04 Шілде, 2014

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ: Дәуір тудырған Елбасы

361 рет
көрсетілді
33 мин
оқу үшін
153847-kazhakstan «БҰҰ-ның бұрынғы қызметкері ретінде айтарым...» – Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сұхбат кезінде біздің кезекті сұрағымызға жауабын осылай бас­тады. Сол бір ауыз сөзінде Тоқаевтың бойындағы бүкіл қасиет тұнып тұрғандай көрінеді. Күні кешеге дейін әлемдік саясат иерархиясында ең жоғары лауазымдардың бірінде болған – Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі конференцияның Бас хатшысы қызметін атқарған адамның осылай сөйлеуі үшін оның шынайы сыпайылығы қажет екені анық. Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген жылдар бойы Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі қызметінде жүріп Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың талай мемлекеттер басшыларымен кездескеніне, келіссөздер жүргізгеніне куә болған, ал БҰҰ Бас хатшысының орынбасары ретінде саясатқа планеталық ауқымда қарауға, Елбасымызды әлемнің белді елдерінің басшыларымен салыстыра қарауға мүмкіндік алған. Біз Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТАН газетімізге сұхбат беруін сұраған едік. – Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Биыл Астана күні өзіндік бір мерейтоймен тұстас келіп отыр – осыдан дәл жиырма жыл бұрын Президенттің ұсынысы бойынша астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі тарихи шешім қабыл­данған болатын. Менің алғаш­қы сұрағым мынандай: сергел­деңі мол сол бір кезеңде Елбасын осындайлық өжет шаруаны қолға алуға итермелеген қандай күш деп ойлайсыз? – Сіздің пушкинистикамен жүйелі түрде айналысатыныңызды, осы тақырыпта бірнеше кітап шығарғаныңызды білетін адам ретінде сұрағыңызға ұлы ақынның «Самодержавною рукой он смело сеял просвещенье, не презирал страны родной: он знал ее предназначенье!» деген жолдарымен жауап бергім келеді. Пушкин Ұлы Петр туралы осылай жазған еді ғой. Біздің мемлекетіміз үшін Пре­­зи­дентіміздің не істегенін дәл осы­лай­ша айқындай аламыз. Ол өз елінің мақсат-мұратын жақсы біледі. Нағыз стратегтің қатардағы сая­саткерден айырмашылығы – көз­қарасының кеңдігінде. Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев астананы Ақмолаға ауыс­тыру жөніндегі жоспарын сонау 1994 жылдың өзінде жария еткен еді. 6 шілдеде Президент жаңа мем­лекеттің жаңа астанасын салу, оны елдің қақ төріне орнату жөніндегі көкірегінде аялаған арманымен бөліскен болатын. Қоғам бұл шешімді естігенде асып-сасып қалды, бұған күдік-күмәнмен қарады, тіпті қарсылық та білдірді. Парламенттегі шешім жақтаған дауыстардың көпшілігімен қабылдана тұрса да, жұрттың бәрі бірдей, соның ішінде Президенттің серіктестері де бар, Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған идеяның шын ұлы­лығын түсіне қойған жоқ. Алайда, көп уақыт өтпей-ақ Прези­денттің басқалардан алысқа қарай­тын, басқалардан көбірек көретін мем­ле­кеттік қайраткер екендігі танылды. Ол бақуатты өмір сүретін елді, өз азаматтарына ең жақсы мүм­кіндіктер жасайтын мем­лекет­ті, бүкіл әлемдік қоғамдастық құр­метпен қарайтын, сенім көрсететін туған Қазақстанын армандаған еді. Ондай елге біз қазірдің өзінде қол жеткізіп отырмыз. Біз қазір Елбасына шын мәнінде ұлттық идеяға айналған осынау ауқымды геосаяси жобаны жүзеге асырғаны үшін алғыс айтамыз. Мемлекетіміздің жүрегі нақ Ас­танада соғып тұр, Қазақстанға және бүкіл әлемге қатысты тағдыр­лық шешімдер нақ Астанада қа­был­данады. Біздің елордамыз небәрі 15 жыл­­дың ішінде әлемге танымал ха­лық­­аралық орталық мәртебесіне ие болды. Астанада