«Адамның кейбір кездері...» деген екен Абай.
Сәуеге жетер саналы сөз ғана сапқа тұрып, санатқа кіреді ғой.
Осы сөз кей-кейде ойға салмақ салады. Әртүрлі жағдай жадыңды түртіп, жүгіріп кеткен жылдар алыстан бұлаңытады. «Айтқыштар» мен «жазғыштардың» жазғандарын парақтап, «білгіштердің» айтқандарын адақтап қарасақ, белгілі тұлғаның өмірі қашанда жұртқа аян сияқты. Шындығында, солай ма? «Біткен іске сыншы көп, бітірген ердің кемі жоқ» деген ғой халқымыз. Тұлғалардың тылсым ғұмырын тілмен таңбаласақ, бұл да бір өмір өнегесі болар, тәуелсіздік ордасының керегесі болар.
Күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Мемлекетіміз жиырма жылдық кезеңнен енді асып барады. Өткен тарихымызды қайта-қайта қазбалап, қазған сайын там-тұмдап тереңдетіп, «біз де осал халық емеспіз» дегенді әлемнің құлағына құямыз деп, күндіз-түні ат үстінен түспей, еңкеу-еңкеу жер шалып, елеулі ойды қолға алып, күндіз-түні толғанып, соның нәтижесінде үлкенмен астас, кішімен бастас, қатармен жастас болып келе жатқан егемен еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ерен еңбегін деректі сөзбен әдіптесек, оның айыбы болмас, оқырман.
Елбасымыз атқарған ерен еңбектер жөнінде жан-жақты жазылып жатыр. Жазылады. Жазыла да береді. Тәуелсіздік үшін тізесі бүгілгенше қызмет етіп, халқының қадір-қасиетін көтеріп, өзгермелі әлемнің өзгергіш қас-қабағын дер кезінде аңдап, алыстан барлап, халқының есіктегі басын төрге шығарған, етектегі есімін өрге шығарған, керуенді көшін келелі белге шығарған Елбасымыздың тарихи тұлғасын таныту тұрғысында ой кешіп, қалам тербеген сәттер аз емес.
Әрине, осы орайда Елбасымыздың ерен еңбегін жылдар бойы жылнамаға түсіріп, жұртына жеткізуде елеулі істер атқарып келе жатқан көрнекті қайраткер Махмұт Қасымбековтің жазғандары өз алдына бір төбе. Бізден гөрі кемел тұлғаға етене жақын қаламгердің шығармашылық шұғыласынан бастау алғандай болған бұл жазбалар осы қазынаға қосылар бір үлес болса деймін.
Осы ретпен абыз Абайдың «Адамның кейбір кездері...» деген тәмсіл-тағылымына иек артып, әңгіме тақырыбын осылай әдіптеп, Елбасымыздың жалпы қауымға жұмбақтау кейбір сәттерін тілге тиек етуге тәуекел еттім.
«Біз әлі жетілеміз...»
1993 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Павлодар облысының Екібастұз қаласындағы алып ГРЭС-тің бірінші кезегін іске қосу шарасына қатысты. Содан бір аптадай бұрын Тәуелсіздіктің екінші жылын салтанатпен қарсы алған Елбасының көңіл-күйі көтеріңкі, жүзі жарқын.
Бұл салтанатты іс-шараға Қазақстанның барлық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шақырылған болатын. Сарыарқаның сары аязы мен атан жығар адуын желі аруағын шақырып, ашуына мініп-ақ тұр екен. Арқа даласының аспанмен астасқан көмір кеніштерінің ойы мен қырын аралап, ауа райының осындай қиын күндерінде де аяз бен жел сорған беттерін көмір шаңы «опалаған» кеншілердің қиындыққа қыңбай, ел игілігі үшін ерен еңбек етіп жатқанын көрдік. Қайда қарасаң да қайнаған қызу еңбек.
Ауа райының осындай қытымырлығына қарамастан ел игілігі үшін аянбай тер төгіп жатқан көміршілерді көрген Елбасы ерекше нұрланып, риза болмысы жүзіне теуіп, емен-жарқын көңілді жүрді. Басқару пультіне келіп, алып ГРЭС-ті іске қосқанда, оның қуатынан от алып, жанары жарқ ете түскен қазақ даласының қуанған сәтін жан-жүрегімен түйсінген Президенттің де жанарында оттай жанған салтанат бар еді. Кең даламыздың өн бойын қуалай жүгірген электр бағандары бір-бірін басып озып, туған даладан сүйінші сұрап, жарысып бара жатты.
