04 Шілде, 2014

Мәдениеттің мәнді мәйегі

1213 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін
3сурет Ұлттық музей – ұлт мұрасы Бұрнағы күні еліміздің мәдени өмірінде ерекше оқиға болды – Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі ашылды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сонау 1998 жылы жасаған ұсынысы бойынша қолға алынып, жылдар бойы ойластырылып тұрғызылған, әлемдік музей ісі талаптарына сай жабдықталған бұл бірегей нысан жөнінде Ұлттық музейдің директоры Дархан МЫҢБАЙДЫҢ кең толғамды мақаласында әңгімеленеді. Мемлекетіміздің мерейін өсірген Астана жыл сайын ажарланып, асқақтап келеді. Азаттығымыз бен елдігімізді ай­қын­­даған «Қазақ елі» монументі алаңы­­мен қапталдас Тәуелсіздік сарайы, Бейбіт­шілік және келісім сарайы, Ұлт­­тық өнер университеті, «Әзірет Сұл­тан» мешіті ғи­мараттарымен жарасып, қасбеті ұлттық ою-өрнекпен бедерленген ақшаңқан, зәулім ғимарат бой көтеріп, бүгінде үйлес­кен біртұтас архитектуралық композицияны айшықтап тұр. Бұл – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идея­­сымен және тапсырмасымен өмірге келген Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі. Өткен тарихымызды байыптататын, рухани мұрамызды зер­делететін, бүгінгі дамуымызды ба­ғам­дататын жаңашыл бұл музей – ел тарихындағы ең ірі мәдени орталық. Ұлттық музейдің елорда төрінен орын алуы қисынды. Себебі, сол арқылы мем­ле­кетімізге, оның дамуына әлеуетіне баға беріледі. Оның үстіне «Ақылды бақыр­ды да бағалайды, ақылсыз алтынды да қаралайды» деген сөз қалдырған ата-бабаларымыз мұраға өте ұқыпты қараған. Рас, елімізде Ұлттық музейден басқа да музейлер бар. Алайда, олар тәуелсіздіктің жетістігін қоса алғандағы тарихымызды тұтас көрсететін және дамушы елден дамыған елге айналғанымызды айғақтай алатын деңгейде және пішімде емес. Кез келген мемлекет туралы алғашқы әсер мен түсінік оның тарихымен танысудан басталады. Міне, осы маңызды миссия Ұлттық музейге жүктелген. Байтақ Отанымыздың бай тарихын түгендеу, баянды дәстүрін таныстыру, көнені көздің қарашығындай сақтау, сонымен қатар қазіргі құндылықтарды қастерлеу арқылы Қазақстанның төл мәдениетін әлемге танымал ету мін­деті жүктелген Ұлттық музей жо­ғал­ғанымызды табуды, өшкенімізді жағуды және барымызды бағалауды басым бағыттарының бірі деп біледі. Қоғамның қастерлі қазынасы – мә­де­ниет. Ал мәдениеттің мәнді мәйегі – музей. Ұлтымыздың жауһар жәдігерлері мен мәдени мұраларының бір парасы арқылы мемлекеттігіміз бен елдігімізді ұлықтайтын Ұлттық музей дәстүрлі қыз­мет көрсету аясымен ғана шектелмей, қоғам­ның бар саласына қажетті мәдени-ағарту, ғылыми-әдістемелік, танымдық-ұйым­дастыру жұмыстардың қайнаған орта­сына айналады. Әлемдік стандартқа сай салынғандықтан, мұнда жаңашыл тех­нология жетістіктеріне негізделген электрондық ғылыми кітапхана, түрлі кәсі­би шеберханалар жұмыс істейді. Нақ­тылап айтсақ, Ұлттық музей теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың алаңына, ұстаханасы болады. Жұмыс жүйелі жүріп, сабақтастық