Білім • 11 Сәуір, 2023

Наурыз айындағы ҰБТ қорытындысы

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) сынағын 111 мыңға жуық оқушы тапсырды. Оның ішінде түлектердің 75 пайызы қазақ тілінде, 25 пайы­зы орыс тілінде, 141 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

Наурыз айындағы ҰБТ қорытындысы

ҰБТ басталғалы шекті балды 78 пайыз­ға жуық немесе 86 мың талапкер жинап, 22 пайызы шекті балл жинай алмаған. Наурыздағы сынақтың орташа балы 70-ті құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 1 балға жоғары. Ең жоғары балл – 136.

– Наурыз ҰБТ-сы 10-31 наурыз аралы­ғында өтті. Жалпы, наурыздағы ұлттық бірыңғай тестілеуге 111 мың­ға жуық адам қатысты, өткен жыл­мен салыстыр­ғанда 8 мыңға артық. Әдеттегідей, тестілеу­шілердің ең көп таңдаған комбинациялары – «Мате­матика-Физика» (19 пайыз) және «Биология-Химия» (19 пайыз). IT бағыт­­т­арға түсуге қажетті жаңа «Ма­те­ма­тика-Информатика» комбинациясын ҰБТ-ға қатысушылардың 11 пайы­зы тапсырған. Тестілеу штатты режім­де өтті, – деді Ұлттық тестілеу орта­лығының директоры Руслан Емелбаев.

Айта кету керек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін тестілеуге қосымша 40 минут бөлін­ді, қажет болған жағдайда оларға көмекші беріледі. Сонымен қатар олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалған. Қабылданған іс-шаралар нәтижесінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар 237 бала ҰБТ тапсырды.

85 талапкер смартфон, шпаргалка­ және басқа да тыйым салынған зат­тарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкін­дігінен айырыл­ды.­ Тестілеу кезінде ереже­лерді бұз­ға­ны үшін аудиториядан 109 оқушы шыға­рылып, олардың нәтижелері жойыл­ды.

ҰБТ-ға дайындықты жақсарту мақса­тын­да Ұлттық тестілеу орталығы оқу жылының басын­д­а тестілеу пә­ні­нің спецификацияларын, тест жос­­па­рын, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндерінен 100 дата, «Информатикадан» терминдер тізімін, «Қа­­зақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» пән­де­рі­нен шығармалар тізімін өз сайтында және әлеуметтік желілерінде жариялаған болатын.

Сондай-ақ 2022-2023 оқу жылы­ның басынан бастап Ұлттық тесті­леу орталығы ірі білім беру орталық­тарымен бірге бас емтиханға дайындалу үшін онлайн-сабақтар өткізеді. Ал prob-ent.testcenter.kz сайтында талапкерлер тегін байқау сынағынан өте алады.