Аймақтар • 18 Сәуір, 2023

Жезкиік жөңкілген жыл

340 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы киік саны биыл 2 млн басқа жетуі мүмкін. Мамандар бұл өңірде ақбөкен кеңес заманында 350-400 мың бастан аспағанын айтады. Мемлекеттік қорғаудың нәтижесінде кейінгі жылдары есептен тыс көбейген киік даланың көркі емес, шаруаның дертіне айналып отыр.

Жезкиік жөңкілген жыл

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Орал популяциясындағы киік жыл сайын төлдер алдында Жәнібек ауда­нының Жақсыбай, Талов және Борсы ауыл­дарының аумағына шоғырланады. Қазір ақбөкеннің 90%-ы негізінен осы ауылдардың маңында жүр. Осыған байланысты шаруа қожалықтары мен жергілікті тұрғындар тарапынан шағым көп

 

Жақында Батыс Қазақстан облысы әкімдігінде осы киік санын реттеу мәселесіне байланысты тағы бір жиын өтті. Басқосуға Астанадан Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Ким, Ауыл шаруашылығы министрлігі Егін­шілік департаментінің дирек­торының міндетін атқару­шы Айхан Сұлтан, Орман шаруа­шы­лы­ғы және жануарлар дүниесі коми­тетінің бас сарапшысы Асқар Әбді­рах­манов, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы өкілі Ерлан Молдашев арнайы келді. Алайда жергілікті халықтың бірнеше жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі жуыр­да шешілмейтін сияқты.

«Батыс Қазақстан облысы ға­лым­­­дарының биологиялық негіз­­де­­месі бо­йын­ша киіктің біздің облысымыздағы оп­тималдық саны 500 мың бастан аспауы керек. Күні бүгіннің өзінде олардың саны 2 еседен де артып отыр. Биыл­ғы төлдеуден кейін 2 миллион­ға жетеді деген болжам бар», дейді Батыс Қазақстан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуанышқали Есімов.

ыва

Орал популяциясындағы киік жыл сайын төлдер алдында Жәнібек ауда­нының Жақсыбай, Талов және Борсы ауыл­дарының аумағына шоғырланады. Қазір ақбө­кеннің 90%-ы негізінен осы ауыл­­дардың маңында жүр. Осы­ған бай­л­анысты шаруа қожа­лық­тары мен жергілікті тұрғын­дар тара­­пы­­нан шағым көп. Мөл­шер­ден тыс көбейген жабайы жан­уар қазір төрт түлік малмен ара­­ла­­сып кеткен. Ал киік ішін­де түр­лі ауру тарағаны, ақбө­кен­нің кене­ге тала­нып, далада қан­сырап жат­қан кө­рі­­нісін жер­гі­лікті халық бейне­жаз­баға түсіріп, таратып, дабыл қағып жатыр.

2022 жылы 1 шілдеде Қазталов, Жәні­бек, Бөкей Ордасы және Жаңақала аудан­дарының аумағында 657 мың гектар алаңда «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты мен «Ащыөзек» мемлекеттік қаумалы ашылған еді. Ол жерде 78 адам қызмет етеді. Қазір резерват өз жұмысын бастаған көрінеді. Бірақ ол жерде ашық су көзі жоқ, сондықтан киік те ұзақ тұрақ­тай алмайды. Қазір мамандар резерват аумағынан су көздерін іздестіруде.

Қ.Есімовтің айтуынша, инспекция қызметкерлері, «Бөкейорда» резерва­ты, «Охотзоопром» мекемесі және Жә­нібек ауданының әкімшілігі бірлесе отырып, киікті резерваттың аумағына бағыттап айдамақ. Ол үшін түрлі кедергі, тосқауыл орнатып, адами ресурсты да пайдаланамыз деп отыр.

ыва

«Дегенмен киіктің биологиялық негіздемеде көрсетілген санынан күрт өсуі облыстағы ветеринарлық ахуалға кері әсерін тигізуі әбден мүмкін. Себебі жер тапшылығына байланысты киік үй жануарларымен тығыз араласып кетті. Сол себептен олардың бір-біріне түр­лі ауру жұқтыру ықтималдылығы артады», деді облыстық табиғи ресурстар және та­биғатты пайдалануды реттеу басқар­масының басшысы.

Бұл – әрине, жәй сөз емес. Батыс Қа­зақстан облысында ғана осы ширек ғасыр ішінде екі мәрте киік қырғыны болған. 2003 жылы елімізде 1 млн киіктен 21 мың бас қана қалған. Ал 2010-2011 жылдары Батыс Қазақстан облысында ақбөкен тағы да жаппай өліп, 12 мың жануарды жерге көмдік. Екеуінде де апаттың себебі пастереллез деген ауру делінді.

Ақбөкен Еділ мен Жайық арасына сыймай жатқанымен, бүкіл әлемдік, тіп­ті елдік өлшеммен қара­ғанда жо­­йылы­п бара жатқан жануар қата­рында тұр. Әлем бойынша киік по­пуляциясының 90%-ы Қазақстанда шо­ғырланған. Ал осы 90 пайыздың 90 па­йызы Батыс Қазақстан облысының оң­түс­тігіндегі 3-4 аудан аума­ғына жинал­ғанына не дерсіз?

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Андрей Кимнің айтуынша, киікке қатысты түйткіл шетел мамандарының да назарында тұр. Биыл ақпан айының аяғында СИТЕС-ке, Дүниежүзілік табиғатты қорғау одағының шартына және Жануарлардың қоныс аударатын түрлері туралы конвенцияға сай халықаралық және ұлттық сарапшылар онлайн байланыс арқылы елдегі киік санын реттеу мәселесін талқылаған. Халықаралық ұйымдардың сарапшылары мамыр айында талдау жүргізу үшін Батыс Қазақстан облысына келгелі жатыр. Одан кейін жұмыс тобы жыл соңына қарай бұл бағытта нақты шешім ұсынуға тиіс. Ал Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің былтыр 28 желтоқсанда шыққан бұйрығы бойынша елімізде киік санын реттеуге 2024 жылға дейін тыйым салынған.

