– Зайгүл ханым, осыдан 25 жыл бұрын «Шеврон» компаниясы үшін Атырау полиэтилен құбырлар зауытының жобасын әзірлеп қана қоймай, оны іске асыруға жетекші ретінде келген кезіңізде сіз сияқты жергілікті мамандар жоқтың қасы еді. Ірі компанияның осындай аса маңызды жобаны сізге сеніп тапсыруына қандай жағдай септесті?
– Ол кезде мен Англияның Бирмингем қаласында бизнесті басқару мамандығын меңгеріп жүргенмін. Оқуымды бітіруге тақаған кезде «Шеврон» компаниясының Лондондағы өкілдігіне диссертациялық жұмысыма демеушілік қажет екендігін баяндап, хат жаздым. Ол уақытта «Шеврон» мен Қазақстан Үкіметі арасында мұнай саласынан басқа өндірістерге инвестиция тарту туралы келіссөздер жүріп жатыр екен. Оның ішінде «Шеврон» қарастырып отырған жобалардың бірі – жоғары қысымды полиэтилен құбырларын шығару зауытын салу да бар болатын. Өйткені компанияның тәжірибесі мен технологиясы жеткілікті ғана емес, «Шеврон Кемикал» компаниясы АҚШ-тағы полиэтилен құбырлар нарығының көлемді бөлігін иеленетін еді. Осыны ескере отырып, компания маған еліміздегі полиэтилен құбырлар нарығын зерттеуді ұсынып, диссертацияма демеушілік көрсететін болды.
Осылайша Бермингемдегі оқуымды бітіре салысымен компания мені Чикагоға жіберді. Нарықты талдау жөніндегі түрлі әдіс-тәсілді меңгергеннен кейін екі аптадан соң оралып, зерттеуімді бастап кеттім. Облыстардағы су басқару жүйелері, кәріз жүйелерінің механизмі, газ құбырларын тарту жұмыстары туралы зерттеу жүргізіп, зауыт салудың қандай артықшылықтары барына тоқталдым. 3 ай жазған диссертациялық жұмысым дайын болды. Оқуды тәмамдағаннан кейін осы жобаны жүргізуге шақырылдым. Төрт жыл бойы құбырларды АҚШ-тан әкелу және қалай дәнекерлеу керектігін түсіндіріп, оны құрылыс компанияларына ұсынып, көптеген техникалық семинар өткіздік. Сонымен зауыт салуға рұқсат алып, Атырауда осы кәсіпорынды 2003 жылы пайдалануға бергенімізді білесіздер.
– Елімізде жұмыс істеген жылдарыңызда мұнайлы өңірдің әлеуметтік өмірін жақсартуға көмек тигізе алдыңыз ба?
– Айта берсек, өте көп жұмыс істелді. Солардың біріне тоқтала кетейін. Атырауда туберкулезге қарсы аурухана болды. 1997-1998 жылдары инфрақұрылымдардың жағдайы мәз емес еді, аталған ауруханаға келетін су құбыры істен шығып, су көлікпен тасылатын. Атыраудағы әкімшілікпен жұмыс істеп, біз «Шеврон» компаниясының атынан Мексикадан құбыр әкеліп, олар бізге мердігер компания тауып беретін болып келістік. Сөйтіп ауруханаға 7 шақырым құбыр тартып бердік. Аурухананың бас дәрігерінің сондағы қуанғанын көрсеңіз.
Атыраудың жері сор, тұзды, әдеттегі металл құбырлардың жобалық «өмірі» қысқа болады. Қазір Атырауда ғана емес, жалпы елімізде, пластикалық құбырлар көптеп пайдаланылады. Сондықтан бұл зауыт еліміз үшін тиімді инвестиция болды деп айта аламыз.
– Сіздің өмірбаяныңыз, әсіресе әйелдер үшін қызықты әрі ерекше. Ангола, Кувейт, Нигерия сияқты елдердегі теңіз және жерүсті мұнай кен орындарын игеруге, қайта өңдеу зауыттарын жобалаумен бірге, АҚШ, Оңтүстік Корея, Индонезия мемлекеттерінде ілеспе газды өңдеу зауыттарын салуға араласыпсыз. Бұл кез келген маманға беріле бермейтін мүмкіндік емес пе?
– Бәрі де адамның кәсібилігіне байланысты дер едім. Өзім Атырау облысы, Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы Халел Досмұхамедов атындағы орта мектепті бітірдім. Мектептен кейін Мәскеудегі И.Губкин атындағы мұнай химиясы және газ шаруашылығы институтына оқуға түстім. Негізгі мамандығым – өндірісті автоматтандыру инженері.
Оқуымды аяқтаған соң Атырауда аз уақыт жұмыс істеп, кейін Теңіз мұнай кен орны ашылып, сонда жұмысқа орналастым. Өйткені 1993 жылы «Шеврон» Теңізді өз қарамағына алып, біз, жас инженер мамандар, сол уақытта түгелдей ТШО қызметкері болып шыға келдік. Компанияның еңбекке, өндіріске деген көзқарасы мүлдем басқа. Оның үстіне ағылшынша түсінбейміз. Тілмаштардың қызметіне жүгінуімізге тура келді. Білімнің жеткіліксіздігі айқын көрінді. Сол кемшілікті түзету үшін жұмысты тастап, ағылшын тілін меңгеру үшін Ұлыбританияның тіл мектебіне аттандым.
