Қоғам • 16 Сәуір, 2023

Талантты әншілер байқауы

508 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылордада талантты композитор Кеңес Дүйсекеев атындағы I халық­аралық «Туған жер» әншілер конкурсы өтті. Өнер жарысына Қазақстанның барлық өңірінен және Болгария, Польша, Армения, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қырғызстан елдерінен 28 әнші қатысты.

Талантты әншілер байқауы

Конкурстың алдында ұйымдас­тырылған баспасөз конференциясында облыстық мәдениет және спорт басқар­масының басшысы Мира Қазбекова бұл конкурс бастауын 2006 жылдан алатынын айтып өтті. Алғаш рет сол жылы композитордың 60 жасқа толуы­на орай ұйымдастырылған өнер сайысы аймақтық деңгейде өтті. Кейін әр 2 жыл сайын республикалық дәрежеде өтіп, талай дарынды жастардың өнердегі жолын ашқан ән бәйгесі биыл алғаш рет халықаралық ауқым алып отыр.

Байқау шарты бойынша Қазақ­станнан қатысатын талапкерлер бірінші кезеңде Кеңес Дүйсекеевтің бір әнін, екінші кезеңде халық әндері немесе Қазақ­стан композиторларының бір туын­дысын орындады. Шетелдік әншілер алғашқы кезекте композитор әнін, келесі кезеңде өз елінің шығармарын айтты.

Олардың өнеріне жергілікті композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рамазан Тайманов, Литва елінің белгілі продюсері Бируте Петриките, болгариялық маман Николай Теке­лиев, Қазақстанның халық әртісі Нағима Есқалиева, композитор Бейбіт Оралұлы, халықаралық конкурстар мен фестивальдер ассоциациясының мүшесі Қарлығаш Әбдікәрімова және композитордың ұлы Нұркен Дүйсекеев баға берді.

Аймақ басшысы өз сөзінде Қызыл­орда облыстық филармониясына Кеңес Дүйсекеев есімі берілетінін атап өтті. Дарынды өнер иесі туған өңірде былтыр 1000 орындық «Өнер орталығының» іргесі қаланған еді. Биыл қолданысқа берілетін орталықта концерттердің кәсіби әрі жанды дауыста көрерменге жол тартуына септігін тигізетін сим­фо­ниялық оркестрдің де тұсауы кесіледі, Ұлттық өнерге өлмес туындылар қосқан талант атындағы конкурста «Үміт» аталымымен Кенже Май­лыбай ма­рапатталса, өзбекстандық Мұса Мол­дабаев «Көрермен көзайымы», тағы бір жергілікті әнші Ақылбек Табынбаев «Туған жер» аталымын иеленді.

Конкурстың үшінші орны алма­тылық Алмагүл Батталиеваға, шығыс­­-қазақстандық Кәмила Талғатова мен болгариялық әнші Славея Ивановаға берілді. Екінші орын жүлдесі астаналық Айдын Жұмабаевқа, Ақтөбе қаласынан келген Азамат Бекбергеновке, қырғыз­стандық Абай Серіковке бұйыр­ды. Бірінші орын иегерлері болып ақтөбелік «Тамсан» триосы мен Польша әншісі Михал Качмарек танылды.

Қазылар алқасының шешімімен Сыр елінде тұңғыш рет халықаралық деңгейде ұйымдастырылған конкурстың бас жүлдесі атыраулық әнші Дана Мә­жи­товаға тапсырылды.

 

Қызылорда облысы