Ғылым • 14 Сәуір, 2023

Ғылым саласындағы ұлттық кеңес

302 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төр­ағалығымен Пре­зи­дент жанындағы Ғы­лым және техно­ло­гиялар жөніндегі ­Ұлт­тық кеңестің алғаш­қы отырысы өтті. Жиын­да елі­міз­­дің ғы­лыми-техника­лық сая­сатының алдағы басым­дықтары айқы­ндалып, Ұлттық ғы­лым академиясы­ның жаңа президенті та­ғайындалды. Бұл оқи­ғаларды ғы­лы­ми қауым қалай қа­былдады? Сұрап біл­ген едік.

Ғылым саласындағы ұлттық кеңес

Алда ауқымды міндеттер тұр

Әлемнің дамыған елдері тәжіри­бесінде ғылым, инновация, экономика ажы­рамас жүйе ретінде тұтастай ел­дің дамуына, гүлденуіне ықпал етіп келеді. Ғылым ел экономикасының қозғаушы күші екеніне бұдан асқан дәлел келтіріп жатудың өзі артық. Ғы­лым дамыса, инновация дамиды, экономика өркендейді.

Жақында Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлттық ғылым акаде­миясына жаңа мәртебе берілуі ғылы­ми қауымдастық арасында үлкен серпі­ліс, отандық ғылымның жаңа бір көкжие­гі ашылғандай әсер туғызды. Ал осы ұлт­тық ғылымның қара шаңырағы­на айналған Ұлттық ғылым академиясы­на Мемлекет басшысының өкімімен белгілі ғалым Күнсұлу Закарияның таға­йындалуы ғалымдардың үмітіне үміт қосты деуге негіз бар.

Күнсұлу Дальтонқызының есімі елімізге ғалым ретінде ғана емес, ғы­лымның ұйымдастырушысы ре­тін­де белгілі. Оның дәлелі ретінде адам­заттың басына төнген пандемия кезінде «QazCovid-in» СOVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы отандық вакцинаны әзірлеуде өндірісті басқарып, ғалымдар тобына жетекші, бастамашы бола білді. Ал университет ғылымын дамытудағы тәжірибесі, іскерлігі ғылы­ми ортаға кеңінен мәлім.

Бұл өзгерістер елімізде іргелі және қол­данбалы ғылымның өрістеуіне, инновацияларды өндіріске енгізуге, ғылым алдында тұрған үлкен белес­терді еңсеруге ықпал ететіні сөзсіз. Ин­новацияға негізделген өндіріс орын­дарының ашылуы, даму институт­та­рының, венчурлық қаржыландыру жүйесінің дұрыс жолға салынуы сияқ­т­ы ғалымдар көкейінде жүрген көп­теген түйткілді мәселе шешімін таба­тындығына сенім артамын.

 

Тілекқабыл РАМАЗАНОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, академик

 

Технологиялық даму мүмкіндігі

Ғылымды өндірістің қозғаушы күші­не айналдыру – заманауи ғылым­ның алдында тұрған келелі міндет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен технологияны дамытуға аса мән бере отырып, Ұлттық ғылым академиясының құзыретін арт­тырып, жаңа міндеттер жүктеуі ғы­лымды, инновацияға негізделген өнді­рісті дамытуға негізделіп отыр.

Осы уақытқа дейін қоғамдық кәсі­би ұйым ретінде жұмыс істеп келген Ұлттық ғылым академиясының мем­лекеттік мәртебе ала отырып, тіке­лей Пре­зиденттің қарауына алынуы да отан­дық ғылым алдында тұрған келелі мін­деттердің шешілуіне ықпал ететіні анық. Академияға жаңа басшының тағайындалуы отандық ғылымды жаңа бір белеске көтерумен қатар еліміз­дің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер ететін салаларға үлес қосуға үлкен сеп­тігін тигізетіні сөзсіз. Академия мәр­тебесінің артуы ғылымның ғана емес, ға­лымдардың де мәртебесін артты­рады.

Осы орайда ғылымның болаша­ғы жас­тар екенін қаперге ала отырып, отан­дық ғылымға белсенді, интеллек­туалды жастардың көптеп келуіне қо­лайлы жағдай туғызу керек. Қоғам­да ғылымға деген көзқарас өзгергенде ғана жастардың қызығушылығы арта бастайды. Сондықтан ғылымның мәр­тебесін өсіру уақыт күттірмейді. Ал ғылымның қазіргі жағдайы болашақ ғалымдар үшін тартымды емес. Бүгінде елімізде ізденімпаз, шығармашыл жас­тар өте көп. Олар кәсіби біліктілігін арт­тыра отырып, туған жерге пайда әкелу жолында еңбек етіп, ғылымның өміршеңдігіне сенім артқанда ғана ғылым дамиды. Ал жас ғалымдардың жағ­дайы мемлекеттік деңгейде шешіл­гені ләзім. Жаңа құзыретке ие болған Ұлт­тық ғылым академиясы жаңа бас­шы­ның келуімен ғылымның дамуына, ға­лым­дардың мәртебесінің өсуіне зор сеп­тігін тигізетіні сөзсіз.

