Көктем кеп, көк майсасын төсеген бе,
Гүлдер өлең оқып тұр көшелерде!
Жиырма төрт жыл жүрегім жайқалғалы,
Қанша көктем қалды екен пешенемде!
– деп мұнан екі жыл бұрын Астананың гүлге оранған көшесінде жүріп, осылай күбірлеп едім. Жыл сайын жасанған сұлудай қарына білезік, саусағына жүзік салып, әшекейлі сәукелесімен бой көтеріп биіктей түскен әсем Астана кімді болсын бауырына басып алатыны анық. Кімді болсын сүйсіндіретіні хақ...
Бүгінде бейбіт күннің бесігінде тербеліп өркендеп келе жатқан Астана сіз бен біз көрген жұлдызды жылдарды артқа тастады. Астанамен құрдас сәби ержетіп, осы қаламен бірге есейіп келеді. Біз жүрген жолдар тарихқа айналса, Есілдің толқынында тағдырлар қаланып жатыр!
Алғашқыда «Астананың суығынан» сескенетін біздің ел, ағылып келіп, Арқаның желі мен лебін де жылытып жіберді. Күн сайын сөмкесін арқалап, аядай жерді жастанып, еңбек етіп жүрген біздің жастар осы қаланың ертеңіне елеңдейді. «Өз қолымызбен тұрғызып едік» деген мақтаныш сезімін сіңіріп, ұрпағының санасында сақталғысы келеді. Қазаққа қалатын Астананың қабырғасы түзу, еңсесі биік, көркем қала болуын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі назарға алды. Миллиондаған қара көздердің үмітін жағып, жүректердің келешекке деген сенімін оятты. Астана аспан алақанындағы қазақ жұртының түпкі тарихына бойлады. Расында, бұл арғы ата-балаларымыздан, Көк түріктен жалғасқан тәуелсіздік тұғырындай ұлы идея болатын. Доспамбеттің «Сарыарқаның бойында соғысып өлген өкінбес» дегені, Ақтамберді толғауларындағы елдік идеялар, Махамбеттің «Еділдің бойы ен тоғай, ел қондырсам деп едім» деп жырға қосуы Нұрсұлтан Әбішұлының жадында жаңғырып, ақыры ақиқат шындыққа айналды.
Жұдырықтай жұмылып, бірліктің бағасын білетін қазақ халқының ұлттық қауіпсіздігі Елбасы үшін бірінші кезекте тұрды. Өтпелі кезеңдегі өте қиын асулардан өткен соң елімізде тұрақтылық, ұлтаралық келісім мен мәдени-рухани даму дәуірі басталып кетті. Бұл – біздің үкілеген үмітіміздің мақсатқа айналғаны, жақсы жетістіктермен бірге айтыла беретін шындығымыз.
Бүгінде біздің көз алдымызда өсіп келе жатқан Астана Қазақстанның брендіне айналды. Өрелі идеясымен әлемнің назарын аударған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өмірлік биік мұраттар жолында бүкіл күш-жігерін жұмсап келеді. Мемлекеттік ірі жобалар бұған дәлел. Алысқа бармай-ақ, «Мәдени мұра» бағдарламасын алайықшы. Дүние жүзінде теңдесі жоқ 100 том фольклор тек біздің қазақта бар!
Жаһандану үрдісі жаңа ғасырдың басты белгісі болғандықтан, мемлекеттерді ықпалдасып өмір кешуге бағыттайды. Соны айқын түсінген Н.Ә.Назарбаев Шығыс пен Батыс, Еуропа мен Азия орталығында, Еуразия кіндігінде орналасқан Қазақ елін тек алға, биіктерге бастаудың үйренерлік үздік үлгісін жасап берді. Бүгінде Қазақстанның алдында ең озық дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсаты тұр.
Миллиондаған жүректерді бір арнада тоғыстырған біздің ел қашанда даладай кеңдігімен, баладай пейілімен өзгені өзектен тепкен жоқ. Керегесі кең, бір шаңырақтың астында шалқып өмір сүріп жатқан ұрпақтың жанарында әлі де жазылмаған жырлардың жалыны сезілетіндей болады маған... Алтын әріптермен тарихы жазыла бастаған Астананың ғасырлар бойы жалғасатын, Мәңгілік елге бастайтын шуақты таңдары күтіп тұр деп сенемін...
Бұл мекенде орындалатын армандар ғана өмір сүретін шығар... Гүл қауызына үміттер түнеп, ешкімнің сағын сындырмау үшін бүршік ататын шығар... Кешегі күдігіміз сейіліп, атқан таңның нұрын тәубемен сіңіретініміз сондықтан болар. Тәуелсіздігіміздің бойтұмарындай аяулы Астана әсемдігі күн сәулесімен сұлулана түсетін шаһар боларына мен де сенемін.
Әрбір аулада айдары желбіреген қаракөз перзенттеріміз өз елінің келешегі үшін күлімдеп, ертеңі үшін еңбек ететін алып жүректі азаматтар болса екен...
Динара МӘЛІКОВА.