Саясат • 11 Сәуір, 2023

Қазақстанда тағы екі партия тіркеуден өтіп жатыр

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әділет министрлігі Тіркеу қызметі департаментінің директоры Алан Тіленшиев 11 сәуірде ведомствоның қарауына екі партияның құжаттары келіп түскенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда тағы екі партия тіркеуден өтіп жатыр
Алан Тіленшиев Қазақстанда саяси партияларды тіркеу мәселесіне тоқталып өтті. 
«Қазір бізде екі партияның құжаттары қаралып жатыр. Олардың бірі - «Ел тағдыры» республикалық саяси партиясы, екіншісі -  «Қазақстан Халық конгресі» Интернациональды демократиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі. Қазір олар тексеру сатысында тұр», деді ол.

Тіленшиев Әділет министрлігі қазір бұл партиялардың құжаттарын қарап жатқанын, олардың 5 мың мүшесінің тізімі бар-жоғын тексеруде екенін айтты. Осыдан кейін тиісті мемлекеттік органдарға – құқық қорғау және арнаулы органдарға сұрау салынады, өйткені «Саяси партиялар туралы» заңда қызметкерлерге, құқық қорғау, арнаулы органдардың қызметкерлеріне, Конституциялық соттың судьяларына, жоғары аудиторлық палата мүшелеріне партияға мүше болу жағынан шектеулер бар.

«Бізге осы органдардан ақпарат келіп түскеннен кейін, біз жарғылық және құрылтай құжаттарын зерделеп, тіркеу рәсімдерін жүргіземіз. Тіркеуге алудың жалпы мерзімі - бір ай, бірақ ол осы құжаттарды зерделеуге байланысты тоқтатылады. Бізге барлық органнан ақпарат келіп түседі, осыдан кейін біз қысқа уақыт ішінде тиісті бұйрық шығарамыз: егер қандай да бір бұзушылықтар орын алса, онда тіркеуден бас тартамыз, егер бұзушылықтар болмаса, онда біз оларды тіркейміз», деп түсіндірді спикер.

Еске сала кетсек, Қазақстанда 7 саяси партия ресми түрде тіркелген. Олар:

  • Amanat партиясы;
  • «Ақ Жол» Қазақстан демократиялық партиясы;
  • Қазақстан Халық партиясы;
  • «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы;
  • Қазақстандық «Байтақ» Жасылдар партиясы;
  • «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестігі.