Жиын барысында қоғамдағы сын-ескертпелердің негізсіз емес екені айтылып, білім беру, оқыту үдерісінде, грант бөлуде, емтихандарды қайта тапсыру, курстық жұмыстарды қорғау сәттерінде тәртіп бұзушылықтың орын алғандығы ашық ортаға салынды. Жалақының аздығына байланысты іргелі ғылымдармен айналысатын үздік мамандар, білікті профессорлар басқа жоғары оқу орындарына ауысуға мәжбүр болған. Салдарынан университеттің ғылыми кадрлық әлеуеті әлсіреп, білім сапасы төмендеген.
Университеттің материалдық-оқу базасы жеке мақсаттарға пайдаланылып, студенттік жатақханалар мен оқу ғимараттары кәсіпкерлерге жалға берілген. Түрлі ойын-сауық орындары ашылып, оқу нысандары, жатақхана, стадион мен басқа да жер учаскелері жекенің қолына өтіп кеткен. Осының бәрі мыңдаған адамы бар үлкен ұжымның көз алдында болып жатқанына қарамастан, ешқандай әріптестік сын айтылмаған. Кемшіліктерді болдырмау, алдын алу іс-шаралары жасалмаған.
Осының бәрі университетке жаңа басшылықтың келуімен анықталып, әртүрлі деңгейдегі жиындарда таразыға салынып, жиын барысында орын алған кемшіліктерді түзету бағытындағы іс-шаралар ауқымы пысықталды.
– Біздің түпкі мақсатымыз – жемқорлықсыз, әділетті университет құру. Бұл қағидат студенттермен, жас ғалымдармен және Ақылдастар алқасымен болған кездесулерде ашық айтылды. Білім беру ісі, оқу үдерісін жаңаша ұйымдастыру, ғылым саласындағы ынтымақтастықты арттыру бағытындағы мәселелерді бірлесе талқыладық. Ардагер оқытушылар мен жастар тарапынан көптеген нақты ұсыныс айтылды. Соның нәтижесінде сөзден іске көшіп, университетті дамытудың нақты іс-шараларын жүзеге асыруды қолға алудамыз, – деді университет ректоры Ақылбек Күрішбаев.
Осы жылдың ең үлкен жаңалығы – ақпан айында университеттің басқару жүйесін жетілдіру аясында тұңғыш рет ашық конкурс ұйымдастырылыпты. Нәтижесінде, факультет декандары мен кафедра меңгерушілерінің құрамы 70 пайызға жаңарған. Декандардың орта жасы – 49, кафедра меңгерушілерінің орта жасы 46-ны құрайды. Іріктелген үміткерлер өз салалары бойынша біліктілігі мен білімін, ғылым мен білім берудегі жинақтаған тәжірибелерінің мол екендігін айқын көрсете білді.
Университеттің осы жылға арналған даму бағдарламасы мен мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып, барлық тиімсіз шығын, құрамдас ұйымдарды ұстау қаражаты қысқартылған. Бюджеттің негізгі бөлігі университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, студенттік жатақханалар мен оқу ғимараттарын жөндеуден өткізуге және тағы да басқа тиімді іс-шараларға бағытталып отыр. Сондай-ақ әкімшілік-басқарушы, оқыту-көмекші және техникалық қызмет персоналы 50 пайызға дейін қысқарған. Нәтижесінде, профессор-оқытушылар құрамының еңбекақысы 45 пайызға дейін, кафедра меңгерушілері мен факультет декандарының жалақысы 1,5 есе көтерілді. Яғни еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының деңгейіне дейін жеткізілді.
Енді жаңа рейтингтік бағалау жүйесі оқытушылардың еңбекақысын 50 пайызға дейін көтеруге және одан да көп үстеме алуға мүмкіндік беретін болады. Бұл шешім басқа жоғары оқу орындарының рейтинг бағалауларын салыстыра отырып, қабылданған. Әрбір оқытушының істеген жұмысы төрт бағыт – оқу және оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеу, имидждік, тәрбие және әлеуметтік жұмыстары бойынша дербес бағаланады.
Кеңесте университеттің оқу үдерісіндегі жүзеге асырылған жұмыстар да ортаға салынып, бұл мәселеде де олқылықтардың аз емес екені, оқытудың кредиттік технологиясы бойынша проблема туындағаны ашық айтылды. Мысалы, биыл бітіруші түлектердің 9 пайызы, яғни, 165-інің игерілмеген кредиттері, академиялық қарыздары бар болғандықтан, диплом ала алмайтыны белгілі болды. Осы орайда Ғылыми кеңес мүшелеріне оқу үдерісіндегі құқық бұзушыларды анықтап, қатаң тәртіпке шақыру жүктелді.
Бүгінде цифрландыру, IT және биотехнология саласындағы серпілістер әлемді өзгертуде. Алайда бұл бағытта еліміздегі көптеген ғылыми-зерттеу жаңалығы аграрлық өндіріс саласына жетпей отырғаны белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Парламент палаталарының бірлескен отырысында: «Өңдеу өнеркәсібін инновация мен жоғары технология ғана жедел дамытады. Бұл – айдан анық нәрсе. Сол себепті Қазақстан экономикасы ғылыми жетістіктерді негізге алуы керек. Зерттеу жүргізіп, патент алу жеткіліксіз. Ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет», деп атап көрсеткен болатын.