халықаралық биік дең­­гейдегі аса маңызды іс-шара­лар өткізілді. Тәуелсіздік сарайы­ның бірегей ғимаратында ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті өтті, сол жер­де жақында Еуразиялық Эконо­ми­калық Одақ құру жөніндегі Шарт­қа қол қойылды, Астанада ТМД-ның, ШЫҰ-ның, ЕурАзЭҚ-тың, Ислам ынтымақтастығы ұйымының жоғары деңгейдегі кездесулері, діни саммиттер, ЕҚЫҰ-ның парламенттік форум­дары, БҰҰ аясындағы конферен­ция, дағдарысқа қарсы жиындар болды, енді үш жылдан кейін «ЭКСПО-2017» көрмесі ұйым­дас­тырылады. Ғажайып «Астана-Опера» театрында әлем мәдение­тінің жұлдыздары өнер көрсетеді. Астанада әлемде жоқ әсем ғи­мараттар салынып жатыр. Мұның бәріне бүгінгі Қазақстанның қар­жылық қуатының арқасында қол жетуде. Қазіргідей дағдарыс жағдайында бірде-бір мемлекет мұндай алып құрылысты қолға ала алмай отыр. Астананы әлемдік қоғамдастық серпінді дамып келе жатқан қазақ мемлекетінің елордасы деп таниды. Қала ұлттық идеяның жүзеге асқан көрінісіне айналды. – 27 маусымда, Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында мен «Шалқар» ра­диосынан тікелей эфирде сөй­леген едім. Хабар кезінде бір тың­даушы Президент туралы мақа­лалар мен көрсетілімдер көп­теу емес пе деген күмәнін білдір­ді. Сіз бұл жөнінде не айтар едіңіз? – Иә, Президент Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев туралы қазір мақалалар мен кітаптар жазылуда, оған жырлар арналуда, ол туралы фильмдер түсірілуде. Осыған орай мұның бәрі насихаттық науқан емес пе деген сұрақ туындауы да мүмкін. Менің ойымша, біз фактілерге сүйене отырып, біздің елімізге дос көзімен қарай қоймайтындардың тарапынан ауық-ауық таратылып, істің мән-жайынан хабарсыз, аңғырт адамдар іліп алып кетіп жататын күдік-күмәндарға орай орнықты, ойлы жауап қай­таруы­мыз керек. Бүгінгі күннің биігінен қа­ра­ғанда, Қазақстан табысты ре­фор­малардың, тұрлаулы даму­дың жо­лына түскен ел ретінде бүкіл әлемге танымал болып тұрған кезде кейбір кісілерге, әсіресе, жас буын өкілдеріне қол жеткен табыстар өзінен өзі келіп жатқандай, бәрі осылай болуға тиістей көрінуі мүмкін. Алайда, мына біз, мемлекетті құ­ру­дың қатысушылары мен куә­гер­­лері, олай емес екендігін біле­міз ғой. Белді саясаткерлер, арасында Горбачев та бар, белгілі сарап­шы­лар, мысалы, Бжезинский сияқ­ты­лар кезінде Қазақстанның келе­­шегін күңгірт етіп көрсеткен бола­тын. Күрделі ішкі саяси, эконо­микалық, демографиялық жағдай­лары, шекарасының заңды тұрғы­дан бекітілмегені бұрынғы одақ­тық рес­публикаға шынайы тәуел­сіздікке қол жеткізуге, әлем­дік қоғам­дас­тық­­тың толық­қан­ды мүшесі болуға мүм­­кіндік бер­мейді-міс десіп жатты. Бірақ олар 90-шы жылдардың басында Мемлекет құрушының тар жол, тайғақ кешуіне түскен Нұр­сұлтан Назарбаевтың өзекті рөлін ескермеген еді. Жаңа Қазақстанды құрудың бү­кіл жауапкершілігін Елбасы өз мой­нына жүктеді. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі тартысты кернеуге толы сол бір күндерде, эко­номика толықтай күйреп, кәсіп­орындар тоқтап, ереуілдер біріне бірі жалғасып жатқан кезде, дүкен­дердің сөрелері тып-типыл болып, инфляция 3 мың пайыздық деңгейден асып кеткен шақта халықтың арасында торығушылық, дүрбелеңге түсушілік күшейді, талайларға мемлекеттің тәуелсіздігі деген әншейін әдемі сөз күйінде қалатындай көрінді. Сол сын сағатта реформалар бойынша қиын шешімдер қа­был­дағанда Президенттің нендей күйді кешкенін оны өзі ғана біледі. – Сіздің Назарбаев феноменін пайымдауыңыз маған өте ұнай­ды, бір мақаламда ол сөзіңізге сіл­теме де жасағанмын. 