Халықаралық шараны Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Қазақстан Респубикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен және Астана мемлекеттік қызмет хабының қолдауымен ұйымдастырады.
Конференция мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың, сервистік мемлекеттік аппаратты, жаңа саяси мәдениетті, азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қоғамдастық пен мемлекеттің әріптестігі мен өзара жауапкершілігі идеологиясын қалыптастырудың теориялық және практикалық аспектілеріне арналған.
Академия ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, ғылыми іс-шара түрлі зерттеу бағыттары бойынша өтеді.
«Конференция үш зерттеу бағытына сай өтеді: «Ашық үкімет», «Жаңа басқару мәдениеті», «Ашық диалог және әлеуметтік әріптестік». Шара барысында «Ашық үкіметті» енгізудің халықаралық және ұлттық тәжірибелері, «Цифрлық мемлекет» үлгісін қалыптастырудың негізгі аспектілері, мемлекеттік басқаруды бюрократиядан арылту мәселелері талқыланады. Сонымен қатар мемлекеттік басқаруды реформалау аясында мемлекеттік қызметші болмысының өзгеруі және мемлекеттің, бизнестің және үкіметтік емес ұйымдардың стратегиялық әріптестігі сияқты маңызды тақырыптар талқыға салынады», деді ректор.
Конференцияның мақсаты – мемлекеттік басқарудың өзекті мәселелерін талқылау және практикалық ұсыныстар әзірлеу. Шараға отандық және шетелдік сарапшылар қауымдастығы, ғалымдар, зерттеушілер, соның ішінде Академияның магистранттары мен докторанттары, мемлекеттік органдардың, бизнес құрылымдардың және азаматтық қоғам институттарының өкілдері қатысады.