белгіленген мерзімінде әрі сапалы салынып бітуі тиіс
Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласының жаңа нысандарын көру барысында «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылысымен танысты.
Елбасы барады деген соң, құрылыс басына әдеттегідей журналистер де жиналдық. Ол жерде қазақстандық қана емес, кәдімгі халықаралық ірі шаралардағыдай шетелдік журналистердің қарасы да көп екен. Әрине, бұл төрткүл дүние көз тіккен халықаралық көрме емес пе, еліміздің дайындығын білмекке бәрінің де ынтасы зор. Әлбетте, ЭКСПО-ға әзірлігімізді әлемге таратпаққа асық.
Біз барғанда күннің аздап жаңбырлы болғанына қарамастан, құрылыс басы абыр-сабыр, қызу жұмыс жүріп жатты. Құрылысшылар көрмекке келгендерді де кедергі көрер емес, өзіне берілген міндетін мінсіз орындауға ұмтылып, бар ынтасымен жұмысқа кіріскен. Себебі, олардың алдында ел жүктеген үлкен жауапкершілік, Елбасы міндеттеген тиісті тапсырма тұр.
Тарсыл-гүрсіл дыбыс, түрлі техника тықылы... Кейбірінің қабырғасы қылтиған құрылыс нысандары, одан қалды қазыққа қамдалған теп-тегіс жер, жаңбырға жіпсіген лайлы топырақ... Әрине, енді үш жылдан соң ғана дәл осы жер жарқыраған ғажайып қалашыққа айналатынына біреу сенсе, біреу сенбес. Себебі, тақыр жерден қала тұрғызу әсте оңай шаруа ма?! Алайда, ол мүмкін нәрсе. Оған бүгінгі ажары айшықты жаңа Астана айғақ. Осыдан 10-15 жыл бұрын ғана бос жатқан сол жағалауға қазіргі әсем Астана аспаннан түсе қалған жоқ, әрине! Оған еліміз күш-қуатының, әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің жететіні күмәнсіз. Бұған кеше Елбасына «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басшысы Талғат Ермегияевтің берген есебі де дәлел болатындай.
Сонымен, Мемлекет басшысы «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің салыну барысын көріп шыққан соң, құрылыс барысына арнайы салынған мәжіліс залы, баспасөз орталығына келіп, құрылысты жүргізіп жатқан компания басшылары, мемлекеттік органдардың өкілдері, жалпы «Астана ЭКСПО-2017» көрме кешенінің құрылысына қатысты барлық жауапты тұлғаларды жинап, мәжіліс өткізді. Құрылыстың жай-жапсары жайында есептерін тыңдады. Нысандардың электронды нұсқадағы нобайларын көріп, кешеннің келешектегі келбетін келісті етуге ақылдасты.
Елбасына есеп беруді алдымен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының басшысы Талғат Ермегияев бастады. Еске салсақ, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ Үкіметтің 2013 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен құрылған болатын. Компания қызметінің негізгі мақсаты ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық жасау және оны өткізу болып табылады. Астанада ЭКСПО өткізу үшін Қазақстан «Болашақтың энергиясы» тақырыбын ұсынған. Халықаралық көрмелер туралы конвенцияға сәйкес, ЭКСПО-2017 көрмесі 3 айға, яғни 2017 жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін созылады.
ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің павильондарының негізгі құрылымдарын салу 2015 жылдың қазан айына қарай аяқталады, деп атап өтті Т.Ермегияев. 2015 жылдың қазан айында павильондар ішіндегі әрлеу жұмыстары басталмақ. Ал орталық көрме павильонына қатысты әрлеу жұмыстары 2016 жылдың желтоқсан айында аяқталады. Сондай-ақ, ол келер жылдың қазан айында халықаралық павильондардың негізгі құрылымдарының құрылысы аяқталады дегенді айтты. Сонымен қатар, ЭКСПО-қалашықтың «нөлдік кезеңін» құрылысшылар кестеден ерте аяқтауды жоспарлап отыр екен. Бастапқы кесте бойынша «нөлдік кезеңнің» аяқталуы 2014 жылдың желтоқсанына жоспарланыпты. Т.Ермегияевтің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда жоспарланған құрылыс-монтаждау жұмыстары кестеге сәйкес толық көлемде жүргізілуде.