Елбасы содан кейін алып өндіріс орнының басқару пультінің ауқымды алаңын аралап, қаз-қатар тізіліп отырған мамандармен аз-кем сұхбаттасып, бірақ, әлдебір танысын іздегендей жан-жағына қарағыштай берді. Бір кезде қатар-қатар отырған мамандардың арасынан көптен іздеген жоғын, аңсаған бауырын көргендей болып, жанары жарқ ете қалды. Басқару үстелінің ең шеткі жақ бетінде, елеусіздеу ғана мүйісте бір қазақ баласының жүзі көрінді. Елбасының көңіліндегі ойды айтқызбай оқыған әлгі бауырымыз орнынан шапшаң көтеріліп: «Аға, біз әлі-ақ жетілеміз», деп саңқ ете түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы риза кейіппен басын изеп: «Дұрыс айтасың, біз әлі-ақ жетілеміз» деді. (Осы жылы атақты «Болашақ» бағдарламасы дүниеге келді. Тарихи сәттен тарихи жалғастық туды). Тілшілер қойын кітапшаларына үңілді, фотоаппараттар сыртылдап жатты. Лап етіп ойыма келген осы бір сәтті мен кейін өлең жолдарына түсірдім.
Бірінші жыр
Екібастұз,
Ертегім сен екенсің,
Екібастұз,
Ертеңім сен екенсің.
Көкірегі көл-көсір кен екенсің,
Кеудесінде оты бар жер екенсің.
Сарыарқаға тұғырлы мөр екенсің,
Сағынғанға ғұмырлы төр екенсің.
Бабалардан айналдым сені баққан,
Бақытым да, байлығым сен екенсің.
Таңдай қақтым сенімен тілдестім де,
Самғай бақтым салтанат күн кештім де.
Көзін көрдім сұқтанған күндестің де,
Сөзін естіп, сауатсыз білместің де.
Екібастұз,
Алып жер кенге толы,
Азат болмай амалсыз мұң кештің бе?
Соны ойлап ем,
Жанымды желбіреттің,
Сағыныштың сағымын селдіреттің.
Келімсектің күлкісін көлгір еттің,
Қара көмір ішінен сәуле көріп,
Қара көзім, мен сені мөлдіреттім.
Мөлдіреттім жанымды,
Жасыра алман,
Жасыра алман, емес ол жасығаннан.
Өз аузыма жетті-ау деп өзім қолым,
Қуанғаннан жыладым, тасығаннан.
Қара дала,
Қара кен,
Қара бала,
Қара орманын қадірлер басы бар жан.
Қазық жұртым –
Қара орман қазынамыз,
Тарихқа өшпестей жазыламыз.
Тарихқа көп біздің базынамыз.
Атажұртты алудың араны еткен,
Алпауытқа қашанғы жалынамыз?
...Басқаратын бас алаң.
Кімді іздедің?
Кейде күңгірт тартқандай
күндіздерің.
Кісідегі кілтті іздеп, көп сабылған,
Осы шығар ойыңды білгізгенің.
Айналаға Елбасы көп қарады,
Талай жан тұр.
Елжіреп, тоқтамады.
Бас директор бәйпеңдеп, бәйек болып,
Бір нәрсені айтуға оқталады.
Талай ойды таба алмай кетем іздеп,
Ел емеспіз, әрине, жеке жүзбек.
Бір жас қазақ Елбасы ойын оқып:
– Қамықпа, аға, біз әлі жетеміз, – деп,
Саңқ еткенде,
Санаға өмір берді,
Балқытқандай балқымас темірлерді.
Жалт қарады Елбасы,
– Бәрекелді!
Деп жарқылдап сонан соң көңілденді.
Ұғатындар ұлағат ұғып тұрды,
Ұға алмастар ішінен тынып тұрды.
Ұлттың ойын Елбасы шынықтырды,
Елге сәлем жолдаған көмірімен,
Екібастұз елжіреп, күліп тұрды.
Ғарасатты жат жан көрсем ісінемін,
Парасатты жан көрсем кішіремін.
Тәуелсіздік,
Сен сұңқар құсым едің,
Ардағым да, асылым, күшім едің.
Екібастұз аспанын шарлап кеткен,
Елбасының жүрегін түсінемін.
«Апа, аман жүріңіз...»
Алып ГРЭС-тің бойына алау жүгірткен Нұрсұлтан Әбішұлы қалыптаса бастаған әдет бойынша қалың елге сәлем беріп, сәлем алып, көпшілікті қақ жарып келе жатты. Көңілді. Бір кезде тәртіп сақтап тұрған әскери қызметшілерге әлденені қызу түсіндіріп, Елбасы жаққа ұмтылып тұрған бір қарт ана көзге түсті. Елбасы «жіберіңдер» дегендей белгі берді.