 

Ғалымқайыр МҰТАНОВ,

Ақпараттық және есептеуіш технологиялар институты

бас директорының міндетін уақытша атқарушы, академик

 

Жаңа деңгейге көтереді

Соңғы үш-төрт жылдың бедерінде елімізде ғылымға ерекше көңіл бөлініп келеді. Оны айқын мысалдардан аңға­рып отырған жағдайымыз бар.

Біріншіден, ғылымға бөлінген қар­­жының көлемі ұлғайды. Бұрын ғы­лы­ми-зерттеу институттарындағы қыз­меткерлердің жалақысы мардымсыз еді. Кейінгі жылдары жалақының кө­лемі мен ғалымдардың материалдық жағ­дайы жақсара бастады.

Екіншіден, ғылыми жобаларға бөлі­нетін қаржының да көлемі еселеп өсті. Бұрын ғылыми конкурстар өте сирек өткізілсе, қазір әртүрлі ауқымдағы ғы­лыми жобаларға жылына бірнеше рет конкурс жарияланады. Мысалы, мақ­сатты қаржыландырылатын бағ­дар­ламалар, гранттық бағдарламалар және жас ғалымдардың гранттық бағдар­ламалары бойынша жыл сайын екі-үш мәрте конкурс өткізіледі.

Үшіншіден, кейінгі екі жылдан бері жылына 500 ғылыми қызметкер шетелге барып, өз саласы бойынша «Болашақ» бағдарламасы аясында тағы­лымдамадан өтуге мүмкіндік алды. Жастарды ғылымға тарту мақса­тында қазір магистранттар мен докторант­тардың да стипендиялары еселеп өсті.

Түптеп келгенде, осының бәрі ел­дегі ғылымның бұрынғыдан да жан­­данып, нақты қадамдар аясында жұ­мыс бастағанын көрсетеді. Со­ны­мен бірге жақында Мемлекет бас­шы­сының шешімімен Президент жа­нындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды. Кеңес ғылым саласын «бармақ басты, көз қыстылықтан» арылтып, шынайы ғалымдарға қолдау көрсету мақсатында іргелі бастамаларға ұйытқы болады деген үміттемін.

Сонымен қатар Президенттің пәр­менімен Ұлттық ғылым академиясы мем­лекеттік меншікке қайтарылды. Бұл ака­демия таза ғылыми мекеме ре­тінде зерттеумен айналысуға, ба­рын­ша жоғары сапада жұмыс істеу­ге мүмкіндік алды деген сөз. Мемлекет басшысының өкімімен Ғы­лым академиясына Күнсұлу Закария таға­йындалды. Мұны да отандық ғылым­дағы елеулі жаңалық дер едік. Осыдан үш жыл бұрын әлемдегі санаулы мем­лекет­тердің қатарында Қазақстан да өз вак­цинасын ойлап тапты. Оның басы-қасында дәл осы Күнсұлу Закария жүрді. Оны өз ісінің білгірі, ғылымның жанашыры ретінде танимыз.

Алдағы бес жылда ғылымға бөлі­не­тін қаржы екі есе өседі деген қуа­нышты хабарды естедік. Бұл отандық ғылымның еңсе тіктеуіне жол ашары анық. Ғылымды дамытпай алға баспаймыз. Өйткені мемлекеттің қозғаушы күші – ғылым.

 

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ,

Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының директоры

 

Ғылымға да инвестор керек

Президент жанындағы Ғылым жә­не технология жөніндегі ұлттық кеңес­ке 40-тан аса ғалым мүше болып енді. Дені – еліміздің беделді ғалымдары. Бұған қоса қазір шетелде жұмыс істей­тін жерлестеріміз де бар.

Кеңестің жиынын тарихи отырыс болды деп айтқан дұрыс. Себебі бұл Мем­лекет басшысының ғылымды жан­дандыру бойынша қолға алып жат­қан бастамаларының алғашқы қоры­тындысы іспетті. Кеңестің отырысында Президент ел ғылымының болашақ бағдарын айқындады, мәселелерді атап көрсетті және өз бастамасымен қайта жанданған Ұлттық ғылым акаде­мия­сының жаңа басшысын таныстырды. Отандық ғылымға өлшеусіз үлес қосқан Күнсұлу Закария бұл істе де же­місті еңбегімен көзге түседі деп ойлаймын.

Президент «Қазақстан ғылымы қоғам­дағы барлық мәселеге сарапшы­лық рөл атқаруы керек» деген ой айтты. Өте орынды пікір.

Отырыста академик Асқар Жұма­діл­даевтің «Ғылымның қазаққа қарызы зор» деген сөзі көкейдегі көп ойды дөп басты. Атақты ғалым Ғылым академиясы «Қазақ ғылымын қазақ тілінде жасауға тиіс» деген ұсыныс айтты. Шынында да, біз ғылыми сананы, оның ішінде ұлттық ғылыми сананы қалыптастыруда жетістіктерімізді қазақ тілінде, халыққа түсінікті түрде насихаттауға тиіспіз.

Мемлекет басшысының қазақ ғылы­мына инвестор тарту туралы бас­тамасы да құптарлық. Шикізат өнді­ретін өндірістердің ел ғылымына қар­жылай көмек көрсеткені үшін салық­тық жеңілдіктер жасалғаны дұрыс.

 

Анар ФАЗЫЛЖАН,

А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры