Аймақтар • 17 Сәуір, 2023

Жаңаөзендегі жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

263 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жаңаөзендегі жарылыс орнында ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр, жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала ақпарат бойынша, үйінді астынан барлық адамдар шығарылды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңаөзендегі жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Зардап шеккен адамдардың барлығы үйінді астынан шығарылды. Бұл жөнінде өңір басшысы Нұрлан Ноғаев мәлімдеді.

«17 сәуір күні сағат 5:04-те Жаңаөзен қаласында екі кіреберісті 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйдің 2-ші кіреберістегі пәтерінде жарылыс болды. Болжам бойынша газ қоспасы жарылып, 150 шаршы метр аумақта кіреберіс құлаған, салдарынан 4 адам көз жұмды», деді Маңғыстау облысының әкімі.

10:45-тегі жағдай бойынша медициналық көмекке 13 адам жүгінген, оның ішінде 8 - бала. 6 адам ауруханаға жатқызылды, тағы 7 адам үйіне жіберілді. Жарылыстан үш пәтерге зақым келген. Үй газдан ажыратылды. Қоқыстар тазартылып жатыр.

Бұл ретте, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ауруханаға түскен тұрғындардың жағдайларын білді.

Қазір оқиға орнында ведомствоаралық комиссия жұмыс істеп жатыр, жарылыс фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Ауруханаға жеткізілген науқастар травматология бөлімінде жатыр, ал ауыр халде жатқандар жансақтау бөлімінде және қарқынды терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр, бір науқас санавиация қызметі арқылы облыстық ауруханаға жеткізілді.

«Марқұмдардың отбасыларына қайғырып көңіл айтамын. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына жаңа баспанамен қоса материалдық көмек көрсетіледі. Төтенше жағдайлар қызметіне көмек көрсеткен еріктілер мен қаланың қамқор тұрғындарына алғыс айтамын. Қазіргі уақытта үйінді астынан барлық адамдар шығарылды», деді Нұрлан Ноғаев.