сақталу үшін музей білікті ғалымдармен және жас ізденушілермен тығыз қарым-қатынас орнатады. Ұлттық музей материалдық және рухани-мәдени ескерткіштердің табиғи, тарихи нұсқаларын жинақтап қана қой­май, оларды сақтап, зерттеп, халық­қа көр­сетіп, насихаттап отырады. Құнды мұра­лар қоры сақталған шаңыраққа кел­ген әрбір адам халықтың құнарлы мәде­ниетінің кәусарына қанады. Бітімі бөлек, болмысы айрықша болған­дық­тан, мұнда ұлттық деңгейі бар, мем­ле­кеттік маңызға ие экспонаттар ғана сақталады. Қазақстанның қазіргі беделі мен мәр­тебесіне сай болып, тәуелсіздігімізді тұғыр­ландыра түсу үшін Ұлттық музей саланың аяғын шідерлейтін қасаң қағидаттардан бас тартады. Мұндағы жұмыстың барлығы әлемге әйгілі музейлер тәжірибесі мен кәсіби талапқа сай атқарылады. Бір ғана мысал, музейге келушілердің жәдігерлер жайлы қосымша ақпаратты интерактивті құрылғылардан алуына мүмкіндігі мол. Қазір Ұлттық музейде 85 медиақондырғы жұмыс істеп тұр. Олар халқымыздың тарихы мен мәдениетін терең танығысы келетін ел азаматтары мен шетелдік қонақтарға жәді­герлердің ерекшелігі мен айрықша тарихи орны туралы жан-жақты мағлұмат береді. Ұлттық музейде ежелгі заман мен орта ғасырлар, Ұлы Жібек жолының мол мұрасы кейінгі кезеңдердегі жәдігер­лермен сабақтасып, этнография, мүсін, көркемсурет, кескіндеме және ұлттық қолданбалы өнер туындылары өзара үйлесім тапқан. Ең басты құндылығымыз – тәуелсіздік болса, мұнда еліміздің жаңа дәуіріндегі оқиғалар жөнінде мағлұматтар да кең қамтылды. Бұл бағытта мәдениет пен ғылымға, мемлекетшілдік сана мен елдік тәлім-тәрбиеге, отаншылдық пен жасампаздыққа ерекше екпін түсіріледі. Музей қорларының коллекциялары отандық және әлемдік қоғамдастыққа кеңінен мәлім сонау тас ғасырындағы материалдар мен қоладан жасалған бұйым­дардан, сақ-скиф дәуіріндегі бай қазынадан, қазақтың дәстүрлі зергерлік, халықтық-қолданбалы өнерінің үздік үлгілерінен, Қазақ хандығынан бастап қазірге дейінгі құнды материалдардан, сондай-ақ Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен нығаюының куәсі саналатын бірегей жәдігерлерден тұрады. Музейдің экспозициясынан отандық заманауи бейнелеу өнерінің тек-тамыры мен дамуын айқындайтын қайталанбас көркем туындыларға да лайықты орын берілген. Бұл мәдениет ордасын жасақтау, жүйе­леу шаруасына тәжірибесі мол, жетекші шетелдік компаниялар жұмылды­рылған. Олар музей қорына келіп түсетін мәдени құндылықтарды қорғау және сақтау технологиясына жауап береді. Музейге жинақталған тарихи-мәдени құн­дылықтарды келер ұрпаққа шашауын шығармай жеткізу шарасына қатыс­ты барлық жағдай жасалған. Ғимарат және оның қор сақтау құрылымдары жәді­гер­лерді барынша дұрыс сақталуды қам­тамасыз ететін арнаулы патенттелген материалдан салынған. Сақтау қорын­дағы тиісті ауа температурасына, ылғал мен жа­рыққа қатысты техникалық құрыл­ғыларды кәсіби мамандар қадағалап отырады. Жалпы ауданы 74 мың, экспозиция алаңы 14 мың шаршы метрді құрайтын музейде Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, Тарих