Төтенше жағдай • 17 Сәуір, 2023

Төтенше оқиғадан 4 тұрғын қаза болды

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңаөзен қаласында төтенше оқиға орын алды. ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, қаладағы 2 қабатты тұрғын үйде жарылыс болып, тұрғын­дар қираған үйдің астында қалған.

Төтенше оқиғадан 4 тұрғын қаза болды

Алдын ала болжам бойынша тұрғын үйде газ қоспасы жарылып, 150 шаршы метр аумақтағы кіреберіс құлаған. Жарылыс салдарынан 3 пәтер қираған. Қазір тұрғын үй газдан ажыратылып, қоқыстар тазартылуда. Төтенше жағ­дайлар департаменті 56 жеке құрамын, оның ішінде 1 түсіру тобы және 9 техника, жергілікті атқарушы органдар 13 адам және 6 техника, жедел медициналық көмек 12 адам және 6 техника, Полиция департаменті 150 жеке құрам мен 10 техника, Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5548 әскери бөлімінің әскери қызметшілері және 2 бірлік техникасын жұмылдырды. Ауруханаға жатқызылғандардың бар­лығы травматология бөлімшесінде ем алса, жағдайы ауыр тұрғындар жансақтау және қарқынды терапия анестезиология бөлімшесіне жатқызылып, бір пациент облыстық ауруханаға жедел авиациялық тікұшақпен жеткізілді.

Жаңаөзен қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің хабарлауынша, қазір үйінділерді шығару жұмыстары жүріп жатыр. Содан кейін ғана апат орын алған үйдің жағдайына бағалау жүргізілмек. Бөлімдегілердің айтуынша, апат орын алған 12 пәтерлік үй 1977 жылы салынған. Бір кіреберіс орталықтандырылған газбен қамтылған. Жалпы ауданы 621 шаршы метрді құрайтын үй апаттық жағдайдағы тұрғын үй тізімінде емес. Үйінділерді сұрыптап, тексеріп болған соң сараптама жүргізілмек. Сондай-ақ жарылыстан зардап шеккен жақын маңдағы үйлерге жаңаөзендік кәсіпорындар көмектеспек.

Өкінішке қарай, апаттан қайтыс болғандар саны 4 адамға жетті. Оқиға орнында үйінді астында қалған барлық зардап шеккендер сыртқа шығарылып, үйіндіден тазалау жұмыстары жалғасуда. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Жаңаөзен қала­сындағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған отбасыларға жаңа пәтер бермек, сондай-ақ зардап шеккендерге орталық және жергілікті атқарушы органдар бірлесе отырып, барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.

– Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыра көңіл айтамын. Зардап шеккендерге және олардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіледі, жаңа тұрғын үй беріледі. Апаттық жұмыстарға көмек көрсеткен еріктілер мен қала тұрғындарына алғыс айтамын. Қазіргі уақытта барлық адам үйін­ділерден шығарылды, деді оқиға орнына келген облыс әкімі Н.Ноғаев.

 

Маңғыстау облысы