Кейде мен өзіме қазақстандықтардың басын біріктіретін ең басты фактор қайсысы деген сауал қоямын да, оған үнемі бірден-бір анық жауап табамын. Ол – Тұңғыш Президентіміз. Оның Қазақстан тарихындағы да, сондай-ақ, асыра айтқаным емес, барша адамзаттың тарихындағы да орны аса зор.
Нұрсұлтан Әбішұлының туған күні оның басшылығымен қол жеткеніміздің бәрін тағы бір бағалауға және әрине, Елбасымыз туралы ой толғауға түрткі болары хақ.
Елбасымызбен әрбір кездесуім менің жадымда жақсы сақталып қалды. Нұрсұлтан Әбішұлы біздің коммандиттік серіктестігіміздің алқаптарында бірнеше мәрте болды, мал фермаларын да аралап, шаруашылықпен танысты.
Ал, осының бәрі үлкен қиыншылықтарға ұрындырған 90-шы жылдары басталған-ды. Бұл құлдырау мен ақша тапшылығының кезі еді. Барлық экономикалық байланыстар үзілген. Бұған дейін біз жоспарлы экономикаға сүйеніп жұмыс істеп, жоғарыдан нұсқау күтіп дағдыланған едік. Кенеттен бізге ойламаған еркіндік тиіп, “Өмір сүргің келсе, қимылдай біл!” деген қағидаға тап болдық. Міне, нақ осы күрделі де күрмеуі қиын уақытта Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Президенті болып сайланды. Ол сонда өзіне тән үлкен батылдықпен және шешімділікпен қазынасы жұтаған мемлекеттің тізгінін қолына алды. Мен осы адамның кәсіпорындарға қайтадан жан бітірген, жұмыс орындары ашылған реформаларды қалай тамаша жүргізе алғанына әлі күнге таңғаламын.
Біздер, қазақстандықтар, Елбасының барлық ақыл-кеңестерін ісімізге нұсқау ретінде қабылдадық. Бүкіл мемлекетті, соның ішінде, әрине, аграрлық саланы да реформалау басталды. Осынау жаңғыртулар бүкіл қазақстандықтарды қамтығанымен, жер-жерде әртүрлі атқарылды. Кей жерлерде кеңшарлар ыдыратылып, шағын шаруашылықтарға бөлініп кетті. Ал, кейбіреулер дұрыс бағыт тауып, қолда барды сақтап қалды. Біз болсақ, өзіміздің бұрынғы “Новоникольский” кеңшарында алғашқы кездері қауымдастық құрдық. Міне, сол кезде біздің облысымызда болған Президент шаруашылық жүргізудің бұл түрінің бұрынғы кеңшардың бір түрі екенін атап айтты. Біз оның ескертпесіне бірден құлақ асып, көп ұзамай коммандиттік серіктестік құрдық.
Сол қиын жылдары Нұрсұлтан Әбішұлы адамдардан қиындықтарды еш жасырмады, оларға үйіп-төгіп уәде бермеді. Оның “Біз сіздерге жер бердік, соны пайдаланыңыздар да, 3-4 жыл шыдаңыздар. Содан соң бәрі оңалады”, деген сөздері әлі жадымда.
Президентпен кездесулер көңілге үміт ұялатып, бойға жылылық дарытып отырды. Біз оның сенімінен шығуға тырыстық. Әуелгіде өз қаражатымызға сүтті қағаз қапшыққа құйып шығаратын аппарат сатып алдық. Содан кейін 2 пресс орнатып, май өндіретін болдық. Одан әрі жарма өндіретін жабдықтар сатып алдық. Кейінірек, ауылда дүкен ашып, тауарларды ауылдастарымызға еңбекақы есебіне бердік. Бір сөзбен айтқанда, тірелген тығырықтан шықтық.
Президент біздің шаруашылығымызға тағы бір сапары кезінде ауыл тұрғындарынан “Жағдайларыңыз қалай?”, – деп сұрағанда оларды біздің облысымыз таратылмай ма деген сауал ғана толғандырған еді. Одан басқа мәселе туындамады. Және басқаша болуы мүмкін де емес еді. Нұрсұлтан Әбішұлы шаруашылықтың дамып отырғанын, адамдардың лайықты тұрмыс құрып, жұмыс істеп жатқанын көрді.
Мен Елбасымен осы кездесуге Новоникольскінің хорын шақырғаным есімде. Оған қатысушылардың бәрі менің белгі беруімді тосып, жүгері алқабының жанында тұрды. Нұрсұлтан Әбішұлына ауыл тұрғындарының онымен кездескісі келетінін айтқанымда біздің әртістеріміз ағаш ішінен қолдарына гүл ұстап, “Алтын алқап жайқалғанда” әнін шырқап шыға келді. Президент те қуанышты рай таныта, оларға қарсы жүрді. Сосын хорға қосылып, «Алқапқа жас агроном шыққанда» әнін шырқады.
Мемлекет басшысының біздің шаруашылығымызға сапарларының бірі кезінде “Мен бүгін өзімнің досыммен кездесіп тұрмын”, деген нағыз жанбаурар сөздері есімде қалды. Оның сол жылы лебізі маған зор рухани қолдау болды. Елбасына сол үшін зор алғысымды білдіремін.
Біздің Президентіміз қалыптасқан жағдайды өте жақсы біледі, алыс болашақты да болжай алады. Бағдарламаларды тамаша жасайды. Қараңыздаршы, қандай сәулетті Астананы салып берді. Мен онымен үш рет шетелдерде сапарлас болдым. Өзге мемлекеттердің өкілдерінің оған қандай құрмет білдіретінін мақтанышпен айта аламын. Бұған қол жеткізу оңай емес. “Мен – қазақстандықпын” десеңіз, шетелдіктердің “Ә, Назарбаев!” деп жауап беретіні одан бетер сүйіндіреді. Мұның өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың біздің Көшбасшымыз ғана емес, оның беделін бүкіл әлем мойындағанын, оны құрметтеп, ақыл-кеңесіне жүгінетінін білдірсе керек.
Бұған қоса, аграрий ретінде мені оның адамдармен жай ғана сөйлесіп қоймай, оларды толғандыратын мәселелерді көтеретіні сүйсіндіреді. Нұрсұлтан Әбішұлы біздің шаруашылығымызға келген кезінде адамдармен оларға түсінікті тілде сөйлесті. Өйткені, біздің Президентіміз қарапайым шаңырақтан шыққан және оны өзі де жасырмайды. Адамдар оған сенеді. Ал, біз оның айтқандарын жүзеге асыруға күш саламыз.
Енді, Елбасымыз Қазақстанды әлемнің барынша дамыған 30 мемлекетінің қатарына енгізу стратегиясын ұсынып отыр. Бұл – биік те игі мақсат. Біз оны жүзеге асыруға ұмтылуымыз керек. Президент бұрын да, бүгін де Қазақстан мықты да гүлденген мемлекет болуы үшін бәріміз тізе қоса жұмыс істеп, алға басуымыз керектігін айтып келеді.
Мен Нұрсұлтан Әбішұлына зор денсаулық, әрқашанда елдің және бүкіл дүниежүзінің саяси өмірінің асқар биігінде болуын тілеймін.
Геннадий ЗЕНЧЕНКО,
«Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің
бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері.
Солтүстік Қазақстан облысы.