдауда жолға, коммуналдық шаруашылыққа жауапты тиісті бас­қар­ма басшыларымен жолығып, олар биылдан қалдырмай, жолдарын жөндеп беруге уәделесіпті. Негізінде жол кезінде асфальтталған екен. Алайда коммуналдық-инженерлік инфрақұрылымды жүргізгенде кө­ше­ні қазған да артынан шағал тас төсемей кеткен. Содан соң шағын ауданда сәл жел тұрса, жарық лып етіп өшіп қала береді екен. Оның себебін тұрғындар да нақты білмейді. Оларды мазалаған осы мәселе бойынша энергетика басқармасының басшысына жолығыпты. Тиісті басқарма бір аптаның ішінде жарыққа қатысты проблеманы анықтап, ақауды жоятынын мәлімдепті.

«Жыламаған балаға емшек жоқ» демекші, мәселені айтпасақ, өзі­міз жүгірмесек, оны ешкім білмей­ді де шешіп те бермейді. Біз әр кө­ше­ге жауапты адамдарды сайла­дық. Олар уатсап желісіндегі «Ақыл­дас­тар алқасы» тобында өздеріндегі проб­лемаларды баяндап отырады. Сосын мына жақта белсенді кісі­лер, қариялар жиналып, мәселені түйіндеп жоғары жаққа жеткізеді. Бұл – біздің қанатқақты жобамыз. Бұл Тұран ауданының әкімі Боранбай Булатбековке де ерекше ұнапты. Енді осы бастаманы басқа да елді мекендерге таратып, жоба­мызды өз тәжірибесіне алса деген үмітіміз бар», деді қоғамдық бірлес­тік басшысы С.Қамбаров.

Жоғарыда айтылған жайттарға қатысты Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтен жауап алған едік. Шымситидегі үйлерге байланысты айтқан мәлімдемесіне тоқталсақ, Бозарық шағын ауданындағы 5 қа­батты 9 үй құрылысы 2020 жылы жүргізіліп, тұрғын үй басқармасы оларды сатып алған. Арендалық бұл пәтерлерге тұрғындар былтырдан бастап қоныстанған. Газдың жоқтығының себебі нормативтік-құқықтық актіге сай тұрғындар саны 80 пайыздан асса ғана үй табиғи газға қосылады екен. Ал қазіргі таңда ол үйлерде 50 пайыз ғана халық қоныстанған көрінеді. Ішкі-сыртқы ақаулар бойынша, оның ішінде пандус та бар, екі басқарма алдағы екі-үш күнде үйді-үйді аралап, акт түзіп, кемшіліктерді қалпына келтіретін болады. Тұран шағын ауданы бойынша, басқарма басшысы 2019 жылдан бері 88 көпқабатты үйдің құрылысы жүріп жатқанын мәлімдеді. Кейінгі 18 үй құрылысы биыл аяқталмақ.

«2020 жылдан кейін салынған үйлердің 2027 жылға дейін кепілдік мерзімі бар. Тұрғындардың өтіні­шіне қарай наурыз айында талдау жүргізіп, 740 пәтерден біраз кемші­ліктер анықтап, мердігер компанияға ескертулер бердік. Алдағы уақытта ақаулар толық жөнделеді», деді М.Байымбетов.

 

ШЫМКЕНТ