Медицина • 16 Сәуір, 2023

Иммун тапшылығы: үміт пен үрей

384 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Деректерге сенсек, АИТВ-ті (ЖИТС) жұқтырған адамдардың саны 90-жылдардың аяқ тұсында үш миллионнан асып жығылған. Ал бүгінде Жамбыл облысының өзінде АИТВ жұқтырғандардың саны 1 502 адамға жеткен.

Иммун тапшылығы: үміт пен үрей

«АИТВ немесе адамның иммун тапшылығы – иммундық жү­йе жасушаларына шабуыл жасай­тын вирус. Ол ағзаның қор­ға­ныс жүйе­сі­не жауап беретін T-хелперлерді жо­йып, олардың орнын өздерінің көшірмесімен толтырады. Вирус қанша көп тараса, адамның им­мунитеті де соншалықты әлсіз болады. Сон­дықтан ретровирусқа қар­сы терапия қабылдамаған науқас жиі сырқаттанады», дейді Жамбыл об­лыстық ЖИТС-ке қарсы кү­рес және аурудың алдын алу ор­та­лығының бас дәрігері Айбек Исаев.

Оның айтуынша, бойын дерт меңдеген азамат уақтылы емделмеген жағдайда АИТВ иммун тап­шылығы синдромына, анығырақ айтсақ, ЖИТС-ке ұла­сады екен.

«Бұл ауру әр кезеңде әртүрлі симптомға ие болады. Вирус жұқ­тырғаннан кейін алғашқы 2-4 аптада науқастың 40-90 пайызы өзін суық тигендей сезінеді. Дел-сал болып, тамағы ауырады, тоңады, денесі қышиды, ауыз қуысында жара пайда болып, лимфа бездері ұлғаяды. Тестің бәрі болмаса да, көпшілігі вирус арқылы бөлінетін антиденелерді анықтай алады. Жалпы, азаматтар әр жарты жылда немесе жылына бір рет ЖИТС-ке тест тапсыруды әдетке айнал­дыр­­ғаны жөн. Оның үстіне азаматтар тексерудің бұл тү­рінен тіркелген емханасы ар­қылы тегін өте алады», дейді дәрігер.

Мамандардың айтуынша, иммун тапшылығы вирусын ем­деуге мүмкіндік мол. Алайда одан толық айығып кету мүмкін емес. Ретровирусқа қарсы кү­шей­тілген терапия арқылы вирус жұқтырған пациенттердің өмі­рін 70-80 жасқа дейін ұзартуға бо­лады. Аталған терапия жасу­шадағы ақуыздарға әсер ететін фер­менттердің қызметін әлсі­ре­теді. Нәтижесінде, иммун тап­­шылығы ЖИТС-ке айналмайды.

Жамбыл облыстық ЖИТС-ке қарсы күрес және аурудың ал­­дын алу орталығының бас дәрі­гері А.Исаевтың айтуынша, ви­рус анықталған адам ең алды­мен ЖИТС орталығына барып тір­келуі керек. Есепте тұрған азамат­тар кепілдендірілген тегін меди­циналық көмек шеңберін­де рет­ровирусқа қарсы тегін ем ­алады. АИТВ жұқтырған ана­лардың балаларына арналған тағамдар мен дәрі-дәрмек тегін беріледі.

«Адамдар жақындасудың ал­дында сақтықты ұмытпағаны жөн. Ал сақтанбаған жыныстық қатынастан кейін күмәнданған жағдайда жақындасуға дейінгі және жақындасудан кейінгі про­филактика шараларын пайда­ланған ләзім. Ретровирусқа қар­сы препараттар тенофовир және эмтрицитабин деп аталады. Бұл әдіс вирус жұқтыру қаупін 90 пайызға дейін төмендетеді. Жалпы алғанда, емді жыныстық қатынастан кейін алғашқы 72 сағат ішінде бастап, дәрілерді 28 күн қабылдау қажет. Адамның бойындағы иммун тап­шылығы вирусы – үкім емес. АИТВ жұқ­тырғаннан кейін де өмір бар. Індет тырнағына ілінгендер де отбасын құрып, дүниеге перзент әкеле алады. Жақын адам дерт жұқтырған жағдайда кеудесінен итермей, қолдауға тырысу керек. Өйткені науқастың күйзеліске толы болатын ендігі өмірінде достары мен туыстарының қолдауы ауадай қажет», дейді А.Исаев.

 

Жамбыл облысы