Демек, ұлттық зерттеу университеттеріне қойылатын басты талап – ғылыми зерттеулерді әлемдік деңгейде іске асыру. Ол үшін жаһандық деңгейдегі біліктілігі жоғары кадрларды даярлауды қамтамасыз ету қажет. Бұл екі бағыт бір-бірімен байланысты. Қазіргі таңда зерттеу университетіне ғылымды және ғылым мен инновациялық қызметтің жаңа бағыттарын дамыту үшін кадрлар даярлау мәселесі өте маңызды. Ол үшін не істеу керек?
Бірінші. Зерттеу университеті жетекші ғылыми мектептер негізінде университеттегі интеграцияланған оқу-ғылыми және оқу-ғылыми-инновациялық кешендердің жиынтығы болуы тиіс. Бұл ретте оқу-ғылыми кешендер осы негізде іргелі ғылыми зерттеулерді және жоғары білікті кадрларын даярлауды қамтамасыз етеді. Ал оқу-ғылыми-инновациялық кешендерде инновациялық-технологиялық қызметке және жоғары технологиялық әзірлемелерді кадрлық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлінуге тиіс.
Екінші. Ұлттық зерттеу университеттеріне қойылатын басты талап – ғылыми зерттеулерді әлемдік деңгейде жүзеге асыру. Ол үшін зерттеудің басым бағыттарын нақты айқындап, университетте барлық факультетте және ғылыми зерттеу институтында дамитын жобаларға арнайы қаражат бөлінуіне қол жеткізу қажет.
Үшінші. Университетте ғылымды ұзақ мерзімді дамыту үшін ғылыми-технологиялық дамудың басым бағыттары бойынша жобаларды іске асырған жөн. Арнайы бағдарлама қабылдау да артық етпейді.
Төртінші. Қазіргі заманғы инновациялық зерттеулер бірнеше ғылыми пәндердің тоғысқан жерінде көбірек орын алып жатыр. Сондықтан кадрларды дайындауға басқа пәндердің мамандарын да тарту қажет деп есептеймін.
Рахметқажы БЕРСІМБАЙ,
Клеткалы биология және биотехнология ғылыми-зерттеу институтының директоры, академик