Ақылбек Күрішбаевтың айтуынша, еліміздегі аграрлық саладағы жетекші оқу орны ауыл шаруашылығы үшін бәсекеге қабілетті білікті кадрлар даярлаумен қатар, инновациялық ғылыми ізденістерге қол жеткізуді және оларды өндірісте қолдануды мақсат етеді. Бұл ретте әлемдік озық жоғары оқу орындарымен білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты дамыту арқылы, іскерлік тәжірибелер алмасу мақсатында кешенді жобалар жасалып жатыр. Мысалы, сәуір айының 19-23 аралығында ауыл шаруашылығы мен орман ісі, биоэкономика бойынша Еуропада 3-ші, әлемде 4-ші орын алатын AgroParisTech (Франция) ауыл шаруашылығы университетінен келетін делегация Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің қызметімен танысатын болады. Олар биыл оқу бағдарламаларындағы фундаментальды пәндер – математика, физика, информатика, биология, химия пәндерінің оқу-әдістемелік, құрылымдық және силлабустардың мазмұнына талдау жасамақ. Одан әрі қарай бәсекеге қабілетті мамандарды бірлесе даярлау аясын кеңейту, қос дипломдық бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.
– Болашақ мамандарды даярлауда кәсіби практиканы ұйымдастыру мен дуалды оқытуды іске асыру үшін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен келісімшарт негізінде 7 ғылыми-зерттеу институтын, 756 өндірістік-тәжірибелік базаны инеграциялау қолға алынып жатыр. Бұл мақсат орындалса, болашақта 1-2 курстағылар теориялық білімді университетте меңгеріп, ғылыми-инновациялық білімді ғылыми-зерттеу институттарының базасында алады. Ал өндірістік тәжірибені 352 агрокәсіпорында өткізеді. Бұл әлемдік үрдіс, – дейді Ақылбек Қажығұлұлы.
2023-2024 оқу жылында «Coursera» халықаралық платформасына көшу арқылы білім алушылар үшін әлемдік деңгейдегі ғалымдардың дәрістерін тікелей тыңдауға, білімдерін қосымша жетілдіруге мүмкіндіктер жасалмақ. Интерактивті технологияларды жеткілікті қолдану мақсатында университет бюджетінің есебінен 70 млн теңгеден астам сомаға интерактивті тақталар мен проекторларға мемлекеттік тапсырыс берілген.
Қазақ елі үшін мал шаруашылығы ежелден дәстүрлі кәсіп екені белгілі. Осы орайда университетте қайта ашылған «Зооинженерия және тағам өндірісінің технологиясы» факультеті туралы жаңалықты сүйіншілеп жеткізген болатынбыз.
Тағы бір аса маңызды мәселе – әлемде, оның ішінде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймағында су тапшылығы айқын сезіліп отыр. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін деген болжам бар. Осы орайда Мемлекет басшысы «Энергетика, су және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануға тиіс» дей отырып, елімізде қосымша 25 су қоймасын салып, суды барынша үнемдеуді тапсырғаны белгілі.
Осы жылдың 2 наурызында Шымкент қаласында Қазақстан және Өзбекстан мемлекеттері Премьер-министрлерінің деңгейінде өткен кездесу аясында су мамандарын бірлесе даярлау мәселесі талқыланды. Сол ресми кездесу аясында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты ректорлары кездесіп, өзбекстандық оқу орнының филиалын ашу мәселесін жан-жақты талқылаған болатын. Университет ғалымдары жаңа филиалдың құрылуы су шаруашылығы мамандарын бірлесе даярлаумен қатар, Орталық Азия аймағындағы су ресурстары мен суды пайдалану, жерді мелиорациялау және рекультивациялау саласындағы ғылыми жобаларды бірлесе іске асыруға жаңа серпін береді деген сенімде.
Сондай-ақ әлемдегі биомедициналық ғылымдар, жаратылыстану ғылымдары саласындағы үздіктердің қатарына кіретін Канададағы Саскачевана университеті (UofS) агрономия, зооинженерия, генетика және жануарлар селекциясы бойынша Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетімен бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеуге қызығушылық танытып отырғаны қуантады.
Тағы бір күрделі мәселе – ауыл шаруашылығының негізгі тірегі саналатын шаруа қожалықтары мен фермерлермен кері байланыс, Extension-білім тарату жүйесінің елімізде дұрыс жұмыс істемейтіндігі. Оны дамыту үшін Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ұжымы америкалық «UC Davis» тәжірибесін зерттеп, қолданысқа енгізу қажеттігін алға тартып отыр. Осыған байланысты оңтүстік облыстардың әрбір ауданында фермерлерге тегін консультациялық көмек көрсету мақсатында университеттің Экстеншн-сервис орталығын құру жоспарланып отыр. Әрине, оған мемлекет тарапынан қаржылай қолдаудың қажет екендігі анық.
Осы орайда ректор Ақылбек Күрішбаев ғылыми кеңесте көтерілген мәселелерді қорытындылай келіп: «Ғылым – кез келген қоғамдағы ең консервативті жүйелердің бірі. Фрагменттік өзгерістермен «жылдам жеңістерді» қуып, ғылымда түбегейлі өзгерістерге қол жеткізу мүмкін емес. Оған терең, дәйекті және жүйелі реформалар қажет. Әлемдегі озық жоғары оқу орындарымен теңесу үшін заманауи жоғары деңгейдегі нағыз ғылыми-зерттеу университетін құруымыз қажет. Сонымен бірге білім беру үрдісіне халықаралық оқу бағдарламаларын батыл енгізуге шұғыл назар аудару қажет. Бұл ретте Үкімет тарапынан тиісті қолдау күшейтілсе, оған университет ғалымдары мен оқытушыларының әлеуеті толық жетеді», деп атап өтті.
АЛМАТЫ