Аймақтар • 07 Сәуір, 2023

Отын тапшылығы: Алматыға қосымша дизель жөнелтіледі

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз», «Petrosun» ЖҚС желілері өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті. Жиын барысында Алматы облысындағы дизель тапшылығы мәселесі талқыланды, деп хабарайды Egemen.kz.

Отын тапшылығы: Алматыға қосымша дизель жөнелтіледі

Министрлік өкілдері хабарлағандай, қазір Алматы облысындағы дизель отынының қоры 11 мың тоннадан асады. Жанармай құю станциялары ұсынған деректерге қарағанда, бүгінде облыстағы дизель көлемі қажеттілікті жабу үшін жеткілікті.

Дегенмен, ЖҚС желілерінің ақпараты бойынша бүгін дизель отынына деген сұраныс 30% астам мөлшерге артқан. Соның салдарынан кейбір жанармай құю бекеттерінде отынның тәуліктік көлемі тез таусылып қалған.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, өңірге дизельдің қосымша көлемі жөнелтіледі.

«Сондықтан желілер басшылығы отынды көп тұтынатын аудандарға тиеп-жөнелтуді арттыру туралы шешім қабылдады. Сонымен қатар Атырау мұнай өңдеу зауыты және Павлодар мұнай-химия зауытынан 5 000 тонна отын жөнелтілді. «Қазақстан теміржолы компаниясы» уақтылы тасымалдауды қамтамасыз етеді», делінген  ведомство хабарламасында.

Бұған дейін Шымкент мұнай өңдеу зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты жабылған еді. Дегенмен ол бүгін жұмысын қайта бастады. Аталған зауытта өңделген мұнай өнімдерінің алғашқы легі демалыс күндері жөнелтіледі.

«Бұл ретте Алматы облысын қоса алғанда, оңтүстік өңірлерге бірінші кезекте жөнелту қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ Алматы облысының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне қосымша 3 мың тонна дизель отыны бөлінетін болады», делінген хабарламада.