залы, Этнография залы, Алтын залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Астана залы, Заманауи өнер залы, Көрме залы жұмыс істейді. Залдардың бәрінде музей талабы сақталған және тарихи хронология ескерілген. Қазақстанның ежелгі және орта ғасыр тарихы залы палеолит, мезолит, неолит, энеолит, қола дәуірі мен орта ғасыр кезеңін қамтиды. Ұлы Жібек жолына қатысты оқиғалардың заттай айғақтары да осы залдан табылады. Қола дәуірінің алтын әшекейлерімен бірге ғасырлар сабақтастығын жалғас­тыр­ған Алтын Орда кезеңіне дейінгі құндылықтарды қамтыған артефактілер музейдің Алтын залына қойылған. Тарих залының экспозициясында Шығыс Дешті-Қыпшақ, Жетісу және Түркістан жерлеріндегі қазақ халқының маңызды тарихи оқиғаларға толы кезеңі көрініс тапқан. Этнография залының экспозиция­сы көшпелі және отырықшы егіншілік шаруашылық тарихымен қатар дәстүрлі материалдық һәм рухани мәдениетімізді кешенді түрде таныстырады. Тәуелсіз Қазақстан залы республикамыздың 1991 жылы дербес мемлекет деп жарияланған уақытынан бүгінге дейінгі тарихын көр­сетеді. Астана залында жаңа елорданың Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы ретінде қалыптасу және даму тарихын баяндайтын маңызды нормативтік-құқықтық акті­лер, жәдігерлер мен фотоқұжаттық материалдар жинақталған. Қазіргі заман­ғы өнер залына – Қазақстанның түрлі тарихи кезеңін бейнелеген әр буын сурет­шілерінің шығармалары, ұлттық бейнелеу, кескіндеме, мүсін өнеріндегі даму үдеріс­тері мен мектептерді анықтайтын туын­дылар қойылған. Қазіргі заманғы өнер экспозициясының алтын арқауын Ә.Қастеев, О.Таңсықбаев, Қ.Телжанов, С.Айтбаев, М.Кенбаев, В.Эйферт, В.Сидоркин, Ж.Шәрденов, Ә.Исмаилов, Г.Исмаилова, Ә.Садыханов, Т.Тоғысбаев, С.Мәмбеев, Е.Мергенов, А.Ақанаев, т.б. суретшілер мен отандық графика және мүсін өнері кәсіби мамандарының еңбектері құрайды. Тұрақты экспозициялардың қатарында уақытша көрмелерге арналған көрме залдары да қарастырылған. Онда көшпелі көр­ме­лерді, жеке шығармашылық көрме­лерді, классикалық өнер мен жаңа бағыттардың тұсау­кесерін ұйымдастыруға жағдай жасалған. Отандық тарих пен ұлт руханиятын сабақтастырып айтқанда, ең алдымен ойымызға халқымыздың мәдени мұрасы оралады. Себебі, мәдени мұра тарихымызды зерделетіп қана қоймай, оны Тәуелсіздік құндылықтарымен байланыстырады. Осыдан 11 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­тамасымен қолға алынған «Мәдени мұ­ра» мемлекеттік бағдарламасы ғалым­дардың елдік негіздерді танытатын тың археологиялық жәдігерлерді табуына, халқымыздың рухани құндылықтарын зерттеуіне, табиғи-мәдени және сәулет ескерткіштерді қалпына келтіруіне, сон­дай-ақ дүниежүзілік ғылым, мәде­ниет, өнер жетістігіне негізделген гумани­тарлық ғылымның толыққанды қорын құруға алғышарт жасады. Қазақстанды орасан зор байлыққа кенелткен бағдар­ламаның шапағаты Ұлттық музейге де тиді. Бұлай деуімізге елордадағы бірегей музейдің осы бағдарлама аясында салынғандығы нақты себеп болып отыр. Астанада Ұлттық музей ашу туралы мәселені Мемлекет басшысы алғаш рет 1998 жылғы 17 наурызда «Халық тұтас­тығы мен ұлттық тарих жылын» өткізуге қатысты кеңейтілген отырыста көтерген еді. Президентіміз Ұлттық музей қазақ елінің тарихын тұтас қамтуы тиіс екенін атап көрсетті. Елбасының осы ойы «Қазақстан-2050» Стратегиясында жалғасын тапты. Елбасы мұнда: «Біз өзіміздің ұлттық мәдениетіміз бен дәстүр­лерімізді осы әралуандығымен және ұлылығымен қосып қорғауымыз керек, мәдени игілігімізді бөлшектеп болса да жинастыруымыз керек. Елдің дұрыс таңдап алынған бағыты арқа­сында біз көптеген биіктерге – бүк­песіз ашық саясат жүргізуге, Қазақ­станға ғана тән экономикалық даму жолына, игілікті әлеуметтік реформаларға – біздің мемлекетімізді айнытпай тануға игі ықпалын тигізіп отырған табыстарға қол жеткіздік. Бірақ басқа бір қабат – нәзік және сонымен бірге қыртысы қалың – рухани қабат бар, Қазақстан тамыры терең жайылған ұлы тарихы бар ел екенін көрсете және дәлелдей отырып, дүниежүзілік аренада біз елімізді осы қабат арқылы паш етеміз», деп айтты. Ұлттық музей Қазақ елінің тарихи ай­рық­ша даму тәжірибесі мен бүгінгі сүт­тей ұйыған Қазақстан халқының мате­риал­дық мәдениетін өркендету, мемлекет пен қоғамның саяси, экономикалық, әлеу­меттік-мәдени өрістеуінің шынайы қал­пын көрсете отырып, өткен мен бүгінді болашақпен байланыстырады. Тап қазір Ұлттық музейдің алдында ежелгі тас дәуірінен бастап бүгінге дейінгі Қазақстан тарихын тәуелсіздік пен жалпыадамзаттық құндылықтар талғамы мен талабы тұрғы­сынан көрсету, сонымен қатар, елдік мәселені білім мен ғылым тұрғысынан байыптау міндеті тұр. Музейдің құнын көтеретін, бәсін жо­ға­ры ететін – экспонат. Ұлан-ғайыр елі­мізде қолды болып кетуден аман қалғаны музейдің мұражайынан (фондохранилище) міндетті түрде орын тапқаны абзал. Осы істе елшілдік қасиет танытып, Астана төріндегі Ұлттық музейдің мәртебесін жете ұғу арқылы нақты көмек көрсеткен Батыс Қазақстан облысын ерекше айтып өтуге тиіспіз. Сондай-ақ, Алматы, Маңғыстау облыстарынан – арнайы жасалған қазақ­тың бірегей киіз үйі, Қостанай, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан және басқа да облыстардан – тарихтың әр кезеңін айқындайтын құнды жәдігерлер, алтын бұйымдар мен музейлік экспонаттар келді. Таяуда бұлардың қатарына Қазақ хандығы кезінен жеткен ту басы мен Төле бидің шапаны қосылды. Осы тұста біз ұрпақтан ұрпаққа жеткен отбасылық құнды жәдігерлерін музейге тапсырған адамдарға алғыс айтамыз. Бұл азаматтар ата-бабасынан мирас дүниені музейге өткізу арқылы тарихи танымға үлкен үлес қосып, мемлекетке, оның бас музейіне зор сенім білдіріп отыр. Мұны аса биік отаншылдық сананың көрінісі деуге толық негіз бар. Десек те, қоғамымызда ата-бабасынан жеткен құнды жәдігерді бір отбасының немесе әулеттің дүниесі деп бағалап, түрлі жағдайда сол мұрадан айырылып қалатын жандар да кездеседі. Өкінішке қарай, олар мемлекеттік маңызы бар мәдени мұра музейде сақталуы керек екенін білмейді немесе білгісі келмейді. Музейге лайықты бағалы бұйымды, асыл затты, маңызды құжатты экспонат