Полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жүргізушінің соңғы аялдамадан қарсы бағытқа бұрылып, автобусты қол тежегішіне қалдырып, көліктен шығып кеткенін анықтады. Оқиға болған жерде анықтаушылар мен криминалистер жұмыс істеп жатыр. Қазір бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабымен сотқа дейінгі тергеу басталып, автобустың жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін автотехникалық сараптама тағайындалды. Ал қоғамдық көлік жүргізушісі уақытша тергеу изоляторына қамалды.
Осы оқиғадан кейін ертесіне таңертең шаһардағы «Диспетчерлік қызмет орталығында» жолаушы тасымалдаушы компания басшыларының қатысуымен шұғыл жиын өтті. Өз кезегінде қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұхтар Қоқанбаев қаза болған азаматтардың туыстарына көңіл айтатынын жеткізді. Ол оқиғаның болуына адами фактор әсер еткенін мәлімдеді. Сондықтан жолаушы тасымалдаушы 10 компанияда қауіпсіздік талаптары күшейтілетінін және рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылатынын баяндады. Ал «TBus» тасымалдаушы компаниясының басшысы Әбдібек Үкібаев қойылып отырған талапты толық орындайтынын айтты. Дегенмен бүгінге дейін автобустар техникалық талапқа сай шығарылып жатқанын, жүргізушілер медициналық тексеруден өткізілетінін жеткізді. Осылай деп болған жағдайға байланысты өкінішін білдірді.
Жиында жергілікті полиция департаменті және әкімшілік полиция тарапынан тексеріс жүргізілетіні айтылды. Ендігі жерде 3 ауысыммен жұмыс істейтін 50-60 әкімшілік полиция экипажы автобустардың жол жүру ережесіне ерекше көңіл бөледі.
Жантүршігерлік жағдай әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Осы ретте кейбір оқырмандар бар кінәні кондукторсыз жүйеге артып, олар болғанда мүмкін тежегішті тартып үлгерер ме еді деген үміттерін білдіріп жатты. Бұған қатысты жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы М.Қоқанбаев пікір білдіріп, кондукторсыз жүйені бұл мәселеге мүлдем араластырмауын өтінді. «Керісінше кондукторларды алып тастаған соң автобустардың бір-бірімен жарысы тоқтаған. Соның нәтижесінде көліктердің бұзылу оқиғалары да азайған. Сосын кондукторлар бар кезде жоспар болатын. Оны орындау үшін автобустар жанталасатын. Қазір электронды төлемнің нәтижесінде жоспар жойылып, автобустар тек кестемен жүретін болды. Жүргізушілердің айлық жалақысы да біршама көтерілді», деді басқарма басшысы.
Ал қайғылы оқиғаға себепкер болған адам факторына байланысты сауалға «Shymkent Bus» компаниясының басшысы Азат Қайыпбек былайша жауап берді.
«Өкінішке қарай, соңы 5 адамның өлімімен аяқталған апат болды. Оны туындатқан 21-бағыттағы автобус біздің компанияға қарайды. Біз анықтаған дерекке сай автобус соңғы аялдама келіп тоқтаған. Сол кезде балалы әйел мінбекші болады. Алайда жүргізуші сыртқа шығып келетінін айтып, автобусты қол тежегішінде қалдырып, есігін құлыптап тастап кетеді. Сол кезде арада 30-40 секунд өтпей жатып, көлік төмен қарай қозғала берген. Қайғылы оқиға болған соң алқынып жеткен жүргізуші қол тежегішті тартып қойған. Бірақ оның алдында автобусқа кірген екі азамат оның қол тежегіште тұрмағанын көрген. Бұл жерде біздің болжамымыз бойынша жүргізуші қол тежегішін тартуын тартқан, алайда ол соңына дейін қойылмай қалған. Яғни жүргізуші автобустың тежегіште тұрғанына нақты көз жеткізбеген. Енді бұл іске нақты нүктені тергеу нәтижесі қояды. Автобустың техникалық жағдайы ма, әлде жүргізуші кінәлі ме, сол кезде анықталады. Ал компания өз тарапынан ауруханаға түскендерге және қайтыс болған азаматтардың отбасыларына моральдық-материалдық көмек көрсетуге дайын», деді А.Қайыпбек.
Жалпы, жиынды ұйымдастырушылар бұл басқосу біреуді кінәлау емес, ақылдасу, саладағы проблемаларды атап көрсетіп, олардың шешілу жолдарын талқылау екенін жеткізді. Осы орайда жолаушылар тасымалында қордаланған мәселелер баршылық болып шықты. Мәселен, бүгінгі таңда салада 300-400-дей автобус жүргізушісі жетіспейді. Оның бір себебі, көпшілігі айлық жалақысы жоғары деп Астана, Алматы қалаларына кетіп қалса, екіншіден жүргізушілік куәліктің D санатын алу және онымен жұмысқа кіру қиындап кеткен.
Айта кету керек, қалада жолаушылар тасымалымен 10 компания айналысады. Автобус жүргізушілері 2 күн жұмыс істеп, 2 күн демалады. Яғни жұмыс жүктемесі айына 15 күнді құрайды.
ШЫМКЕНТ