Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Astana Hub-тың басқарушы директоры Абай Абсаметтің айтуынша, 5G технологиясының тиімді тұсы көп. Оның бизнеске де, бұқараға да берері мол. Себебі жаңа технология цифрлық шешімдердің тиімділігін арттырады.
– Халықаралық технопарк елдегі 5G экожүйесінің дамуына ерекше назар аударып отыр. Өйткені бұл перспективалы бағыт саналады. Astana Hub былтырдан бастап нақты іс-шараларды қабылдай бастады. Мәселен, технопарктің аумағында 5G толқындарын ұсынатын станса жұмыс істейді. Былтыр инкубациялық бағдарламаны іске қостық. Осының нәтижесінде аталған технология бойынша он шақты бизнес-кейс сынақтан өтті. Сонымен қатар біз корпорацияларды 5G-ге көшуге үндеп келеміз. Биыл еліміздің үш үлкен қаласы аталған технологиямен қамтылады, – деді Абай Абсамет.
Tele2/Altel бас директоры Сергей Коньковтың пікірінше, компания да, көпшілік те жаңа экожүйенің жемісін көруге әзір. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жанданып келеді.
– Бізге технологияны іске қосу құқығын, жиілік ресурсын алу, желіні орналастыру міндеті жүктелді. Келесі бес жылға лицензиялық міндеттемелер алдық. Алдағы бес жылда шамамен 3,5 мың базалық станса салуымыз керек. Бұл өз кезегінде 5G технологиясын пайдаланатындардың 80 пайыздан астамын қамтиды. Осы орайда 5G технологиясының алғашқы секторлары Астана, Алматы және Шымкент қалаларында іске қосылғанын атап өткен жөн. Алғашқы базалық станса Астанадағы ЭКСПО аумағында орнатылды. Дегенмен ол ЭКСПО аумағын түгел қамтымайды. Алдағы бірнеше айда елордада және басқа қалаларда қамту айтарлықтай кеңейеді, – деді Сергей Коньков.
Еске сала кетейік, 2022 жылғы желтоқсанда елімізде 5G жиіліктерін тарату бойынша аукцион өтті. Алғашқы тендерде жиілік 62,6 млрд теңгеге, екіншісінде 93,4 млрд теңгеге сатылды. «Кселл» акционерлік қоғамы мен «Tеле 2» және «Алтел» брендтерімен танымал «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС консорциумы аукционда жеңімпаз деп танылды. Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбектің айтуынша, биыл да аукцион өткізіледі. Онда бірнеше локацияны қамту міндеттемесі бар.
– 5G-дің қазіргі нұсқасы бүкіл елді мекенді толықтай қамтуға мүмкіндік бермейді. Сондықтан бүгінде операторлармен локация бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Министрліктің 5G желісін енгізу бойынша нақты ұстанымы бар. Бұл жұмысты ведомство телекоммуникация операторларымен бірге атқарады. Меніңше, алдағы екі жылдың ішінде тұрғындар ел аумағында 5G желісінің қолжетімділігін сезе бастайды, – деді Асхат Оразбек.
Айтпақшы, «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының еншілес компаниялары 2027 жылға дейін ел бойынша 7 мыңнан аса базалық станса салуға тиіс. Биыл Астана, Алматы және Шымкент қалаларында осындай 486 станса пайдалануға беріледі.
Finprom.kz-тің мәліметінше, 2022 жылдың соңына қарай әлемде 1,2 млрд 5G абоненті тіркелген. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 530 млн-ға көп. Сонда жылдық өсім 85,9 пайызды құрап отыр. Қазіргі уақытта 5G абоненттері барлық ғаламдық ұялы байланыс жазылымдарының 10,7 пайызын құрайды. 2023 жылдың соңына қарай көрсеткіш 16 пайызға немесе 1,8 млрд жазылушыға дейін өседі деген болжам бар. Сонымен қатар 2022-2026 жылдар аралығында 5G желісін ұстайтын смартфондардың үлесі 75,4 пайызға жетуі мүмкін.
5G – алдыңғы буын желілеріне қарағанда жылдамырақ жүктеп алу және жүктеп салу, тұрақты қосылу мүмкіндігін әрі жоғары сыйымдылықты қамтамасыз ететін сымсыз ұялы байланыс технологиясының бесінші буыны. Қазіргі танымал 4G желілеріне қарағанда әлдеқайда жылдам әрі сенімді. 5G қолданбалар, әлеуметтік желілер және ақпарат үшін интернет қолданысына төңкеріс жасай алады деген болжам бар.
2023 жылдың наурыз айына дейін әлемнің 155 еліндегі 523 оператор сынақ жасау, қанатқақты жоба, лицензияны сатып алу, жоспарланған және нақты орналастыру арқылы 5G желілеріне инвестиция салған. Оның ішінде 97 елдегі 249 оператор 5G желілерін коммерцияландырып жатыр. 115 оператор автономды 5G желілеріне (бағалау, тестілеу, сынақтан өткізу, жоспарлау, енгізу) инвестиция құюшы ретінде анықталды.
2021 жылы ұялы байланыс операторлары 5G жиілігі аукциондарында 130 млрд доллардан аса ақша төлеген. Осы жылдың соңына қарай тағы 28 ел 5G спектрін таратуды жоспарлап отыр. Қазақстанда 5G желісін коммерциялық пайдалануға енгізу бойынша нақты қадамдар жасалғанын жоғарыда айттық.
«Kcell мобильді операторы қолда бар жиілік диапазонымен-ақ алғаш болып Алматы мен Шымкентте 5G базалық стансасын іске қосқанын білеміз. Бір аптада аталған екі қалада бесінші буын желісінің 12 базалық стансасы іске қосылды. Оператордың Алматыдағы абоненттері 5G артықшылықтарын Жібек жолы даңғылындағы «Пассаж» сауда орталығы жанында және Панфилов көшесіндегі «ЦентрКредит Банкі» бөлімшесі жанында байқап көре алады. Шымкентте бір аптада 10 5G стансасы іске қосылды. Сонымен қатар Қазақстанда аукцион өткізгенге дейін бір жылдан бері Түркістанда тұтас қаланы қамтитын Kcell салған ірі 5G желісі істеп тұрды. Сондықтан аталған оператордың бұл салада біліктілігі мен тәжірибесі жеткілікті. Сондай-ақ Kcell смартфоны мен 5G қосылған SIM картасы бар абоненттер желіге қосылып, оны тегін пайдалануға болатынын, трафик ақысы алынбайтынын хабарлағаны есімізде. Биыл компания Алматы, Астана және Шымкент қалаларында 400-ге жуық 5G базалық стансасын салуды жоспарлап отыр. Ал 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75 пайызы, облыс орталықтарының 60 пайызы соңғы буын желісімен қамтылады», деп хабарлады Finprom.kz.
5G қазіргі әлемде революциялық технология болып саналады. Халықаралық зерттеулер бесінші буын желілерінің барлық саладағы жағдайды жақсы жаққа қарай өзгертетінін растап отыр. Мәселен, осының нәтижесінде «ақылды қалалар», «ақылды үйлер» пайда болып, өнеркәсіпті автоматтандыру жаңа дейгейге көтеріледі.