2005 жыл­ғы 15 шілдеде «Казахстанс­кая­ прав­дада» «Алған бағыт­қа адалдық» деген мақала жа­рия­ладыңыз, сон­да: «Нұрсұлтан На­зарбаевтың фе­номені дүние­нің екі қиырының – Еуропа мен Азияның, әлемнің екі өрке­ние­тінің – Шығыс пен Ба­тыс өркениеттерінің, екі сая­си жүйенің – тоталита­ризм мен демо­­кратияның түйіс­кен, тоғыс­қан тұсында пайда болған», деп жаз­ғансыз. Қазақ­стан Прези­ден­тінің бұл артық­шы­лық­тарын сіз қалай жіктеп айтар едіңіз? – Нұрсұлтан Назарбаев өз сая­са­тында еуропалық реформа­шыл­дықты, прагматизм мен демо­кратиялық рәсімдерге бейімдікті де, сондай-ақ қоғам өмірінің негіз­деріне арқау сүйейтін азиялық дәс­түршілдікті де қатар үйлестіре білген деген сөзімді тағы да айта аламын. Осылайша, Назарбаев іс жүзінде әлемдік саясаткердің жаңа үлгісінің жиынтық бейнесіне айналды, ол өз қызметі арқылы елдер мен халықтарды, мәдениеттер мен менталитеттерді жақындастырып келеді. Қазіргідей күрделі кезде, ең беделді деген философтардың, ойшылдардың өзі өркениеттер қақтығысы жөнінде ой топшылауларын ортаға салып жатқан шақта тек Қазақстан Президенті ғана әртүрлі дін өкілдерін бір үстелдің басына отырғызып, бұған дейін әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының төрт съезін өткізе алды. Мұндай шаруа тек әлемдік тарихтың ірі тұлғаларының ғана қолынан келеді, біздің Пре­зидентіміз міне осындай тұлға. Осы жылдардың бәрінде ел тұтқасын Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстамағанда біздің мемлекетіміз дәл мұндай табысты бола алмас еді дегенді кәміл сеніммен айтамын. Барлық істе де, саясатта да, экономикада да ол барша өзгерістердің қуат берушісі де, кепілдік етушісі де болып келді, солай болып та отыр. Тағы да айтамын: қайта туғандай түлеп, мемлекеттердің әлемдік қоғамдастығынан өз орнын ойып тұрып алған төлтума ұлт ретінде біз, қазақстандықтар, барша жетістіктеріміз үшін ең алдымен өзіміздің Президентімізге қарыздармыз. Қазақ мемле­кет­тілігінің қайта өрлеуінде Нұр­сұл­тан Назарбаевтың орны аса көр­некті екендігі талас тудырмайды. Мемлекет басшысының жаһан­дық ауқымдағы жалпыұлттық лидер екендігі – Қазақстанның баянды бағы. Өзіңіз қараңызшы, халқы өзінің қатарынан күшті жетекші шығара алмай-ақ қойған елдерде не болып жатқанын көріп отырсыз ғой, ол елдер қақтығыстардың, революциялардың, тіпті, соғыс­тардың сойқанына сүрлігіп, ха­лықаралық қауіпсіздікке кәдім­гідей қауіп төндіріп келеді. – Өткен жылы экранға «Ел­басы жолы» фильмі шықты. Ел­басының өмір жолының ерек­ше­лігін сіз қалай сипаттар едіңіз? – Бір сөзбен айтар болсам, Ел­басы жолы ең алдымен еңсеру жолы дер едім. Бұлай дегенде мен өткен заманның кеңбалақ жүрісі мен қасаң қалыптарын еңсеруді, бұған дейін ешқашан нарық экономикасы жағдайында өмір сүріп көрмеген тұрғындардың және мемлекеттік аппараттың кеңестік кезеңнің күпісін үстінен тастай қоймаған бөлігінің сенімсіздікпен қарауын еңсеруді айтар едім. Алайда, Президенттің батылдығы мен ерік-жігерінің арқасында ре­формалардың тетігі іске қо­сы­лып кетті де, олар бірте-бірте тоқ­та­­мауға айналды, сөйтіп, демо­кра­­тиялық қоғам құрудың негізі болды. Тәуелсіз Қазақстанды құрудың бастауында тұрған Президент өзін қуатты тұлға, бірегей рефор­ма­тор ретінде таныта білді. Ол экономиканың бәрінен де маңыз­ды екенін артық сөзсіз-ақ, саясат­шылдыққа салынбай-ақ мәлімдеді. Оған шетелдегілер назар аударды, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Франсуа Мит­теран тыңғылықты әңгімелес­кен­нен кейін оған сол кезеңдегі саяси кеңістіктің ең келешегі кемел жетекшісі ретінде өте жоғары баға берді. Мұнда Пре­зиденттің кісілік қасиеттері, оның жан-жақты тұлғасы да үлкен рөл ат­қарды. Маргарет Тэтчер оны 90-шы жылдардың басында ал­ғаш көргенде «Мен бұрын-соңды кездестірген ер азаматтардың ішін­дегі ең бір тартымдысы» деген бола­тын. «Темір леди» сол кездің өзін­де-ақ Қазақстан көшбасшысын лайық­ты бағалап, оның көп ұзамай әлемдік элитаға қосылатынын болжаған еді. – Бұл қасиеттерге, тегінде, Нұр­сұлтан Әбішұлының тамаша юморын да қосуға болатын шы­ғар. Сіздің «Ол тарихты жасайды» деген кітабыңыздан мына бір үзіндіні келтірейінші. Былай деп жазғансыз: «Н.