Инвестиция • 14 Сәуір, 2023

Инфрақұрылым қуаты – инвестицияда

351 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сегізінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында «Біз еліміздің инфрақұ­рылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет. Сондықтан мен Ұлттық инфрақұрылым жоспарын қабылдауды ұсынамын. Құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс. Сонымен бірге 2029 жылға дейін іске асырылатын негізгі жобалар қамтылуы қажет» деген еді.

Инфрақұрылым қуаты – инвестицияда

Осы орайда шымкенттік тұрғын­дарды ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын «Су ресурстары-мар­кетинг» ЖШС-ның үлгілі тәжі­рибе­сін мысалға келтірсем деймін. Кә­сіп­орын тоқсаныншы жылдардың ая­ғында құрылған. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт ішінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. Осы уақыт аралығында компания үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Жаңғырту жобалары арқылы халықты ауыз сумен қамтамасыз етуде үлкен сапалы іс тындырды. Қосымша инвестициялардың көмегімен тозығы жеткен ауыз су құ­бырларының жүйелері ауыстырылып, әрбір мекеме мен үйге есептеуіш құралдар қойылып, халық судың рақатын көріп отыр. «Су ресурстары-мар­кетинг» ЖШС бас директоры Анарбек Орманның айтуынша, кәсіпорын мегаполистің бір миллионнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Мекеме қалаға ауыз су беріп қана қоймайды, сонымен бір­ге қалдық суларды жинап, тазалап, ауыл ша­руа­шылығы қажеттілігі үшін егістіктерге қайта жіберіледі екен.

«Инвестиция тарту жағына келсек, Еуропа қайта құру және даму бан­кімен 14 жылдан бері қоян-қолтық жұ­мыс істеп келеді. Осы аталған қаржы инс­титутынан 18 млрд теңге инвестиция есебінде несие алған. Оның 13 млрд теңгесін жауып үлгеріпті. Қалған сомасы ауыз су мен кәріз жүйелерін жаңалауға жұмсалатын болады. Инвестиция қа­ражатын жаңғырту жобаларына арнау – кәсіпорынның басты қағидаты. Сон­дықтан әрбір қаражат тиынына шейін жоспарға сай игеріліп жатыр», дейді кәсіп­орын басшысы.

Жаңғырту ісін толық жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан да арнайы бағдарлама шеңберінде қолдау көр­сетіліпті. Оның көлемі 4,5 млрд тең­гені құрайды. Кәсіпорын құрылғалы осы салаға 38 млрд теңге инвестиция құйылған. Еуропа қайта құру және даму банкінен алынған қаражатқа мың шақырымнан астам су құбыры жаңартылып, 90 шақырымға жуық кәріз жүйесі ауыстырылыпты. Ал экология жағдайын жақсарту мақсатында 100 мың текше метрлік тазалау қондырғысы жаңартылған. Мекеме Польшадағы әріптестерімен байланыс орнатып, сол елдің озық технологиясын ендірген. Заманауи технологияның нәтижесінде кәріз жүйелерінде жағымсыз иіс жоғалды. Кәсіпорын кәріз жүйесінен аққан жаман суларды да кәдеге жаратып жатыр. Яғни қалдық сулардан биогаз өндіріп, одан сағатына 3,5 млн Квт электр энергиясын алып отыр. Бұл деген сөз жалпы қала тұтынатын электр энергиясының біршама бөлігін өздері өндіріп жатыр. Шаһар аумағының кеңеюіне байланысты қосымша 50 мың текше метр қуаттылығы бар тазалау қондырғысы іске қосылып, жалпы қуаттылық көлемі 150 мың текше метр­ге жеткізіліпті. Сонымен бірге былтыр Германиядан табиғи газдан электр қуатын алатын қондырғы әкеп орнатқан. Электр энергиясын өндіру қуаты тағы сағатына 4 млн Квт-ға өсіп, кәсіпорын тазалау қондырғысына кететін электр энер­гиясы шығындарының 95 пайызын өз есебінен жауып отыр.