Мұнда тек тіл үйренгеніңнің бизнеске көмегі шамалы екенін түсіндім. Мысалы, бизнеске деген көзқарас кеңес өкіметінде басқа да, ал шетелдегі нарықтық экономикада мүлдем басқа. Сондықтан Англияда тіл меңгерген соң сонда қалып оқуды жалғастыруға шешім қабылдадым. Атыраудағы құбыр салу зауытына келген кезім де осы еді. Бұл өте сәтті жоба деп есептеліп, маған ендігі кезекте «Шеврон» компаниясының күрделі жобаларды басқаратын бөлімінен ұсыныс түсті. Ұсыныс бойынша мен енді Хьюстонға барып, әлі де тәжірибе жинап, одан кейін әртүрлі шетелдік жобаларға қатысуым керек болды. Енді, міне, 2004 жылдан бері «Шеврон» компаниясының халықаралық жобаларында жұмыс істеп келемін.
Мысалы, Нигерияда екі платформа салатын болдық. Біреуі – тікелей мұнай шығаратын 9 ұңғы, екіншісі – шикізатты ажырату және ілеспе газды компрессиялау мен құрлыққа тасымалдау қондырғылары. Бұл екі платформа да Кореяда Hyundai компаниясымен келісе отырып салынды. Сол жобаны Кореяда жүргізетін инженер ретінде екі жыл жұмыс істедім. Бұл платформалар әзірленген соң баржаға салынып, кемемен 45 күн тасылып, Нигерияға жеткізілді. Оларды орнатып, іске қостық. Бұдан кейін 2007 жылы Анголадағы жобаға қатыстым. Хьюстоннан жүргізілген жоба болғанымен, біз Анголаға екі-үш айға баруымыз керек болды. Бірінші жобада мұнай таяз теңізден алынса, екіншісінде мұнай өңдеу қондырғылары 500 метр терең теңіз бетінде орналасқан. Технологиясы мүлдем басқа болды.
– И.Губкин атындағы Мәскеу мұнай және газ академиясының өндірістік үдерістерді автоматтандыру мамандығына қазақ қызын қай тағдыр айдап барды?
– Бұл, негізі, әке-шешемнің берген тәрбиесіне байланысты болар. Олар оқуға, білімге өте үлкен мән беретін. Үйіміздегі жеті бала да – жоғары білімді мамандар, үшеуіміз – инженерміз. Ата-анамыз мамандық таңдауда балаларын қыз-ұл деп бөлмеді.
Қабілетің жетіп тұрса, инженерлік жұмыстың пайдасы зор. Инженерлікті де дұрыс түсініп алуымыз керек, бұл күні-түні басыңа каска киіп, құрылыста жүресің деген сөз емес. Оның ғылыми алғышарты бар әрі тұрақты жалақың да, мансап жолында өсетін жағдайың да болады.
Қоғамда әйел адамдар дәрігер, мұғалім, яки экономист болады деген қасаң түсінік бар. Ал Теңіз кен орнында инженер болып жүрген қазақ қыздары көп. Жалпы, кен орындарында, техникалық қызметте жүрген әйелдер елімізде баршылық, олардың үлесін статистикалық мәліметтерден байқап көруге болады.
– Осыншама ауқымды жобаларды атқара жүріп, Ұлыбританияның Бирмингем қаласындағы Астон университетінің бизнес-мектебінде оқудың сәті қай кезде түсті?
– Астон университеті жанындағы бизнес мектебінен магистрлік дәрежені мен 1999 жылы алып шықтым. Негізі, бұл – химия, биология, физика сияқты ғылыми мамандықтармен айналысатын университеттердің бірі. Университет жанындағы бизнес мектебі Ұлыбританияда танымал. Менің мақсатым – Батыстың бизнес жүргізу тәсілдерін түсіну. Жоғарыда атап өткенімдей, еліміздегі кен орнында инженер болу бір басқа да, осы біліміңмен Америка немесе Батыстың өзге елдерінде бизнестің негізін түсінбей, қызметпен айналысу өте қиын. Сондықтан бұл елге барғанымда тіл меңгерумен бірге, батыстық бизнес жүргізуді түсінуім керек болды. 6 ай тіл меңгерсем, 14 ай бизнес жүргізуді оқыдым.
– Нигерияның теңіздегі мұнай платформаларында жұмыс істеген екенсіз. Баржада айлар бойы ер-азаматтармен иық тірестіріп қызмет істеу қаншалықты қиын?
– Жалпы, мұнай саласында жеңіл жұмыс аз. Бір ай бойы табаның жерге тимей мұхиттың үстінде жүру, аядай каютада өмір сүру бірталай шыдамдылықты талап етеді, ол – мамандардың бәріне бірдей сын. Жауапкершілігі де бірдей. Жобадан қате кетсе де, оны орындаудан қате кетсе де адам өміріне де, қоршаған ортаға да, материалдық жағын айтпағанда, зиян ұшан-теңіз болуы мүмкін. Сондықтан командалық жұмыс өте маңызды. Сен әйел адамсың ба, ер адамсың ба – бірлесіп жұмыс жасау талабы өзгермейді деп есептеймін.
– Мұнай-газ саласында жүрген жылдарыңыздың ең жарқын сәттері дегенде не есіңізге түседі?
– Жұмысымның ерекшелігі сол – күрделі жоба аяқталысымен бір елде тұрақтап қалмай, әлемді шарлап, басқа жобаға ауысасың. Талай елде тұрдым, көптеген мәдениетпен таныстым. Білімім мен тәжірибемді байыттым. Осының бәрі өмірдің мәнін арттырып, адамның парасат-пайымын жетілдіре түседі деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айнаш ЕСАЛИ,
«Egemen Qazaqstan»