Балаларды 1-сыныпқа тіркеу 1 сәуірден 1 тамызға дейін жалғасады. Өтінімді egov.kz порталы арқылы онлайн беруге болады. Ата-аналардың өтініші бойынша құжаттарды дәстүрлі қағаз түрінде де өткізуге болады.
Сәуір айының алғашқы аптасында Жетісу облысы бойынша 1-сыныпқа қабылдау туралы 352 өтініш келіп түскен. Оның 278-і облыс орталығы Талдықорған қаласының тұрғындарынан келген. Облыстық білім басқармасы орта білім беруді дамыту, қорғаншылық және қамқоршылық, тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Роза Тұрғанбаеваның айтуынша, биыл оқушы саны былтырғыдан көп болмақ.
– Жетісу облысы бойынша құжаттарды қабылдау e-zhetysu.kz электронды қызмет көрсету порталы арқылы жүзеге асырылады. Ата-аналарға құжаттарды электронды қызмет көрсету порталы арқылы өткізу үшін облыстың барлық білім беру мекемесінде интернет желісіне қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету орны ұйымдастырылған. Бұл жерде электронды цифрлық қолтаңба алуға, құжаттарды порталға енгізуге білім беру мекемелері тарапынан практикалық көмек көрсетіледі, – дейді Р.Тұрғанбаева.
Бөлім басшысының айтуынша, бос орын болған жағдайда баланың ата-анасы немесе өзге де заңды өкілдері оқыту үшін кез келген білім беру ұйымдарын таңдауға құқығы бар. Қалалық жерлерде мектепке ең алдымен тұрғылықты мекен-жайы бойынша қабылданады. Егер бос орын болған жағдайда ата-ана білім беру мекемесін таңдай алады.
Бала жалпы білім беретін мектептерде қабылдау үшін емтихан немесе тестілеу өткізілмейді, ал гимназия мен лицейлерге қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. «Жалпы білім беретін мектепке қабылдау үшін 4 құжат жинау қажет. Бұлар – өтініш, туу туралы куәліктің көшірмесі, баланың денсаулығы туралы құжаттар және 3х4 өлшемді екі фотосурет», деп нақтылады Р.Тұрғанбаева.
Айта кетейік, Жетісу облысы бойынша 339 жалпы білім беретін мектепте 2022-2023 оқу жылында 128 758 оқушы білім алып жатыр. Оның ішінде, өткен оқу жылында 1-сыныпқа 13 758 бала қабылданған. Жаңа 2023-2024 оқу жылында 1-сыныпқа 14 мыңға жуық баланы қабылдау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар биыл бейімделген мектептердің орнына 420 орынды үш мектептің және «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 1 800 орынды екі мектептің құрылысы басталады. Атап айтсақ, аталған нысандар Алакөл ауданына қарасты Достық ауылында және Жаркент қаласында салынады.
Жетісу облысы