Кейуана: «Нұрсұлтан балам, осы күнді қанша ғұмыр күттік. Елің қуанып жатыр. Жұртың атынан аналық алғысымды айтамын, ғұмыр жасың ұзақ, өмірің салтанатты болсын. Қарттың батасы қабыл, жастың тілегі қабыл» деген деп, төгілтіп тілек айтып, сөздің дәмін келтірді. «Аман жүр, айналайын, басқа айтар өтінішім жоқ» деп еміреніп келіп, Елбасының маңдайынан сүйді.
Елбасы қарт анаға сондай бір жылы шуақпен қарап: «Апа, біз әлі талай істер атқаратын боламыз, сол күнге аман жетіңіз, аман жүріңіз», деп баласындай пейілмен еркелей құшақтады. Содан кейін топтың арасына жүзі нұрланып, қуана еніп бара жатқан қарт ананың соңынан аз-кем ойлана қарап тұрды. Бәлкім, осындай бір емен-жарқын сәтте есіне анасы түсті ме екен? Әлжан ананың құшағынан қуанып шыққан балаң күндердің бейнесі жанарын жаулады ма екен, жанын баурады ма екен?!
Екінші жыр
Екібастұз.
Елбасы.
Дүйім халық,
Жақсылықтың жолына сыйынды анық.
Терістіктің суығын теліп айдап,
Терісқақпай ой жатыр қиырланып.
Бағаналар басына алау байлап,
Тұрды жұртым дәуірдің күйін бағып.
Отты күйлер жүректе лапылдады,
Күш бұлқынды иық пен тақымдағы.
Осы кезде Елбасы жаққа қарай,
Бір қарт ана ұмтылып, жақындады:
– Ал, қарағым, Нұрсұлтан,
Нұрың жансын,
Халқымыздың бағына бұйырғансың.
Ата-баба жолына сыйынғансың,
Екі жасқа шыққан бұл елдігіміз,
Тарихтың төріне тұғырлансын.
Оны және дәл өзің тұғырлайтын,
Халқымыздың дәстүрін ырымдайтын.
Тұлпарлардың заманы құлындайтын,
Нұрлы Сұлтан сен болшы,
Өз жолынан,
Адаспайтын, аумайтын,
бұрылмайтын.
Асыл ұлым,
Асқарым аласармас,
Қазақ па екен қияға қала салмас?
Пенделер көп өзіңмен таласа алмас,
Жаратқанның бергені сен боларсың,
Жүрегіне жұртының жара салмас.
Талай уақыт тағдырға қол қатқанбыз,
Тілектің де талайын жолдатқанбыз.
Етек-жеңді жия алмай мол
жатқанбыз,
Тізерлеген халқымыз тік тұрсын деп,
Текті ұл бер деп тілеумен
толғатқанбыз.
Тілек қабыл,
Ырзамыз, баталы бол,
Ақ сақалды абыз бол, аталы жол.
Ұлылардың атақты қатары бол,
Арқаңдағы парызың – атажұртың,
Ана сүтін ақтаған жоталы бол!
– Деп төгіліп,
Батасы таңдайынан,
Шаттығы да төгіліп шалғайынан.
Қарқаралы қарт ана еміреніп,
Елбасының сүйді кеп маңдайынан.
Көңілімді бір толқын керіп кетті,
Елбасының жаны да еріп кетті.
Әлжан ана тұрғандай дәл алдында,
Құшағына ананың еніп кетті.
Ел екенбіз бір ауыз, бір ұранды,
Туғыза алар тамаша ұлыларды.
Желтоқсанның жел қанат сол күнінде,
Нұрсұлтанның жарқырап
нұры жанды.
Сағынышым жанымда санат құрды,
Көрдім содан мәңгілік абат-нұрды.
Елбасының көңілін шын түсінген,
Екібастұз қуанып қарап тұрды.
«Туған күнге тарту...»
1994 жылдың жазы болатын. 6 шілде. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың туған күні. Мен онда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 13-ші сайланымының Атырау облысынан сайланған депутаты едім.
Сол 6 шілде күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы Кеңеске келді. Жай келген жоқ, «Айдан елші келеді, алтын тартып келеді, күннен елші келеді, күміс тартып келеді» дегендей, бұл жолғы келістің салмағы мен маңызы Жоғарғы Кеңес күтпеген жайт болды. Сол күні Президент Қазақстанның астанасын Алматыдан Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи ұсынысын жасады. Бәрін байыптап, дәлелдеп, тұжырымдап, тиянақтап, деректеп, саралап, жаңа елорданы Отанымыздың орталығына көшірудің жай-жапсарын жеткізді. Пікірталас бірден қызып жүре берді.