Мекеме басшысының айтуынша, тоқ­саныншы жылдардың аяғында қала 105 млн текше метр ауыз су тұтыныпты. Соның өзінде толық қамтамасыз ете ал­маған. Жаздың күндері жоғарғы қабат­тарға су бармай қалатын. Өйткені ауыз су бейпіл болғанымен көлденең шығындар өте көп болды. Халық суды бейберекет пайдаланып, ысырапшылыққа көп жол беретін. Алайда жаңғырту мен қайта құру жұмыстарының нәтижесінде әрбір үйде есептеуіш құралдары пайда болып, сол арқылы адамдар судың сұрауы бар екенін терең ұғынды. Әрбір аққан судың ақысын қалтадан шығарып төлеу керек болған соң, барынша үнемдеуді үйренді. Біріншіден, су жүйелерінің ескілігінен және қайта-қайта жарылуынан, екіншіден құр бос шығындардың салдарынан халықты ауыз сумен сапалы түрде қамтамасыз ету мүмкін болмай жатқанда тығырықтан осы модернизация мен қайта құру бастамасы алып шыққан. Сол арқылы кәсіпорын 36 млн текше метр суды үнемдеп қала алды. Сол алғашқы құрылған жылдары мекеме иелігінде 2 экскаватор мен 15 апаттарға арналған көлік болса, инвес­тиция есебінен өскен компанияда қазір техникалар саны ондаған есеге артқан. Тоқсаныншы жыл­дардың соңында қалада есепсіз су шығындары 42 па­йыз­ды құраса, бүгінде ол 17 пайыздың көлемінде. Бұл ең төменгі көрсеткіш болып саналады. Себебі тіпті ТМД мемлекеттерінің өзінде бұл сан 30 па­йыз­дан жоғары екен. Шығын демекші, сол тұста бір адамға тәу­лігіне 456 литр су жұмсалып отырып­ты. Тұрғындардың үнемшілдікке мән бермегені соншалық, жаздың күнгі күн ыстықта үйінде салқын микроклимат қалыптастырып, сөйтіп түнде терлемей жату үшін күні бойы ванна бөлмесіндегі себезгіден су ағызып қоятын болған. Ал шаһардағы 3-4 канал жаз бойы суға толып жататын. Өйткені құбырлар жиі жарылатын. Ескі құбырларды жаңалап, есептеуіш құралдарды орнатқан соң мұндай ысырапшылдық өзінен-өзі сап тыйылыпты. Бүгінгі таңда 1 адам ша­мамен 125 литр су пайдаланады. Бұ­рын әр тұрғынға 260 литр бойынша есеп­теліп, 950 теңгеден төлеген болса, қазір тарифпен есеп айырысып, 430 теңге төлейді. Мұның бәрі суды үнемдеп жұм­саудың нәтижесі. Сонда 56 млрд теңге тұр­ғындардың қалтасында қалып отыр.

– Қалада 5 су арнасы болса, жүзге жуық сорғы күндіз-түні тоқтамай жұмыс істеп тұрды. Бір жылда сағатына 97 млн Квт пайдаланды. Қазіргі таңда кәсіп­орынның қалалық электр жүйесінен пайдаланып жатқан электр қуаты бар жоғы сағаты 9,4 млн Квт құрайды. Ауыз су құбырының ұзындығы 750 шақы­рымнан 5 547 шақырымға ұзарды. Кә­різ жүйесі де 880 шақырымға өсті. Инвес­тиция нәтижесінде құбырлардың тозығы 68 пайыздан 47 пайызға азайды. Еліміз нарықтық жүйеге өткенде газ, жылумен қамтамасыз етуші коммуналдық кәсіпорындар қиын жағдайда қалды. Газ да, жарық та болмады. Жұрт далаға шығып тамақ істеді. Ал бірақ су болды. Ол бір күнде тоқтаған жоқ. Осының өзі сол кездегі мекеме жұмысшыларының ай­лықтары екі мың теңге болса да қыз­меттерін тастамағаны үшін нағыз патриот еді деп айтуға болады, – деді «Су ресурс­тары-маркетинг» ЖШС басшысы Анарбек Орман.