На­зар­баев пен НАТО-ның бас хат­­шысы, ағылшын Джордж Роберт­­сонның арасында өзара се­нім­ді жеке қарым-қатынас орна­ған еді. Онымен «Бейбіт­шілік жо­лын­дағы серіктестік» ая­сын­дағы ынтымақтастық және Орталық Азия өңіріндегі ахуал мәселелері бойынша тұ­рақты түрде телефонмен сөйлесіп тұру орныққан-ды. Біздің елге бір келгенінде Робертсон сөз арасында өзінің отбасындағы ер кісілердің бәрі, соның ішінде әкесі, ағалары мен інілері түгел полицей болғанын, тек өзі ғана өмірдің басқа соқпағына түс­кенін айтты. «Ақ қойлар ота­рындағы қара қоймын мен», деді ол өзі жайында. Сол-ақ екен, Президент өзіне тән мәнермен жұлып алғандай етіп: «Оған қапа­ланбай-ақ қойыңыз, оның есе­сіне сіз әлемдік жандарм бол­дыңыз ғой», деп салды. Көп­теген британдықтар сияқты Робертсон әдемі әзілді түсінеді, содан да, ішек-сілесі қата күлді. «Әлемдік жандармға» теңеу НАТО бас хатшысының жанына әбден жаққаны көрініп тұрды»... – Ондай мысалдар жеткілікті. Адамды тартып тұратын қасиеті бар тұлға ретінде ол әртүрлі кісілермен тіл табыса алады. Отыз жылға жуық уақыттан бері тікелей танитын (алғаш рет Нұрсұлтан Әбішұлын 1985 жылы, Бейжіңдегі елшіліктің қызметкері кезімде көріп, жанында болғанмын, ол кезде республика Министрлер Кеңесінің төрағасы ретінде кеңестік делегацияның құрамында болған еді), жиырма жылдан астам уақыттан бері Пре­зиденттің қалай жұмыс істей­тінін жақыннан көріп жүрген адам ретінде мен Елбасының сирек кездесетін еңбекқорлығына таңданудан танар емеспін. Пре­зидент адамдармен емен-жарқын араласып-құраласады, оның әңгі­мелесіп отырған адамын ести де, тыңдай да білетіндігі даналығын көрсетеді. – Нұрсұлтан Әбішұлының білген сайын біле түсуге құш­тар­лығын да айрықша айтқан жөн. Бұл ойыма мынандай бір мысал келтірейін. 2010 жылы Президент Оңтүстік Кореяға сапар жасады. Қайтар күні таңертең журналистерге Президент лай­нерінің ұшуы біраз уақытқа кеші­гетіні айтыл­ды. Сөйтсек, соның алдын­дағы кештегі әңгіме бары­сын­да Нұрсұлтан Әбішұлы Тэч­жон қаласында академиялық қала­шық табысты жұмыс істейді дегенді естіпті де, елге қайтар ал­дында сол қалашықпен таны­сып қайтуға бекіпті. Әлгі Тэчжон Сеул­ден 250 шақырым жерде екен... Нұрсұлтан Әбішұлы саға­ты­на 300 шақырым жылдам­дық­пен заулайтын электр пойызы­на отырып, әрі-бері жолға 2 са­ғат, академиялық қалашықпен та­нысуға 1 сағат жұмсап, бас-аяғы 3 сағатта Сеулге қай­тып келді. Бұл жайында менің «Қашаған құ­рық­таған Қазақ­стан» деген кіта­бымда жазыл­ған, ол кітаптың сіз­­дің алғысөзіңіз­бен шыққанын мақтан етемін. – Иә, Президенттің жұмыс іс­теу қабілеті қайран қалдырады, ол кісі әр проблеманың ұңғыл-шұңғылына бойламай қоймайды. Тағы бір қасиеті – көп оқитындығы, саяси және экономикалық әдебиетті былай қойғанда, тарих мәселелерінен жақсы хабар­дар, әлемдік класси­ка­ны, отан­дық әдебиетті тамаша біледі. Шы­ным­ды айтсам, бас­пасөзде Прези­денттің әдебиет­ші­лерге жа­ңа кітаптарына байланыс­ты хат жазғаны жайында ақпарат жария­ланған сайын аң-таң боламын. Бұл арада Елбасының дархан жүрек­тілігі де көрінеді, өйткені, Нұр­сұлтан Әбішұлы өзінің жылы сөзі қалам