Іс-шараға арнайы келген ақынның ұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Советұлы әкесі туралы жылы естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ ол оқушылар арасында ұйымдастырылған «Әлімқұлов оқулары» байқауының жеңімпаздарын марапаттап, әкесінің өлеңдерін жатқа оқыған жасөспірімдерге ризашылығын жеткізді.
«Ұмытып кетпе мені» тақырыбында өткен іс-шара барысында белгілі ақынның бауырлары Абзабек, Исламбек Әлімқұловтар қаламгердің кісілік бейнесі, шығармашылығы туралы пікірлерін ортаға салса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, театр актері Асқарбек Сейілхан әкесінің өлеңдерін насихаттауда аянбай еңбек етіп жүрген Бақытжан Советұлына, аудандық кітапхана ұжымына алғысын білдірді.
«Жұрт балалар ақыны ретінде таныған Совет Әлімқұловтың лирикалық өлеңдері де жетіп-артылады. Оның «Қол айна», «Сыбызғы», «Өрімтал» секілді өзге де жинақтары оқырман қауымды баурап алатыны рас. Балалар әлемінің бағбанына айналған ақынның шығармалары жас ұрпақпен бірге ұзақ жасайтынына күмәніміз жоқ», деді Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры, ақын Хамит Есаман әдеби кеште сөйлеген сөзінде.
Аудан әкімінің орынбасары Әлібек Терлікбаевтың айтуынша, Тұрар Рысқұлов ауданынан шыққан қаламгерлердің шығармаларын насихаттауға арналған іс-шаралар легі мұнымен тоқтап қалмақ емес. Әдемі әндермен әдіптелген кеш ақын сөзіне жазылған «Ұмытып кетпе мені» әнімен түйінделді.
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы,
Құлан ауылы