Ғылым • 13 Сәуір, 2023

Жүйелі іс жүйесін табады

449 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру мақсатында ұсынып жүрген батыл бастамалары мен маңызды бағдарламалары көпшіліктің көңіліне үміт ұялатып, шынайы әрі кең қолдауға ие болып келе жатқанын сезіп те, көріп те жүрміз. Ал осы межеге абыроймен жеткіміз келсе, Президенттің күрделі кезеңнен шығу жолындағы шұғыл іс-шараларды сапалы іске асыруды талап етіп отырған ұсыныстарына тек жауапты мемлекеттік органдар ғана емес, қоғамның саналы әрбір мүшесінің бейжай қарамай, қолынан келгенше өзіндік үлесін қосып, дер кезінде қолдау көрсеткені абзал.

Жүйелі іс жүйесін табады

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сонымен қатар бұл жауапты үрдісті жандандыруда ортамызда жүрген Респуб­ликаға белгілі, айтқан сөзі мен жазған дүниесі өтімді, елге сыйлы ағалар мен заман­дастарымыздың орны тіпті ерекше деп білемін.

Төрткүл дүние дүрбелеңге түсіп, эконо­микалық ахуал тұрақсыздануын тоқтат­пай тұрған уақытта тек өзіміздің ішкі мүм­кіндігіміз бен білімімізге сүйене отырып, әлеуметтік-экономикалық және де басқа салаларды қарқынды дамытуға үлесін қоса алатын ұлттық заңнаманың тиімділігін арттырып, өзгелермен бәсекедегі қабілетін күшейту үшін отандық ғылымды жетілдіру қажеттігі маңызды болып тұр. Президент осыны назарына алып, кейінгі уақытта жиі тапсырма беріп келеді.

Қазіргі күні ел-жұртымызға ауадай қажет болып тұрған Әділетті Қазақстан дегеніміз не, бұл ұғым нені білдіреді және әділетті қоғамға қалай жетеміз, жеріміз­дің үсті мен астындағы ен байлықты төк­пей-шашпай ел игілігіне қалай жаратамыз? Осынау маңызды сұрақтар бәрімізді мазалайды. Ғылымды реформалау кезінде жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, жол ашып, ал қалыптасқан ғалымдардың барлық санатының төңірегіндегі тілге тиек болып жүрген проблемалар шешіліп, ғылыммен табиғатынан қатар жүруге мүмкін емес кеңселік бюрократия жойылар еді. Іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер және ғылыми гранттық жобалардың төңірегіндегі орын алып келе жатқан ойдан жасалған кедергілерді шешу бейнет болды. Бір дәлел келтіре кетейін.

Мен жоғарғы заңгерлік және филоло­гиялық білімдері бар 300-ге жуық, оның ішінде есімдері шетелдерге де белгілі заң ғылым­дарының 10 докторы, филология ғы­лымдарының 2 докторы, заң ғылым­дарының 25 кандидаты, 8 PhD докторы, заң ғылымдарының 26 магистрі, «Болашақ» бағдарламасымен білімін жетілдірген 10 маманы бар, Әділет министрлігіне бағы­ныстағы «Заңнама және құқықтық ақпарат институтын» басқарып келемін. Ұлттық заңнаманы жетілдіруге тікелей атсалысатын бірден-бір мемлекеттік ғылыми мекеме болғандықтан, басқа жұмыстардан тыс жыл сайын төрт-бес тақырыпта іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер жүргізіп, нәтижесі бойынша бірнеше монография, түсініктемелер, оқу әдістемелік құрал­дар және көптеген ғылыми мақала жариялап келеміз. Мұның сыртында соңғы үш жыл қатарынан үш-төрт тақырыптағы зерттеу жобалары бойынша міндетті талаптар­ды орындай отырып, мемлекеттік грант­қа құжаттар тапсырғанымызбен, нәтиже­сін­де жобаларымыздың бірде біреуі өтпеді. Зерттеу тақырыптары әртүрлі бол­ғанына қарамастан, барлығының дә­лел­ді негіздемелері көрсетілмей, шаблонды түрде біркелкі жауап қайтарумен аяқталады. Өтпеу себебіне көз жеткізу мақсатында жіберілген хаттар формальды түрде қараумен шектеледі.

Осыдан он үш жыл бұрын Батыс Еуро­па мен Қазақстанда қалыптасқан кәсі­би бі­лім деңгейін біркелкі «бакалавр-магистр-PhD» формуласымен теңестіріп, еліміздің жоғары білім құжаттарының Еуропада жол ашылуына мүмкіндік беретін және басқа да ерекшеліктер бар деген негізбен, елде Болон үдерісі енгізілді. Пайдасы бар озық тәжірибені енгізуге ешқандай қарсылық жоқ. Бірақ сол кездің өзінде-ақ көпшіліктің әртүрлі қиындықтарға душар боламыз деген көңілге қонымды ескертулері назарға алынбады. Әлі есімде, Мәжілісте «Ғылым туралы» заң жобасын талқылау барысында, ғылыми дәрежені қорғау жолында Болон жүйесіне сәйкес PhD тәртібімен қатар, Ресей және басқа да көршілес мемлекеттердегі сияқты дәс­түрлі кандидаттық және докторлық қорғау жүйесін баламалы түрде қалдыруды ұсын­ған біраз депутаттар мен ғалымдардың ұсы­ныстары да қолдау таппай, үкімет пен уәкілетті орган қарсылық білдіріп, заң қабылданған болатын. Қателеспесем, заң күшіне енген сәтте кандидаттық және докторлық қорғау жолында жүрген 3,5 мыңнан аса ізденушінің диссертация­лық еңбегі тоқтатылды. Ал бүгінгі өмір көрсетіп отырғандай, «Scoups» және «Web of Science»-ке шыққан мақалаң болмаса, ешқандай еңбегің есептелмейді. Бұл мақалалардың әзірленуі мен жария­лануында көптеген сұрақ бар. Елдегі жүздеген ресми түрде жарық көрген ғы­лыми еңбектер, монография мен оқу құралдарының маңыздылығы мен құны шетелдерде ақша төленіп шығатын 12 мақаладан төмен болып тұрғаны ақиқат.

Оның үстіне ізденуші үлкен көлемде қаржы төлейді. Тіпті кейде бірнеше ай, жылдар бойы күтіп, алдауға түсіп қалған­дары да кездесіп жүр. Ақиқаты озық интеллектуалды ғылыми еңбектерді шетелдерде мәжбүрлеп жариялағаннан ешқандай пайда жоқ. Отандық ғалымдардың ғылыми саладағы тың ойлары, жаңалықтары мен ұсыныстары ең алдымен өз елімізде жарық көруге тиіс. Осы мәселеде де академик­тің аталған кедергілерді еңсерудің бейнетінен көптеген ғалымның шетел асып, әуреге түсіп жүргенін тоқтату үшін бұл қолдау таппаған тәртіпті доғаруды ұсынған пікірді мен ғана емес, көптеген әріптесіміз қолдай­тынына сенімдімін.

Мемлекет басшысы ғылым саласын жан­дан­дыруға үлкен сенім білдіріп, үміт артып, нәтижесін күтіп отырған уақытта мүд­делі мемлекет органдарының лауазым иелері осындай және басқа да мәселелерді бақы­лауға алып, жедел әрі нақты іске кірі­суге тиіс деп санаймын. Сонда ғана отан­дық ғылымның барлық саласы толайым нәтижелерге қол жеткізіп, ғылым ғалым­дарымен мықты болар еді.

 

Рамазан СӘРПЕКОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының кандидаты