шеберлерінің шабытын шалқытатынын да ескереді. – Ресейде және Батыстағы елдерде кезінде кеңес мемлекетін күйреуден сақтап қалу, оны даму арнасына түсіру тек Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана қолынан келер еді деген пікір кеңінен ор­нық­қан. Ол кезде Нұрсұлтан Назар­баев Кеңес Одағындағы ең беделді жетекші болатын. Сіз қалай ойлайсыз, Нұрсұлтан Әбішұлы сол тұста КСРО вице-президенті лауа­зымынан неге бас тартты? – Бұл әңгіменің жай-жапсары жақсы белгілі. КСРО президенті өзіне орынбасар етіп халықтың билікке деген шатқаяқтай бастаған сенімін қайта қалпына келтіруге қабілетті адамды алғысы келді. Нұрсұлтан Әбішұлы бір жолы бұл жайында: «Горбачев мені президенттің сәндік бетперде үшін ұстайтын орынбасары еткісі келді. Мен онысына келісе қоймадым. Өзімнің жоспарым бойынша барлық республикалармен тығыз, қауырт жұмыс жүргізуім керек еді», деп ашық айтқаны бар. Одан кейін Қазақстан басшысына елдің Премьер-министрінің лауазымын ұсынғылары келді. Алайда, бұл жос­парды бүлікшілер бұзып жіберді. Саяси әдебиетте Горбачев, Ельцин мен Назарбаев қатысып, КСРО-ның жаңаша мемлекеттік құрылымын талқылаған құпия әңгімені Ұлттық қауіпсіздік комитеті тыңдап қойғаны жайында көп жазылған, бұл жағдай белгілі бір дәрежеде ГКЧП-ны құруға қозғау салған. Біз Нұрсұлтан Әбішұлының өз иығына нақ Қазақстан лидерінің жүгін артқаны, сөйтіп, оны Орталық Азия өңіріндегі өзекті елге, маңызды халықаралық ойыншыға айналдырғаны үшін Тағдырға тәубе деуіміз керек. Үш республиканың басшылары оңаша жиналып алып, елді бөлшектеу жоспарын талқылағалы жатқан Беловежьеге барудан үзілді-ке­сілді бас тартуында да біздің Пре­зи­дентіміздің мықты мінезділігі мен саяси көрегендігі танылып тұр. – Сіздің ойыңызша, Пре­зи­дент Назарбаевтың жетек­ші­лі­гімен жү­зе­ге асырылған рефор­ма­лар­дың табысты болуының сыры неде? – Бүкіл әлемде үдемелі да­му­дың қазақстандық моделі деп аталатын феноменнің негізгі құрамдас белгілері – Президенттің күшті сая­си ерік-жігері, оның қай мәселені де стратегиялық тұрғыдан ойластыра білуі және өзінің туған халқына нық сенімі. Экономикалық күйзелістің, әлемдік қаржы дағдарыстарының ең бір қиын жылдарында, талайлар еліміз жардың жағасына жақын қалғандай көрген кезде Нұрсұлтан Әбішұлы өзін нағыз Лидер ретінде таныта алды. 1998 жылы Азиядағы қаржы дағдарысы буып тұрған кезде оның: «Қазақстан ешқашан да құламайды, жұмыс істеу керек, сонда табысқа міндетті түрде жетеміз», деген болашақты берік болжаған сөзі бәріміздің есімізде. Өзінің мемлекеттілігін құру­ға кіріскенде Қазақстанның жағ­дайы бұрынғы одақтас респуб­ликалардың көбімен салыс­тыр­ғанда әлдеқайда нашар еді, сөйтсе де экономикалық тұрғыдан ілгері басқан, саяси тұр­ғыдан тұрақты ел дәл біздің ел болып шықты. ТМД-ның көпте­ген елдері революциялардың, соғыс­тардың, тоқыраудың, кері кетудің бейберекеттік батпағына батты. Президент Назарбаевтың рефор­малары шетелдерде ойлас­ты­рылған ұзақ мерзімді стратегияның негізінде әміршіл-әкімшіл жүйе­ден ашық экономикаға жылдам өту жағдайында табысты мемле­кет құрудың өзіндік бір оқу құра­лы сияқты зерттеледі. Әлемде Нұр­сұлтан Әбішұлын аса көрнекті ре­форматор деп атайды. Кеңестен кейінгі елдердің бірде бір басшысы мұндай бағаға ие болған емес. – Біздің сыртқы саясат ведомствосын – Сыртқы істер ми­нистрлігін талай жылдар бойы басқарған адам ретінде сізге Пре­­зи­денттің дипломатиялық қыры туралы сұрақ қоймай тұра алмаймын. Ең алдымен Қа­зақ­­стан­ның шектес елдермен мемле­кеттік шекарасын халық­аралық-құқықтық тұрғыдан бекітуге қол жеткізудегі Елба­сы­мыздың еңбегі жөнінде сұрағым