Ұлт қайраткерлерінің бұл мақсаты босқа кеткен жоқ. Қазір екі мемлекет арасында байыпты байланыс орнаған. Соның бір көрінісі ретінде Жапонияда тұратын қазақ ғалымы туралы айтсақ дейміз. Оның есімі – Марал Андасова. Арқалық қаласында туған. Ғалымдар отбасында тәрбиеленген. Туған шаһарындағы математика бағытындағы мектеп-гимназияны бітірген. Әкесі Мырзағали Андасов – техника ғылымдарының кандидаты. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтында қызмет істеген. Өкінішке қарай, дүниеден ерте озды. Анасы Бақыткүл Қасқатаева – педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры. Кейіпкеріміздің саналы азамат болып қалыптасуына анасының сіңірген еңбегі өте зор.
Қазір Марал Мырзағалиқызы Күншығыс еліндегі Васеда университетінде дәріс оқиды. Бұл – Жапониядағы өте беделді жоғары оқу орындарының бірі. Оны тәмамдаған түлектер де олқы емес. Мысалы, соның бірі – Жапонияның қазіргі премьер-министрі Кишида Фумио. Сондай-ақ атақты жазушы Харуки Мураками да осында білім алған.
Жас ғалым Васеда университетінде оқытушылық қызметімен қоса ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысады. Ол Коджикиді (ежелгі тарихи оқиғалар туралы аңыздар) зерттейді. Бұл жапон әдебиетінің алғашқы ескерткіші. Коджикиде Жапонияның мифтері мен аңыздары туралы айтылған. Онда жапон аралдарының, құдайлардың пайда болуы мен империялық әулеттің билікке келу тарихы баяндалады.
Ол Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің Шығыс филологиясы және жапон тілі мамандығында оқып жүргенде Марал Күншығыс елінің тілін тез меңгеріп алды.
– Университетте жапон тілінен Музутани есімді білімді, аса талапшыл, принципшіл, әділ оқытушы сабақ берді. Оның ғылыми дәрежесі болмағанмен жапон тілін бес жылда топтағы барлық студентке қажетті деңгейде үйретті. 4-курста Нагоя университетіне бір жылдық тағылымдамадан өту грантын жеңіп алдым. Бұл жапон тілін одан әрі терең меңгеруге мүмкіндік сыйлады. Сол жылдан жапон мәдениетіне қызығушылығым оянып, зерттей бастадым. Одан кейін жоғары оқу орнын бітірген соң магистратура мен докторантураны Жапонияда оқимын деп шештім. Адам алдына мақсат қойса оған жетеді. Бір жыл өтпей Жапон орталығында қызмет істеп жүргенде магистратура мен докторантурада оқуға аталған елдің алты жылдық грантын ұтып алып, мақсатыма қол жеткіздім, – деді ол.
Жас ғалымның ежелгі тарихи аңыздар туралы жазған докторлық диссертациясы Жапонияда кітап болып жарық көрген. Кейін зерттеу еңбегінің ауқымын кеңейтіп, екінші жинағын шығарды. Бұдан бөлек, жапон тілінде әртүрлі тақырыптағы 20-ға жуық зерттеу мақаласы басылған. Одан Күншығыс жұртының негізгі ерекшелігін сұрағанымызда, Жапония технологиясы жоғары дамыған ел бола отырып, өз салт-дәстүрін берік сақтайтынын айтты.
– Қазір Токиода қызмет істеймін. Аспирантурада оқып жүргенде Киотода тұрдым. Бұл Жапонияның ежелгі астанасы. Киото – таңғажайып қала. Дәстүрлі мереке мен рәсімдер кезінде жапон қыздары дәстүрлі кимоно немесе юката киімдерін киеді. Онда көптеген синтоизм және буддистік храм бар. Сол жерден жапон мәдениетімен жақын таныса аласыз. Кейбір храмдар тіпті дзен буддизмі туралы медитация жасайды. Шай рәсімдеріне кез келген адам қатысады. Жапондықтар өздерінің мәдениеті мен дәстүрлеріне ерекше мән береді. Киотода ғасырлар бойы қолөнермен айналысып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған көптеген отбасы тұрады. Мені Жапонияның ұлттық дәстүрін бәз қалпында сақтап, жоғары технологияны үнемі дамытып отыратыны таңғалдырады, – дейді Марал.
Әр халықтың тумысынан сақталған өмір сүру салты бар. Соның ішінде жапон жұртының дүниетанымы мен мәдениетінің орны бөлек. Бір қарағанда, жұмбаққа толы көрінеді. Кейіпкеріміз оның сыры жапонның барлық жақсы дүниені өздеріне жылдам сіңіріп алатынында екенін жеткізді.
– Мысалы, ежелгі заманда жапондықтар Қытайдан жазу, мәдениет, философия және мемлекеттік құрылымды қабылдап алды. Бірақ соған қарамастан олар өздерінің ерекшелігін сақтап қалды. Жапонияның ежелгі астанасы Нара – Жібек жолының соңғы нүктесі болды. Жапонияға тек жазу ғана емес, сонымен бірге әртүрлі философиялық идеялар мен діндер Жібек жолы арқылы келді. Мысалы, Үндістанда пайда болған буддизм Қытай мен Корей түбегі арқылы Жапонияға енді. Оған дейін жапондықтардың өз сенімдері мен Құдайлары болды. Олар күн, жел, ай, теңіз, су құдайлары секілді. Бірақ буддизм келгеннен кейін соның ілімін қабылдап, жапон құдайлары буддистердің құдайларымен араласып кетті. Нәтижесінде, Жапонияға тән «симбиоз» пайда болды, – дейді Марал Мырзағалиқызы.
Шын мәнінде, буддизмнің Жапония мәдениетіне айрықша әсер еткені белгілі. Оның айтуынша, жапондықтар сакураны көруге жылына бір рет қана барады екен. Себебі сакураны тамашалау дәстүрінде буддистік философия жатыр.
– Буддизмде жер бетіндегі барлық нәрсе мәңгілік емес, өтпелі екені баяндалады. Сакура – «мәңгіліктің» символы емес. Ол бір-екі апта ғана гүлдеп, тез солады. Жапондықтар сакураның сұлулығы оның өтпелі дәуренінде дейді. Сондықтан олар сакура гүлдегенде жұмыстарын тастап, сұлулықтан ләззат алуға барады. Өйткені сакураның ғұмыры келте, мәңгілік емес. Жапон халқы буддизмді қабылдаса да, бүгінге дейін өз дәстүрін берік ұстанады. Олар Мэйдзи дәуірінен келе жатқан салт-дәстүрін сақтай отырып, еуропалық мәдениеттің озық үлгісімен көп нәрсені жаңарта білді, – дейді ғалым.
Әлемде Жапония ғылымымен, технологиясымен санаулы елдер ғана бәсекелесе алады. Ғалымның пікірінше, оның себебі Күншығыс елінде ғылымға айрықша назар аударылған. Әсіресе ғалымдарға грант көп қарастырылады. Сондай-ақ мемлекет онкологиялық аурулар мен жаратылыстану ғылымдарына және озық технологияларды зерттеуге мол қаржы бөледі.
– Жапон нарығында бәсекелестік күшті дамыған. Біз «Sony», «Panasonic», «Fujitsu», «Toshiba» сияқты компанияларын білеміз. Жыл сайын әр компания өз өнімдерін жетілдіріп, жаңа модельдер ұсынады. Олар бір-бірімен бәсекелесе отырып, басқаларға қарағанда жүйелі жұмыс істейді. Жапондықтар өз қызметкерлерін маман ретінде өте жоғары бағалайды. Өйткені кәсіби мамандардың арқасында компаниялар бәсекелестікте оң нәтиже береді. Бәсекелестік пен тәртіп Жапонияда технологияның дамуына үлкен әсер етеді. Сонымен қатар жапондықтар әрбір іске мұқият қарайды, табандылық танытады. Ұжыммен үйлесімді жұмыс істейді. Ғылым мен технологиядағы кез келген проблеманы шешуге ғылым саласындағы майталман мамандар жиналады. Идеяларын жан-жақты ортаға салып, талқылап, мәселені бірлесіп шешеді, – дейді ол.
Жалпы, жапондықтар мен қазақтардың болмысында, салт-дәстүрінде ұқсастық бар дегенді естиміз. Осы туралы Күншығыс елінде жүрген жерлесіміз де екі халықтың ұқсастықтары бар екенін сөз етті.
– Жапондықтар ата-ананы сыйлап, қарияларға құрметпен қарайды. Бірақ оларда да қарттар үйі кездеседі. Сонымен қатар жапон тілінде жасы үлкен немесе ұжымдық иерархиясы бар адамдарға қатысты қолданылатын арнайы «сөздер» бар. Ұлттық дәстүрінде бізбен ұқсастығы көп. Жерге төсек салып ұйықтайды. Біз секілді қонағын құдасындай күтеді. Асты жер үстелде отырып ішеді. Қонақүйде келген қонақтардан «ұлттық номер ме, әлде еуропалық стильдегі номер керек пе?» деп сұрайды. Ұлттық номер керек болса, жерге төсек салып қояды, – дейді зерттеуші.