ретінде қорға тапсыру – Қазақстанның кез келген азаматы үшін абырой, дәреже. Бұл – барлық өркениетті елдерде бар үрдіс. Сондай-ақ, музейде сақталынған заттың арнайы төлқұжаты болатынын, онда заттың иесі, кімнен алынғаны – бәрі тиянақты жазылатынын жұрт білуі керек. Музейге тапсырылған зат ауа, ылғал, шаң-тозаң, күннің көзі, электр жарығы секілді шіруге, бүлінуге, жойылуға ықпал ететін құбылыстардың бәрінен сақтандырылады. Сөйтіп, ұрпақтан ұрпаққа бүлінбей жетеді. Өркениетті елдерде музейге, мә­де­­ниет­ке деген жалпы халықтық құрмет ерек­ше. Біз де қазақ болмысын әлемге таны­ту үшін мәдениетімізге, рухани құн­дылықтарымызға деген құрметімізді күшейтуіміз керек. Қазіргі таңда өрке­ниетті мемлекеттердің басым бөлігі музейлерінің сән-салтанатын арттыру арқылы әлемге есігін айқара ашып отыр. Біздің де осылай жасағанымыз жөн. Бұдан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Ұлттық музей дүние жүзіндегі басқа музейлерден айрықша сәулетімен, қайта­ланбас дәулетімен ерекшеленеді. Мысалы, Британ музейі, Париждегі Лувр музейі, Ресей музейлері салынып біткеннен кейін біршама уақыттан соң қор сақтайтын қо­сымша түрлі ғимараттарды тұрғызуға мәж­­бүр болған. Соның салдарынан му­зей­­­­дің жұмысы үшін аса маңызды құры­лым­­дары негізгі ғимараттан тыс жерде қалып қойған. Осындай қателікке ұрынбау үшін Ұлттық музейді тұтас кешен ретінде сал­ғызу – Елбасының көрегендігі, алысты бол­жағандығы дер едік. Бұйырса, мұнда тари­хи материалдардың сақталуынан бас­тап зерттелуіне дейінгі барлық үдерістер қо­лайлы жағдайда қатар жүргізілетін болады. Қазақстан Республикасы Президенті – Елбасы «Қазақстан-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясында тайға таңба басқандай етіп: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», деп белгілеп берді. Бұл тәуелсіз еліміз­дің табыстарын мақтаныш ете отырып, тарихымыздың сан тараулы соқ­пақ­тарын сабақ алу үшін саралауға, дәс­түрі­міз бен мәдениетімізді құндылық ретінде құрмет тұтуға үндейтін ұлағатты сөз. Халық қазынасы – тек көне жәдігерлер ғана емес, әрдайым елге қызмет етуі тиіс білім, ғылым, өнердегі дәстүр сабақтастығы. Бабаларымыздың бағзыдан жеткен асыл арманы – Мәңгілік Ел мұратымен суарылған ұлтымыздың рухы асқақ, еліміздің әлеуеті орасан зор. Сондықтан әлемдік бәсекеде озық, оразды жұрттардың алдыңғы қатарынан орын алу үшін елімізде барлық жағдай жасалған. Ендеше, жаңа замандағы жаңа Қазақстанда мәдениет саласы да жаңаша жұмыс істеуі керек. Осы ретте Президентіміздің тапсыруы бойынша әзірленген Мәдениет саясатының тұжырымдамасы ел-елде, жер-жерде, әртүрлі деңгейде, сан қилы ортада қызу талқылануда. Ол заңды да. Сайып келгенде, Қазақстан азаматтарын еліміздің дәстүрлі құндылықтары негізінде тәрбиелеп, қоғамды жаңа сапалық сатыға көтеруді көздейтін аталған тұжырымдамадағы қағидалардың өзегін ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарымыз құрай­ды. Олар: Отанды сүю, елге және дәс­түрге адалдық, заңға бағыну, отбасы мәртебесі, қайырымдылық, мейі­рім­ділік, сөзге