келеді. – Ұзындығы 13 мың шақы­рым­нан артық мемлекеттік шекараны делимитациялау мен демаркациялау – Елбасымыздың стратегиялық тұрғыдан ойлау қасиетінің тағы бір дәлелі. Шекараның халықаралық-құқықтық тұрғыдан ресімделуі және Қытаймен, Ресеймен, Өз­бекстанмен және басқа да көршілес елдермен шарттарға қол қойылуы әлемдегі қазіргі жағдайды ескере келгенде жер көлемі бойынша дү­ние жүзіндегі тоғызыншы орында тұрған біздің мемлекетіміздің ау­мақтық тұтастығы мен қауіп­сіз­дігі тұр­ғысынан ерекше маңызға ие. Қазақстанның әкімшілік шека­расы тәуелсіздікке қол жеткі­зіл­генге дейін нақпа-нақ заңды түр­де бекітілмегені белгілі. Негі­зін­де, заңды бекітілген шекара – ха­лық­аралық құқықтың басты екі қағи­датының – шекаралардың бұлжы­мас­тығы мен мемлекеттің аумақ­тық тұтастығы қағидаттарын сақ­таудың кепілдігі. Тәуелсіздік алғаннан кейін-ақ Президент дип­ломатиялық қызметтің алдына стратегиялық тұрғыдан маңызды міндетті – шектес мемлекеттердің бәрімен шекаралық шептерді анық­тап, құжаттау міндетін қойды. Нұр­сұлтан Әбішұлы бұл мін­детті қойып қана қойған жоқ, бұл жұмысты өзі басқарды, әрбір де­тальға мән беріп, жоғары деңгей­дегі келіссөздер кезінде табан­дылық танытты, әр мәселе бойын­ша біздің көзқарасымызды сенім­ді түрде негіздеп отырды. Ше­ка­раны делимитациялау ісінің аяқ­талуының Қазақстан үшін маңы­зына сөз жетпейді. Экономикалық деңгейі мен даму серпіні бойынша әрқилы елдермен аумақтық мәсе­ле дау-дамайсыз шешілді, шека­ралық шептеріміздің барлық бағыттары бойынша қауіп­сіз­дігінің халықаралық-құқықтық ке­пілдіктері қамтамасыз етілді. Сыртқы саясат – толықтай Мем­­лекет басшысының құзыре­тін­дегі іс. Президенттің бұл сала­ға жасаған қамқорлығының арқа­сында тәуелсіздіктің таңсәрі ша­ғында-ақ Қазақстанның дауысы барлық көпжақты форумдарда естіле бастады. Кеңестік кезеңде Қазақстанда дип­ломатия іс жүзінде болмаған да еді. Республикалық СІМ тек консулдық және хатта­малық шаруаларды ғана атқаратын. Тәуелсіз мемлекеттің Сыртқы істер министрлігі Қазақ­станның Сыртқы саясат тұжы­рым­дамасының не­гізгі қырларын талдап-жасау бары­сында ең алдымен Нұрсұлтан На­зарбаевтың «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты іргелі еңбегінде баяндалған қағидаттар мен мін­деттерге арқа сүйеді, ол стратегия­да Президент елдің сыртқы сая­сатының бағыттарын да айқындап берген болатын. – Асқар тау алыстаған сайын ас­қақтайды дейді ғой. Таяу­дағы уақытқа дейін сіз Бірік­кен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шы­сы­ның орынбасары – БҰҰ-ның Жене­вадағы бөлімшесінің Бас директоры, Қарусыздану жөніндегі кон­фе­ренцияның Бас хатшысы бол­дыңыз. Осынау аса беделді ұйым­ның биігінен қарағанда біздің Пре­зи­денттің тұлғасы қалай көрі­неді екен? – БҰҰ-ның бұрынғы қызметкері ретінде айтарым – біздің басшымыз әлемдік қоғамдастықта шынайы құрмет пен беделге ие, оны жаһандық ауқымдағы саясаткер деп санайды. Бұл хаттаманың қатып қалған қасаң сөзі емес. 1991 жылдың өзінде Президент Семей ядролық полигонын жабу жө­ніндегі атақты Жарлығына қол қойды, одан кейін Қазақстан Ядро­лық қаруды таратпау жөнін­дегі шартқа, Ядролық қаруды сы­нақ­тан өткізуге жаппай тыйым салу жөніндегі шартқа қосылды, Прези­денттің бастамасы бойынша Орталық Азияда ядролық қарудан ада аймақ құрылды. Жыл сайын 29 тамызда, полигонды жабу жөніндегі Жарлыққа қол қойылған күні БҰҰ Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күнін атап өтеді. Вашингтон, Сеул, Гаага сам­мит­терінде біздің Президентті жаһандық антиядролық қозға­лыстың лидері деп атады. Мұндай құрмет бүгінгі заманның бірде бір саясаткеріне