«Сіздер әрдайым «халықаралық қауым­дастық не дер екен?» деп жалтақ­тай­сыздар. Біз мәселенің себебімен емес, салдарымен күресіп келе жат­қаны­мызға ондаған жыл болды. Шетелдік сарапшылар бір мәмілеге келгенше бәрі де кеш болуы мүмкін. Әр жердің өз ерекшелігін, табиғи жағдайын ескеру керек. Ойлап қараңыз, Батыс Қазақстан облысында киік саны биыл 2 млн басқа жетпек. Ал бүкіл облыста мәпелеп бағып отырған қой мен ешкі саны – 1,2 млн ғана. Ауыл халқының, шаруа қожалықтарының жағдайын түсініңіз: мал шаруашылығын дамытып, сол үшін несие алып, шығынға батып оты­рған фермерлердің жайылымы мен шабындығы оталып жатыр. Әлі күнге мәселенің шешілетін түрі көрін­бейді. Біз, осы жерде отырған маман­дар, ашын­ған ауыл халқына не айтамыз?», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдары­ның докторы Қазыбай Бо­зымов.

Бұл рас. Ауылдағы шаруалардың киік­тің кесірінен тартқан шығын есебі қайтпайды. Ол үшін мемлекет тарапынан өтемақы қарастырылмаған. Ауыл шаруашылығы министрлігінің егіншілік департаменті директорының міндетін атқарушы Айхан Сұлтанның айтуынша, шаруалар шығынын толтырудың жалғыз жолы – сақтандыру. Бірақ «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы өкілі Ерлан Молдашев «даладағы жа­йылым­ды сақтандыру біріншіден, шаруалар үшін өте қымбатқа түседі, екіншіден, ол жайылым киіктің кесірінен жарамсыз болғанын дәлелдеу өте қиын, бұл мәселеде сыбайлас жемқорлық қатері өте үлкен, оның үстіне сақтандырудың мұндай түрін халықаралық сақтандыру компаниялары қолдамайды», дейді. Осылайша, ауыл шаруасы өз қайғысымен оңаша қала бермек.

«Ақбөкен мәселесін тек тарихи тұр­ғыда қарастырып қана оңынан ше­­­шуге болады. Бұл мәселе қайдан шық­т­ы? Неге осыдан 30-40 жыл бұрын мұн­­дай мәселе болған жоқ? Өйткені киік­­тің бұрын жайлаған жері, бауыр бас­қан өлкесі Нарын құмы, Қамыс – Са­мар көлдерінің аумағы, Тайпақ даласы еді. Кейінгі ондаған жыл бойы ол жақ­та су азайды. Қамыс – Самар көлдері құрғап қалды. Ресей Федерациясы аума­ғынан Еділ өзенінен, Қараөзен мен Сарыөзеннен келетін су көлемі азайды. Мәселенің мәнін осы жақтан іздеу керек. Бұл жағдайды кешенді түрде қарастырмаса болмайды. Біз ақбөкеннің Орал популяциясының санын қалай реттеуге болатынын жан-жақты зерттеп, өз тұжырымдамамызды ұсындық. Алайда тиісті министрліктер тарапынан еш жауап ала алмай отырмыз», дейді ауыл шаруа­шы­лығы ғылымдарының кандидаты Та­былғали Сапаров.

Т.Сатқалиұлының «Былтыр Экология және табиғи ресурстар министрлігі, облыс әкімдігі өкілдерінің қатысуымен дайын­далған тұжырымдама бойынша не атқарылатын болды?» деген сұра­ғына Андрей Ким «барлық ұсыным ег­жей-тегжейлі зерттеліп жатқанын» ай­тып, «бірақ бәрібір дүниежүзілік қауымдастық пікірін ескеру керек» деп жауап берді.

«Кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысының далалық аймағында су тап­шылығы анық сезіліп отыр. Соның кесі­рінен шұрайлы жерлер азайып, қуаңшы­лық жайлап барады. Оңтүстік аудандарда су көзі азайған соң ақбөкен де солтүстікке қарай жылжи бастады. Су көздерін бар­лау арқылы киікті бұрынғы ареалына қайтаруды көздеп отырмыз. Шаруа­лар ақбөкеннің жа­йылы­м мен шабын­дықты таптап, егін өсіруге зиянын ти­гізіп отырғанын айтып, дабыл қағып жатыр. Бір­ақ киіктің ауыл шаруашылығына келтірген залалын өтеуге байланысты нақты әдістеме жоқ. Мұндай механизм әлемдік қауымдастық тәжірибесінде де қарастырылмаған. Киік аулауға рұқсат берілгеннен кейін оның дериваттарын өңдеу жайын әлі пысықтай түсуіміз керек. Сондықтан халықаралық сарапшыларды тартып, киік популяциясын реттеу­ге байланысты үшжылдық бағдарлама қа­былдауды жос­парлап отырмыз», дей­ді облыс әкімінің орынбасары Ержан Бал­таев.

Енді көп кешікпей киік төлдей бас­тайды. Орал популяциясының саны 2 млн басқа жетеді дейді мамандар. Бұрын әсем әнге, әдемі теңеуге ғана ар­қау болған ақбөкен кейінгі жылдары Ақ­жайық өлкесінде ащы айғай мен ашу-ызаға өзек болды. Кім кінәлі?

 

Батыс Қазақстан облысы