04 Шілде, 2014

Этноауыл грузин үйімен толықты

305 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өңір жұртшылығымен жүздесу өткізген этноауылдағы он екі қанат ақ ордада облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясы өтті. Сессия жұмысын ашқан өңір басшысы Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысы жұмыс сапарында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын оң бағалағанын жеткізді. – Елбасының этноауылдағы киіз үйде кездесу өткізуі бекер емес. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқанымыз – Нұр­сұлтан Назарбаевтың ұлтаралық келі­сімді нығайту саясатының же­місі. Прези­дент кездесуден ке­йін этноауыл­ды аралап көріп, өңір­дегі этномәдени бірлестіктердің жұ­мы­сына ризашылығын білдірді жә­не бұл бағыттағы жұмыстарды жал­ғас­тыруды тапсырды, – деді Б.Сапарбаев. Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында Елбасы жүктеген міндеттер мен тапсырмалар аясында Шығыс өңірінде бірқатар жобалар сәтімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде барлық бастамалардың кіндігіне айналған аймақта алғашқы «Достық үйі» құрылып, тұңғыш рет этноауыл салынғаны белгілі. Сондай-ақ, еліміздің жеті аймағын қамтыған «Достық керуені» Шығыстан бастау алды. «Достық пен бейбітшіліктің жол картасы» акциясы, «G-Global» алаңында алғашқы инновациялық конференция өтті. Өткен жылы Ассамблеяның 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітілді. Алдағы үш жыл ішінде Зайсан, Ұлан, Аягөз, Көкпекті, Үржар, Жарма аудандарында «Достық үйлерін» ашу жоспарланып отыр. Көршілес Ресей, Моңғолия және Қытай елдерінде Нау­рыз мейрамы атап өтіліп, елара­лық мәдени байланыстар өріс алып келеді. Түрлі ұлыстардың тілі мен мәдениеті оқытылатын түлеу мек­те­бі жұмыс істейді. Ассамблея жанын­дағы ғылыми-сараптамалық тобы қызметінің жұмысы бір төбе. Өткен жылдан бері өңірде Ассам­блея­ның ұйымдастыруымен 200 мыңға жуық адамды қамтыған 1216 іс-шара өткізілді. «Туған ел – алтын бесі­гім» акциясына этномәдени бірлес­тіктердің өкілдері белсене қатысуда. Облыстық Қазақстан халқы Ассамб­леясының меңгерушісі Еркін­бек Аязбаевтың айтуынша, «Достық үйлері» мен талдау және болжау институтымен бірге облыстағы ұлтаралық жағдайға тоқсандық мониторинг жүргізіліп тұрады. Аталған зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, өңірде этносаралық ахуал тұрақты, сауалдамаға тартылған халықтың 74 пайызы ұлтаралық келісімді сақтау жөніндегі мемлекеттік саясатты оң бағалайды. – Бүгінде Ассамблеяның барлық мүшелерінің алдына этномәдени бір­лестіктердің жұмыстарын жақ­сартуға, облыстың қалалары мен аудандарымен байланысты дамыту арқылы Ассамблея ықпалын кеңейтуге, азаматтық қоғам мен қазақстандық бірлікті нығайтуға бағытталған міндеттер қойылды, – деді Е.Аязбаев. Биыл Өскемендегі этноауыл грузин үйімен толығып отыр. Аталған үй этномәдени бірлестіктің қаржысына тұрғызылды. Ұлттық санақтың мәліметі бойынша, өңірде грузин ұлтының 248 өкілі тұрады. «Олардың өз бастамасымен этноауылдан осындай үй салуы өзге ұлыстарға да үлгі болуы тиіс», деді Е.Аязбаев. Сессия барысында Глубокое аудандық «Достық үйінің» директоры Мария Пекур, Шемонайха ауданы әкімінің орынбасары Ольга Булавкина, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Орал Шәріпбаев, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дің оқытушысы, облыстағы ғылыми-сараптамалық топ мүшесі Елена Рякова, славян этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Яковлев, этномәдени ұйымдардағы жастардың атынан семейлік Марина Шин және тағы басқа түрлі ұлт өкілдері татулықты ту еткен ауқымды жұмыстардың маңызы жөнінде әңгіме өрбітіп, ұсыныстарын жеткізді. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». ӨСКЕМЕН.