көрсетілген емес. 1992 жылы Елбасы Біріккен Ұлттар Ұйымында Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыру туралы бастама көтерді. Ал таяуда Шанхайда АӨСШК-нің 4-ші саммиті табысты өткізілді. Президенттің бастамасы бойынша БҰҰ-да мәдениеттер мен өркениеттер жақындасуы жөнінде қарар қабылданды. Біздің Елбасымызды әлемдік экономиканың көкейкесті мәсе­лелері бойынша сарапшы ретінде де бағалайды, онымен мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары кеңесіп, ақылдасып отырады. ТМД-ның негізін қалаушы және Еуразиялық экономикалық одақты құрудың бастамашысы ретінде Президент интеграцияның кәміл сенімді жақтаушысы болып табылады. Қазақстан мемлекеті басшысының бітімгершілік күш-жігері жұмсалмағанда ТМД-да 90-шы жылдардың басында Балқан түбегіндегі жағдай қайталануы мүмкін екендігі бүгінде жұрттың бәрі мойындайтын жай. Елбасы­мыздың Қырғызстандағы дағда­рысты ретке келтіру жөніндегі араағайындық күш-жігері БҰҰ мен ЕҚЫҰ-да жоғары бағаланды. Қазақстанның дауысы Украина дағдарысы кезінде де салмақты естілді, сондықтан да Гаага сам­миті барысында Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ең сұранысқа ие саясаткер болып шықты. Мен мынаған сенімдімін: қа­зір­гі әлемде тәжірибесі, мәселені кеңі­нен қамтуы, ерік-жігері, даналығы жөнінен Қазақстан Президентіне теңесетін саясаткер жоқ. Халықаралық аренадан Тэтчер, Миттеран, Коль, Ли Куан Ю кет­­келі бері көптеген мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары сая­си технологиялардың арқасында танымалдыққа ие болды, тіпті, «пиар-президент» деген термин де шықты. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің есімін ақпараттық дәуір орнағанға дейін-ақ орнықтырған. Сындарлы әрі жауапты мемлекеттік қайраткер ретінде әрекет еткендіктен де ол өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында-ақ кеңестен кейінгі кеңістіктегі ең елеулі және беделді саясаткер болып алған еді. – Әрине, Елбасы қызметі та­қырыбын бір әңгімеде толық қам­ту мүмкін емес. Сондықтан сізге әңгімеңізге рахмет айтып, сұхбатты түйіндеуді сұрау­ға мәж­бүрмін. Тәуелсіз Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті – Ел­басы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев біз үшін қандай қасиет­терімен қымбат? – Президенттің тарихи еңбегі халықтың менталитетін нарықтық экономиканың, бүгінгі заманның басқа да құндылықтарының ба­ғы­тына бұрып бере алған­ды­ғын­да. Ең бір қиын жылдарда «Болашақ» бағдарламасы іске қосылып, ол 10 мың жас қазақ­стандықтың шетелдердегі ең таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алып, елдің басқарушы активінің белсенді бөлігіне айналуына мүмкіндік берді. Барлық облыстарда зияткерлік мектептер ашылған, әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орны – Назарбаев Университет табысты жұмыс істеп тұр. Қазақстандық мәдениет, медицина, жоғары жетістіктер спорты жаңа серпін алды. Күні кеше ғана, тәуелсіздіктің табалдырығында тұрғанымызда Президент ереуілге шыққан жұ­мысшыларды азық-түлікпен қам­тамасыз ету мәселелерін ше­шу­мен жүретін, ал бүгінде ин­дус­триялық-инновациялық бағ­дар­ламаның екінші кезеңіне кірісіп жатырмыз, ол бағдарлама жан-жақты есептелген, қаржы ресурстарымен қуатталған және халықаралық институттар тарапынан қолдау тапқан. Кейінгі жылдарға дейін ауылшаруашылық өндірушілері мұқтаждықтан көз ашпайтын, ал бүгінде олар мемлекеттен қыруар көмек алады. Бір кезде Қазақстан шетелден несие сұрап жүретін, ал бүгінде өзі кедей елдерге көмек көрсетеді. Мемлекеттік құрылыстың ең бір қиын жылдарында біз бір кезде Қазақстан елге 70 