Ұлттық компания басшысының мәліметінше, Халықаралық көрмелер бюросының талабына сәйкес, Қазақстан көрмені ұйымдастырушы ел ретінде халықаралық қатысушылардың тұрғылықты жерлерін қамтамасыз ететін болады. Қонақтарға 1300 пәтер қарастырылған. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 300 техника мен 700 құрылысшы жұмылдырылған. Кешеннің жалпы ауданы – 173,4 гектар. Ал көрме аймағы – 148,5 гектар. Құрылыс 2014 жылғы 24 сәуірде басталған болатын. Көрме аймағы құрылысының негізгі нысандары – Қазақстанның Ұлттық павильоны, халықаралық, тақырыптық және корпоративтік павильондар, сондай-ақ, сауда және ойын-сауық ғимараттары.
«Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы басшысының сөзінен соң, Елбасына құрылысқа жауапты компаниялар өкілдері – «Sembol Uluslararasi» басқармасы төрағасының орынбасары Феттах Тамеджи, Mabetex президенті Африм Пакколи, BI-Group холдингінің басшысы Айдын Рахымбаев, «СК Базис» ЖШС бас директоры Александр Белович, «AstanaGroup» компаниясының президенті Нұрлан Смағұлов, «Орталық Азия жылу-энергетикалық компаниясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Александр Клебанов, «Астана LRT» басқарма төрағасы Ардан Талғат, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин өздеріне тиісті жауапты жұмыстардың атқарылу барысы жайында есеп берді.
Есеп берушілермен пікірлескен және сұрақ-жауап түрінде өткен басқосу барысында Елбасы кешеннің құрылысына жауапты басшыларға ЭКСПО қалашығының маңыздылығын айта отырып, онда айрықша ескерілу тиіс мәселелерге тоқталды. Көрмені өткізу Астана қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның дамуындағы маңызды кезең екенін атап өтті.
– Бұл – әлемдік ауқымдағы ірі іс-шара. Бүкіл әлемге өз мүмкіндіктерімізді көрсету үшін сіздерге, мердігерлерге оның дайындығына қатысуға сенім білдірілді. Сіздер өз қабілеттеріңізді өзге нысандарда дәлелдедіңіздер. Отандық компаниялар, сондай-ақ, біздің елімізде жұмыс істеген шетелдік мердігерлер бұған дейін ешқашан ұятқа қалдырған емес, қазір де бәрін уақытында және сапалы атқаруы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте Қазақстан Президенті бірінші кезектегі міндет – «нөлдік циклды» қазан айына қарай аяқтау екенін, бұл құрылыс жұмыстарын қысқы маусымда да жүргізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев уақыттың тығыздығына, соған орай кестені қатаң сақтау қажеттігіне де тоқталды. ЭКСПО-қалашығының құрылысы қазақстандық компаниялар үшін ынталандыру болып табылатынын да назарға салды. Бұл ретте «Сіздердің барлығыңызға, мердігерлерге бүкіл әлем алдында біздің мүмкіндігімізді дер уақытында әрі сапалы көрсету үшін ЭКСПО-қалашығының құрылысы сеніммен тапсырылып отыр. Мен барлықтарыңызды да білемін. Басқа нысандарда сіздер дәлелдедіңіздер. Бұл – сіздер үшін өзіндік бір сый тарту әрі ынталандыру. Біз құрылыс саласында кәсібиліктерін дәлелдеген мүлдем басқа құрылысшыларды да шақыра алар едік. Олар да қалаған болатын әрі барлығы өтініш берген еді», – деді Мемлекет басшысы. Елбасының атап өтуінше, көрме қалашығын салу ісінде қазақстандық және елімізде жұмыс істеп жатқан компанияларға сенім арту дұрыс шешім болып отыр.
Мемлекет басшысы, сонымен қатар, барлық ғимараттардың көрме біткеннен кейін пайдаланылуының маңыздылығын тағы бір рет еске салды.
– Бастапқыда қонақүй қызметін атқаратын барлық ғимараттар кейін баспана ретінде пайдаланылуға тиіс. Бұл – көрме аумағында салынған барлық ғылыми, сауда және басқа да орталықтарға қатысты мәселе. Көрме үшін салынған ғимараттары кейін пайдаланылмай қалған өзге елдердің қателігін қайталауға жол беруге болмайды. «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы осыны қадағалауы тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Бұған қоса, қаланың барлық тұрғындарын дайындап, қонақтарға қызмет көрсету саласын жақсарта түсу қажет. Нұрсұлтан Назарбаев қаланың көрмені өткізуге толық дайын болып, отандық бай мәдениетті таныту арқылы қонақтарға жоғары қызмет деңгейін көрсетуі тиіс екенін де айтып өтті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы көрменің дайындығы мен оны өткізуге бөлінетін қаражаттың жұмсалуын жіті бақылау қажеттігіне де назар аударды.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».