Пікірталас қазаны қайнай-қайнай келе, сөздің буы да селдіреп, көңіл аспаны ашыла бастады. Осы бір сәтті құмбыл аңғарып, байырқалап қалған байыпты жағдайды қалт жібермей, қол мергендей қағып түскен Төраға: «Құрметті әріптестер! Бүгінгі күн жай күн емес. Тарихи күн. Тағдырлы күн, тағылымды күн. Елбасымыз елдің болашағын ойлап айтып отыр бұл ұсынысты. Тәуекел дейік, дерек пен дәйекке назар аударып, Президентімізді қолдайық. Оның үстіне бүгін Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының туған күні, келіңіздер, туған күніне тарту жасайық, осы ұсынысты қолдап, дауыс берейік», деп ұсыныс енгізді.
Дауыс беру басталды. Зал жым-жырт. Тек дауыс беру құралдарының дыбысы ғана естіледі. Енді бір сәтте екі жақтағы электронды таблода «шешім қабылданды» деген жазу жарқ ете қалды. Мәжіліске қатысып отырған депутаттардың 124-і қостап, бірен-сараны қарсы болып, бірнешеуі қалыс қалып, көпшілік дауыспен шешім қабылданды. Ду қол шапалақтау. Депутаттар орындарынан дүр етіп көтеріліп, Президентке құттықтау сәлемін жасады. Ол да орнынан шапшаң көтеріліп, қолын құшырлана соғып, залға қарап мейірлене жымиып, басын иді.
«Иә, бұл күн тарихи күн, біз аса маңызды шешім қабылдадық. Мұның жарқын нәтижесін уақыт, тарих көрсетеді» деп жанары жарқылдап тұрды Елбасының. Бұл күн кейін астананы көшіру туралы тарихи дата болып, мемлекетіміздің мәңгілік жылнамасына енді.
Үшінші жыр
Жаңа дала. Жаңа қала. Жарық нұр,
Жарық нұр боп жарқын арман жанып тұр.
Елорда боп ел еңсесі биіктеп,
Ертеңдегі замандарға барып тұр.
Жаңа астана, жаңа Орда, нұрлы жер,
Байтақ елді баяндаған жырды көр.
Есіліп кеп Есіл ағып барады,
Сәлемдеме айтып жатыр сырлы бел.
Тың атанып, тусыраған даланы,
Таланттар кеп әр кірпішін қалады.
Астанамыз бойын тіктеп барады,
Ғасырлардың есігінен қарады.
Жаңа күнді Елордамен танып көр,
Қайраткерге ере білген халық та ер.
Күндер емес, сағат сайын өсетін,
Астананы Алпамыстай алып дер.
Ертегіні енді кімдер ғайып дер,
Қазақстан – төрін тапқан байыпты ел.
Әлем келіп, Астанада өтеді,
Симпозиумдар, форумдар мен
саммиттер.
Халық ұлы. Ұлы халық баласы,
Орда тікті Отаныма, қарашы.
Елбасының Елордасы – перзенті,
Жанарының ағы менен қарасы.
Орда салған құйын кезген даладан,
Жаңа қала, жаңа дала, жаңа адам.
Астананың сәулетшісі – Елбасы,
Әр кірпішін жүрегімен қалаған.
Жаңа елорданың әрбір кірпіші, әрбір көшесі, әрбір ғимараты, әрбір даңғылы, әрбір үйі Елбасының көңіл сызбасында нұсқаланып, мейірлі мархабатымен жасалған. Бұған енді кімнің таласы бар? Осы орайда мына бір тәмсіл де еске түседі: «Барлығы уақыттан қорқады, ал уақыт Египет пирамидаларынан қорқады». Осы иірімге инверсия жасасақ, уақыт-төрешіңіз Астанаға да алаңдап қарайтын секілді.
* * *
Осындай менің сыбағам,
Сеніммен қолға ту алам.
Сүрінбей сыннан шыға алам,
Халқыммен бірге қайысып,
Халқыммен бірге қуанам,
– деп жан сырын жырмен жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлының туған халқының алдындағы ерен еңбегін бүгін мақтана айтсақ, келер ұрпақ бұл өлең жолдарын үлгі-өнеге етіп ұстанатын болады.
Бұл өлең-мақаланың мақсаты – халқымыздан шыққан қайраткер, тарихи тұлға Нұрсұлтан Назарбаевтың азаматтық, перзенттік, президенттік болмыс-бітімін аша түсу бағытындағы ниетті қадамдардың бірі ғана. Жалғасын жазар жаңа ұрпақ келеді әлі.
Сол күнге қара орман жұртымыз аман, абыройлы жеткей!
Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,
ақын, Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.