Суретті түсірген Дмитрий Ерофеев
Ешқандай қаражатсыз тұрғын үйге қол жеткізген тұрғындар құдды қасиетті айда тілегі қабыл болғандай мәз-мейрам. Талдықорғандықтардың риясыз қуанышы аспанды әлдилеп тұрғандай. Су жаңа үй арнайы солар үшін салынған. Бірден 60 отбасына баспана кілті табысталды. Тұрғын үйлі болғандардың бәрі – әлеуметтік осал топтағы жетісулықтар. Олардың қатарында 10 баланың анасы, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші, жарымжан жандар бар. Бәрі шынайы, ешқандай пафос жоқ.
Қуаныш иелері ешкімге, ештеңеге шығындалмайды. Тек шырайлы шаһардың орталығындағы су жаңа баспанаға қоныс аударады. Мемлекет басшысы еліміздегі бизнес өкілдерін жиып, елдікті, егемендікті бірге асқақтатуға бірлесе жұмыс істеуге, қайырымдылық жасауға, туған жерді түлетуге, ел экономикасын өркендетуге бірлесе атсалысуды ұсынған еді. Міне, соның жемісі Талдықорғанда жалғасын тапқандай.
Жаңадан пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйдің жалпы аумағы – 4 702 шаршы метр. Өз иелерін тапқан баспананы белгілі атымтай жомарт Данияр Абулғазин салдырған. Мұндай жаңалықты баспана кілтін табыстау рәсімінде Алматы облысының бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев баян етті.
– Қасиетті Рамазан айында қуанышты сәттің куәсі болып тұрмыз. Баспаналы болу қандай бақыт?! Талдықорған қаласында 15 мыңнан аса тұрғынның баспанаға мұқтаждығы барын облыс әкімі болып тұрғанда білетінмін. Баспана тапшылығын азайту үшін түрлі жоба, бастамалар жасақталды. Соның бірі де бірегейі – елдегі кәсіпкерлердің, мықты меценаттардың көмегімен баспана салып, әлеуметтік осал топтарды үймен қамту. Данияр Рүстемұлына телефонмен хабарласып, баспанаға мұқтаж жандардың көптігін айтқанмын. Содан қайырымды азамат қамсыз қалмай, осы баспананың іргетасын қалап, бүгінде сіздерге сыйға тартуда. Бұл көпқабатты тұрғын үйден пәтер алғандардың шаңырағы шаттыққа, қуанышқа, бақытқа толсын, – деді Қ.Бозымбаев.
Артынша сөз алған Д.Абулғазин жергілікті әкімдікке, «Харекет» қайырымдылық қорына, оның ішінде құрылтайшысы Мадияр Серікбаевқа алғысын білдіріп, қайырлы іске Мемлекет басшысының сөзі себепкер болғанын да жасырмады. Қайырымдылық қорына ерекше тоқталуының да жөні бар. Себебі «харекеттіктер» үй иелерін анықтапты.
Мұнан соң ұйымдастырушылар пәтер кілттерін салтанатты түрде иелеріне табыстады. Олардың қатарында Ерлан Серікбаев та бар. Су жаңа пәтердің иесі екінші топ мүгедегі екен. Қанша жылдан бері үй кезегінде тұрған. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап тұрып келген ол көз жасына да ерік берді.
«Қасиетті айда тілегім де, арманым да орындалды. Қайырлы жандарға алғаусыз алғыс білдіремін. Шыны керек, көкірегім сайрап тұрғанмен толқыныстан сөйлей де алмай тұрмын. Бастысы, осындай риясыз қуаныш әрбір шаңырақта орын алсын», деді Е.Серікбаев.
Қайырлы істің иелері мұнымен тоқтап қалмапты. Баспанаға қол жеткізгендерге басқа да тарту жасапты. Әрбір пәтерге асүйлік жиһаз бен ыдыс-аяқ, бір-бір мұздатқышты сый етіпті.
Іс-шара барысында ел ағаларының мұндай жомарттығына разы болған Ақмарал Донбаева ыстық ілтипатын білдірді. 10 баланың анасы қайырымды жандардың мұндай қамқорлығы бүгін үшін емес, болашақ үшін жасалған өрісті тірлік екенін сөз етті.
«Бүгін өзім үшін емес, балаларым үшін қуанып отырмын. Әрбір бала оңтайлы ортада, жайлы жерде өмір сүруі керек. Осы уақытқа дейін пәтер алу арман болды. Қазір сол тілеуіміз орындалып отыр. Балаларымның атынан, өзімнің атымнан ел ағаларына ризалығымды білдіремін. Сол кісілердің арқасында болашақтың 10 тұлғасы алаңсыз білім алып, жайлы жерде тұратын болды», деді А. Донбаева.
Іс-шара соңында пәтер иелері естелік суретке түсіп, Рамазан айында риясыз ризашылықпен тарқасты.
Жетісу облысы