Қоғам • 12 Сәуір, 2023

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау тұрғындарына үндеу жасады

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау тұрғындарына үндеу жасады

Өңір басшысы облыс тұрғындарын тыныштық сақтауға шақырды.

«Құрметті маңғыстаулықтар! Қадірлі жерлестер! Бұл жағдай баршамыздың көңілімізге қаяу түсіріп отырғаны жасырын емес. Осы сәтте біз ашу үстінде асығыс шешім қабылдамай, сабыр сақтағанымыз жөн. Біз кез келген түйткілді мәселе мен қиындықтарды ақылмен шешіп, абыроймен алып келеміз. Қоғамдағы шиеленісті одан әрі ушықтыру, заң мен құқықтық нормаларды бұзу - бұл жағдайдың тұрақсыздануына әкеледі, мәселені шешпейді. Ардақты ағайын! Баршаңызды сабыр сақтап, ел тыныштығын бұзбауға шақырамын! Біз бұл жағдайдың тек заң шеңберінде әділ шешілгенін қалаймыз. Баршамыздың мақсатымыз бір - ертеңгі күнге деген сенімділік пен елдің амандығы, жұрттың тыныштығы. Қазір әсіресе арандатушыларға еріп кетпей, олардың ел ішіне іріткі салып, тыныштықты бұзуына жол бермеуіміз қажет. Бәріміздің мақсатымыз бір. Халқымыз адал еңбек етіп, атқарған жұмысына сай еңбекақысын алып, ертеңіне сеніммен қарап, сыйластықта өмір сүруді қалаймыз және оны жүзеге асыру үшін жұмыс істеп жатырмыз», деді Н.Ноғаев.

Бұдан соң ол осыған дейін халықтың талай сын-сағаттардан өткенін еске салды.

«Бұл түйткілді де ауызбіршілікпен, ынтымақпен еңсереміз деп сенемін. Халқымыз тыныш, ел іргесі бүтін болсын!», деді Нұрлан Ноғаев.

Еске салайық, 10 сәуірде Жаңаөзеннен Астанаға «ҚазМұнайгаз» бен «Өзенмұнайгазға» қызмет көрсететін «БерӘлі Маңғыстау Company» кәсіпорнында жұмыс істеген 60-70-ке жуық қызметкер барып, Энергетика министрлігі ғимаратының маңында талаптарын айтты. Олар жұмыстан қысқарып қалған. Өйткені «ҚазМұнайГаз» ұйымдастырған тендерде «БерӘлі Маңғыстау Company» жеңіліп, «Кезби» және Ai-Bis компаниялары жеңген. «ҚазМұнайГаз» компаниясы жұмысшыларға тендерді жеңген екі компаниядан жұмыс ұсынған. Алайда наразылар бұл ұсынысқа келіспей, «тоғыз айдан соң тағы тендер өтіп, тағы да жұмыссыз қаламыз, бізге тұрақты жұмыс керек» деген еді.

11 сәуірде Астана полициясы ереуілге қатысушыларды ұстап, полиция бөлімшесіне жеткізген.

Әлеуметтік желіде Энергетика министрлігі ғимаратының маңында бір тәулік бойы наразылық білдіріп, түнеп шыққан жұмысшыларды арнайы жасақ әуелі кеттлинг әдісімен қоршап, кейін ұстап жатқан сәті түсірілген видео тарады.