Табыс көзі кәсіпорында сонау тоқсаныншы жылдардың аяғында 348 млн теңгені құрапты. 2022 жылдың қорытындысымен ол 10 млрд теңгеге жетті. Мемлекетке алғашқы кезде 100 млн теңге салық төлесе, былтыр бюджетке кәсіпорыннан 1млрд 757 млн теңге салық табысы түскен. Сол бір қиын кезеңде зауыт-фабрикалар тоқтап, адам­дар айлық ала алмай жатқан уақытта тұр­ғындардың 60 пайызы ғана су ақысын төлеуге мүмкіндігі болған. Бүгінгі таңда төлемақының деңгейі 99,5 пайызға ұлғайды. Сонымен бірге қазіргі кезде тұтынушылардың 82 пайызы Kaspi Gold арқылы төлейді. Ал бұрын кассаға барушы еді, кезекке тұрып, қаншама уақытын жоғалтатын. Сондай-ақ тексерушілер тұтынушылардың есігін қақпайтын болды. Абоненттердің 72 пайызына чат-бот арқылы электронды хабарла­ма келеді. Жоғарыда айтылғандай, кә­сіп­орын тазалау қондырғыларының деңгейін біршама жақсартты. Бұрын олар экологиялық санитарлық талаптарға сай емес еді. Заманауи технологияларды пайдаланудың нәтижесінде Шымкентте республика тұрмақ ТМД бойынша ең алдыңғы қатарлы тазалау қондырғылары жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ Қазақстанда кәріз жүйесіндегі қалдық сулардан биогаз алып жатқан тек осы кәсіпорын ғана.

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС Эко­ло­гияға қосқан үлесі үшін «Парыз» сый­лы­ғының алтын жүлдесімен марапаттады.

«Шымкент қаласынан республикалық «Парыз» сыйлығына үміткер ретінде 23 мекеме өтінім берген еді. Бірақ ең­бек нарығында жүйелі жұмысымен, уақыт талабына сай өндірісті жандандырып отырған үздік ұжымдардың ішінен біз алға суырылып шықтық. Жа­сыратыны жоқ, соңғы 5 жылда «Су ресурстары-маркетинг» кәсіпорны ауқым­ды жұмыс атқарып, еңбектің тәтті жемісін таттық. Президент қолынан алған марапатты әуелі біздің ұжымның экологияға қосқан үлесінің нәтижесі деп ұққан абзал. Өйткені кәріз суын тазалап, қалдық сулардан биогаз одан электр энергиясын өндіру экологияны жақсартуға бағытталған ең пайдалы іс деп қабылдаған жөн», деді кәсіпорынның бас директоры А.Орман.

Ендігі ретте қаланың өсуіне бай­ланыс­ты мекеме тазалау қондыр­ғы­ларының қуаттылығын 200 мың тек­ше метрге жет­кізгелі отыр. Еуропа қайта құру және даму банкімен несие мәселесінде келісіп, тиісті қаржы алды. Оның 50 пайы­з қаражатына Үкімет қолдау көрсетеді. Бұйыртса, 2025 жылға қарай іске қо­сылатын болады. Республика бойынша суды жер астынан шығарып тазалап халыққа жеткізіп берудегі 1 текше метр­ге ке­тетін шығыны жағынан Шымкент 49 теңгемен ең соңғы орында тұр. Мәселен, Қарағандыда 120 теңге екен. Әйтпесе сумен қамтамасыз ету жүйесі екі қалада да бірдей. Канализация бойынша 1 текше метр суды тазалауға кететін шығын жағынан 27 теңгемен мегаполис тағы да республикада соңғы орын алады. Ал сол Қарағанды қаласында оның бағасы 126 теңгеге тең.

Жалпы, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС де 83 шақырым су құбырын жаңғыртуға – 2,5 млрд. теңге, 18 шақы­рым су бұру жүйесін жаңғыртуға 29,8 млрд теңге инвестиция салуы қажет. Нәтижесінде, ауыз су жүйесінің тозу деңгейі 21 пайызға төмендейді. Осы міндеттерді орындау мақсатында Бәсе­келестікті қорғау және дамыту агент­тігінің Шымкент қаласы бойынша депар­­таментімен бірлесе отырып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.