тоқтау, шынайы еңбекті құр­меттеу. Осының бәрі – адами қарым-қатынастарды ғана емес, ел тәуелсіздігін нығайтып, мемлекетімізді бекемдеуге қызмет ететін өнегелі қасиеттер. Тұтас алғанда, тұжырымдама жүйе­леніп жүзеге асса, мәдениеттің тәрбие­лік, ағарту­шылық рөлі айқындалып, тарихи және мә­дени мұраларымыз жастарымыздың лайық­ты тұлға болып қалыптасуына, сол арқылы қоғамның белсенді әлеуетін құрауға көмегін тигізетін болады. Сол міндеттерді орындайтын саланың бір орталығы ретінде Астанада Ұлттық музейдің бой көтеруі еліміздің мәдени өміріндегі айтулы оқиға деп білеміз. Келемін, көремін, ой түйемін деуші­лерге музей есігі әрдайым ашық. Табалдырықтан аттап, төрге шығы­ңыздар! *** *1998 жылғы 17 наурызда «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылын» өт­кізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның кеңейтілген отырысы өтті, жиналған шығармашылық зиялы қауымның – өнер қызметкерлерінің, әдебиетшілердің, діни қайраткерлердің алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Ұлттық музей құрудың қажеттілігі туралы алғаш рет айтты және сол кездің өзінде-ақ болашақ музейдің барлық негізгі құрылымын белгілеп берді. * * * * Мемлекет басшысының «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асы­­ру жөніндегі қоғамдық кеңестің кеңейтілген отырысында берген 2008 жылғы 13 маусымдағы тапсырмасына сәйкес Астана қаласының әкімдігі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігіне Астана қаласында халықаралық деңгейдегі музей құру тапсырылды. * * * *Музей құрылысы «ҚазМұнайГаз» АҚ бөлген қаражат есебінен жүзеге асы­­­рыл­­ды. Бас жобалаушы – «Базис Проект LTD» ЖШС, дизайнын елінің «Design be Art» компаниясы отандық дизайнерлермен бірлесіп әзірледі, «Turkuaz Construction» ЖШС құрылыс жұмыстарының бас мердігері болып анықталды. * * * * Қазақстанның Ұлттық музейі тәуелсіз мемлекеттің символы – «Қазақ Елі» монументі орналасқан алаңда жақсы үйлесім тауып, Тәуелсіздік сарайын, Бейбітшілік және келісім сарайын, Ұлттық өнер университеті, «Әзірет Сұлтан» мешітімен бірге бірыңғай архитектуралық композицияны құрап тұр. * * * *Жобаға сәйкес қабатының биіктігі ауыспалы (2 қабаттан 8 қабатқа дейін) 7 блоктан тұратын музейдің жалпы аумағы 74 мың шаршы метрді құрайды, оның ішінде экспозициялық алаң 14 мың шаршы метрден астам жерді алып жатыр, ал мұражай (фондохранилище) шамамен 5 мың шаршы метр болады. Музей ғимаратына Ежелгі және орта ғасыр тарихы залы, Тарих залы, Алтын залы, Этнография залы, Тәуелсіз Қазақстан залы, Астана залы, Заманауи өнер залы экспозициялары орналасқан. * * * * Экспозиция залдарынан басқа, уақытша көрмелерді өткізуге арналған бөл­ме­­лер, «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты, қалпына келтіру шеберханалары, зертханалар, мұражайлар, оқу залы бар кітапхана, ілеспе аудармаға арналған жабдықтары бар мәжіліс залы, кәдесый дүңгіршегі, дәмхана мен буфет-бар орналастыру көзделген. Дархан МЫҢБАЙ, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры.