Әдебиет • 17 Сәуір, 2023

Өмір заңы: өлу не жеңу

319 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Сіз де тарихи роман, хикаяларды, билеушілер туралы шығармаларды аз оқымаған шығарсыз. Билеушілер туралы тарихи дүниелердің кей тұстары жаныңды түршіктіреді ғой. Қантөгіс, қатыгездік, көнбегенді жазалау... Тарихта қашан да солай болғанын аңғару қиын емес және қайталанып келеді. Біз ондайда «қажет жерінде қатыгездік пен қаталдық керек, десек те, адамның заңғар ұлылығын сен сағынышымен есепте» деген Төлеген ақынның сөзіне жүгінеміз. Бойын ұлы сағыныш, іңкәр сезім билемесе, мың жерден батыр, айлакер патша болсын, оны ер деп тануға, адам деп санауға бола ма? Бұл аса үлкен һәм ұңғыл-шұңғыл, жым-жыласы көп тақырып болғандықтан әр қырынан келу керек шығар, алайда біз оқыған Морис Симашконың «Жусан» хикаясынан осындай ой түйдік. Шығарманы орысшадан Әбілмәжін Жұмабаев аударыпты.

Өмір заңы: өлу не жеңу

Фото: ihsan.kz

Мысырды билеген Бейбарыс сұл­тан бұрынғы қыпшақ даласы, қазір­гі қазақ жерінен кеткенін түсіндіріп жат­паймыз. Хикаяда оның өмірін ұстап тұрған жалғыз-ақ сөз екені айты­лады. Жалғыз-ақ сөз мазасын алып, жүрегін суырардай сезімдерге бө­лейді. Өмір бойы сол сөздің мәнін аш­сам деген арманмен жүреді. «Көке» деген ең аяулы әрі қасіретті сөз еді ол үшін. Бейбарыстың тағдыры көке­сінен айырылған күні тереңдей түс­кен. Қыпшақ даласында қаннен қа­персіз, шамасы есі де толық кіре қой­­маған бала ауылын жау шапқан күні дұшпан қолына түсіп, құлдыққа сатылып кете барған. Есін толық білгендегі өмірі нанға таластан басталады. Бір құлдықтан екінші құлдық­қа, екіншісінен тағы бір қолға сатылып, теңіз асып, теңізден құрлық, мұхит асып тағдыр айдауымен жөнеле бе­реді. Қайда бара жатыр, кім әкетіп бара жатыр, білмейді. Тамақты аз үлес­тіргендіктен үнемі нанға тоймайды, құлдар арасындағы күрес содан туады. Бейбарыс болса, нанын тартып алу үшін қасындағы құлды не талдырады, не өлтіріп отырады. Иә, сіз сенерсіз, мүмкін сенбессіз, мен бұған иланам. Оның өмірі олай басталмаса, қаншама бек, билеуші, сұлтандарды өлтіріп таққа да отырмас еді. «Ол өз ғұмырында ата-ана көрмегеніне разы болатын. Олар тегі кісіні көңілшек те әлжуаз ететін жаман адамдар болса керек...

...Оның нанына әлдебір қол созыла берді. Ол шынжыр оралған жұды­рығымен қолға періп қалғанда, біреу­дің басы ескек үстіне сылқ етті, бұл басты да бір соқты. Ескекпен жылпылдап жып-жылы қан ақты». Бұл ке­ме астындағы ескекші құлдардың өмірінен үзінді. Осындай пиғылмен өскен баланың болашағын ойлаудың өзі қорқынышты болуы мүмкін. Бірақ бұл ондай болмаса, мұны бас­­қалар сөйтері тағы анық қой. Сон­дықтан тіршілік үшін күрес қашан да тоқ­тамаған... Бұл майдан көзге баттиып көрінбегенімен әлі де жүріп жатыр. Қазіргісі бұдан да жымысқы, көзге көріне бермейді, бірақ.

«Шыпыртқылы кісі мұның дым­қыл арқасын екі рет осып өтті. Ол әлі жұрттың қимыл ырғағын дәл тап­пай, бөгет болып отырған. Шыпырт­қы­лы кісілер әманда әділетті келеді...» дейді. Осы жолдардан сіз не түйесіз? Менің ойыма Бейімбет Майлиннің «Талағы» ма екен, әйтеуір бір шығар­масындағы оқиға түсті. Ашу-ызаға әбден булыққан күйеуінің алдына барып шабаланған әйел «ұр, ал, ұр» деп кесе-көлденеңдемеуші ме еді? Екеуі екі басқа дүние болғанымен, психологиялық ұқсастық бар сияқты. Әлгі жерде ескекші құл арқасынан осқанды қабыл көреді және әділетті санайды. Құлға тән қызық психология... Ойланатын, ойландыратын мінез-құлық емес пе? «Бастық адам ғой, үлкен адам ғой» дейтін кейбір оқиғаларды еске салады.

Өстіп кеме астында күн көрмей, қамшының астында ескек ескен құл, нан мен тамаққа бола басқаның жа­нын алуды әдетке айналдырған бола­шақ сұлтанның таққа дейінгі һәм тақ­тан кейінгі өмірінің бәрі тек қантөгіс пен қатыгездіктен тұрады. Бәрін сол қалпында сұп-суық ақылдың мұздай сәулесімен шешіп отырады. Ізгілік пен мейірімге жүрек қуаты жетпейді емес, жетеді. Оған салса, өз басы ке­теді. «Өмір ащы болсаң түкіріп тас­тайды, тәтті болсаң жұта салады» деген тәмсілді кезінде М.Мағауиннің бір шығармасынан ұшыратып едік. Бейбарыс та осы жолды ұстапты. Құлдықта жүргеннің өзінде топты жігіт арасында тәртіп орнатып, өзімен иықтаса бастағандарына тамағын беріп сыйлап, қапысын тауып, көзін құртып отырған ол үнемі осы сақтық пен «қырағылықты» тұмар қылып тағып өтеді. Тақ үшін күрес тіптен қанқұйлы. Онда дос, жанашыр, серік деген атымен жоқ. Бәрі қарсылас, бәрі дұшпан. Сыралғы қылмай қасың­дағыларды өлтіріп отыру – шарт. Өйтпесең, өлім өз басыңа төнеді. Билеу­шілердің «ерлік» жолының бір сипаты ғана бұл. Тағы бір сипаты – ха­лық үшін қылған еңбегі, салған меші­ті, жасаған қамқорлығы. Не деуге болады, бағасын парықтап алатын оқырманның өзі.

Маған салса ол жолды өмірі таң­дамас едім. Бірақ Бейбарыстан таң­дайсың ба, жоқ па деп сұрады ма? Ол олай етпесе нанға таласқан құлдар арасында-ақ өліп қалмас па еді? Ке­йін Құтыз сатып алғанда да солай. Бас­қа жолды таңдаса тағы өлім. Не өлу, не жеңу ғана тұрды алдында. Сіз қай­сысын таңдар едіңіз?