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция­лар тартады, оның валюталық резервтері 105 миллиард долларға жетеді, шағын және орта бизнесті қолдауға мемлекет қосымша 1 триллион теңге немесе 5,5 миллиард доллар бөледі деп ойлай алар ма едік? Қазақстан табысының мұндай мысалдары көп-ақ. Мұның бәрі біздің Елбасымыздың даусыз еңбегі. Бірақ, бұл айтқанымыз «ұлттың ұлы ұмтылысының» бастауы ғана. Алыстағы 2050 жылға көз тіге отырып, Елбасы Қазақстанның ең озық дамыған елдердің алғашқы тобына кіруі жөніндегі стратегиялық міндетті алға қойды, осы мақсат үшін экономика мен мемлекеттік аппаратты одан әрі реформалауды, елді әлемдік жаңа шындық-болмыстарға бейімдеуді міндеттеді, оларды жеделдетілген ғылыми-техникалық прогресс пен халықаралық қатынастардың бұрын-соңды болып көрмеген өзгеріске түсуі айқындайтын болады. Президенттің мемлекеттілікті нығайтуға бағытталған бүкіл қыз­меті елді өңірлік державалар қатарына қосты және ең озық дамыған отыз мемлекеттің ішіне кіру міндетін алға қоюға мүм­кіндік берді. Ал бұл – адам айтқысыз қиын міндет. Сондықтан да Президент әбден әділ түрде ескертіп отыр: ешқандай жағдайда да босаңсуға болмайды, табыстан басымыз айналмауы керек, шешілмеген мәселелермен шұғылдануға тиіспіз, бізді алда жаңа қиындықтар мен қауіп-қатерлер тосып тұр, оларды еңсеру үшін барлық қазақстандықтар, ең алдымен Үкімет, Парламент, әкімдер көп жұмыс істеуі қажет. Өзінің Жолдауында Президент уақыттың елеулі сын-қатерлері жайында айтты, алдан шығатын қауіп­тер жөнінде ескертті. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бүгінгі кезге дейін Елбасымыздың ұстанатын қағидаты: халыққа тек қана шын­дықты айту, уәде бергеннің бәрін орындау. Сондықтан да халқымыз Нұр­сұлтан Әбішұлын Елбасы деп атайды. Бұл сөзде оның біздің мемлекетіміз үшін атқарған барша ісіне халықтың шынайы алғыс сезімі жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың Елбасылығы – аса күр­делі геосаяси жағдайдағы, әлем­дік қаржы-экономикалық дағдарыстардың аясындағы табыс­қа жетудің шежі­ресі, бұл Қазақ­стан Барысының ке­шегі заманнан жаңа тарихи дәуірге бір-ақ ырғып секіруі. Халық өз болашағын Елбасы­ның есімімен, оның елге ерен бас­шылығымен байланыстырады. Елбасы өзінің күрделі жолын жағдаяттардың арқасында емес, қайта солармен қасарыса қарсы­ласа жүріп өтті. Әрбір лидер сияқты, оған да жападан жал­ғыз қалуға да тура келді. Бірақ ол бәрімен ерегесе тұрып, алға ұмтылды, тарихи шешімдер қабыл­дап, олардың орындалуына қол жеткізді. Ол халқын өз соңы­нан ерте білді және осынау қақты­ғысқа толы, болжаусыз әлемде халқына жол сілтеумен келеді. Президент Мәңгілік Елдің халық тілеп жүрген, көкейкесті тұжырымдамасын жария етті. Бірақ Мәңгілік Ел тұжы­рым­дамасын Елбасының мәңгілік есі­мінсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Қа­зақстанда басқа Елбасы болмақ емес. Біз, Елбасының замандастары және тәуелсіз Қазақстанды құрудың куәгерлері, мемлекетіміздің, әлем­дік қоғамдастық табысты ел және маңызды халықаралық ойын­шы ретінде мойындаған мемле­ке­тіміздің негізін қалаушы нақ Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін білуге және дәйім есте ұстауға тиіспіз. Нұрсұлтан Әбішұлының біздің мем­лекетімізді өркендеген мем­лекетке айналдыру және оған осынау алмағайып дүниеде лайық­ты орын алып беру жолында қан­дай­лық қажыр-қайрат танытатынын бір адамдай білетіндіктен де мен Елбасымыздың есімі ұлттық тарих­қа да, әлемдік жылнамаға да мүм­кін еместі мүмкін ете алған ұлы Пре­зидент ретінде енетініне сенемін. – Әңгімеңіз үшін рахмет. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.